Елбасы Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады
Құрметті отандастар!
Баршаңызды мұсылмандардың қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!
Рамазан – адамзат баласын рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін ұлық та қасиетті айлардың бірі.
Ораза айттың шуақты күндерінде мұсылмандар бір-біріне айттап, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдіреді.
Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қуанышқа кенелту де – қасиетті мерекенің жарқын көріністерінің бірі.
Ораза айт – бір шаңырақтың астында ауызбіршілік пен келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін ынтымақ мейрамы.
Осы мызғымас құндылықтарымыздың арқасында біз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда қарқынды түрде дамып келеміз.
Қастерлі Қазақстан жерінде өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өркениеттер үндестігіне сүбелі үлес болып қосылуда.
Ораза айт мерекесіндегі игі істер исламның қайырымдылық пен мейірімділіктің, өзара көмек пен жанашырлықтың діні екенін айшықтай түседі.
Қасиетті мейрам күндері әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін.
Елімізде бірлік пен келісім салтанат құра берсін!
Ораза айт мерекесі құтты болсын!