Шалғай ауылдардағы ақпараттық дүмпу
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде қазіргі заманның ағымы мен талаптарына жауап беретін ауқымды жобалар мен халық игілігіне арналған жұмыстардың жүзеге асырылып жатқаны көңіл қуантады. Сондай ауқымды да игілікті істердің қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын айтуымызға болады. Бағдарлама аясында сәтті жүзеге асырылып жатқан жұмыстар біздің өңірден де анық байқалады. Айта кету керек, өткен жылы облыс көлемінде алғаш рет Жуалы ауданына қарасты алты ауылдық кітапханадан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Оның ішінде екеуі «Білім орталығы» ретінде жұмыс жасап отыр. Бұл жұмыстар облыс деңгейінде жақсы бағасын алып та үлгерді.
Биылғы жылы да бұл үрдіс өз жалғасын тауып, осыған дейін үш ауылда осындай орталықтар ашылса, кеше Сұрым, Ақтөбе, Бақалы ауылдарында үш бірдей ақпараттық орталық жабдықталып ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Сұрым ауылдық кітапханасындағы цифрландырылған ақпараттық орталығының салтанатты ашылуына аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы келіп қатысты. Қуанышқа ауыл тұрғындары да көптеп жиналды.
Алғашқы сөз аудан әкімі Н.Ергебековке берілді. –Қазіргі заманның талабы ақпараттық орталықтардың тиімділігін айқындап отыр. Сол себептен де бұл қуанышты оқиғаның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор деп білемін. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы межеленген басым бағыттардың бірі – цифрландыру мәселесі болатын. Осынау меже аясында елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, ел өңірлерінде жүзеге асырылып, бүгін біз тағы бір ақпараттық орталықтың ашылуына жиналып отырмыз.
«Кітап – білім бұлағы» дейтін болсақ, бүгінде кітап оқитын жастардың азайып кеткенін жасыра алмаймыз. Оған басты себеп – кітапханалардың заман ағымынан кенжелеп қалуы. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өткен жылы Б.Момышұлы, Т.Дүйсебайұлы, Жаңаталап, Талапты, Нұрлыкент, Күреңбел, Көктөбе, Қарасаз ауылдарынан ақпараттық орталықтар ашылғаны белгілі. Осы орайда жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы ретінде Бәйтерек, Көлтоған, Қарабастау ауылдарындағы кітапханалардан дәл осындай орталықтар ашу жоспарда тұр. Бұл орталықтың қызметі мен мүмкіндіктерін ауыл азаматтары толықтай пайдаланса берер пайдасы орасан зор болмақ.
Заман талабына сай әлемдегі дамыған елдердің кітапханасында ұсынылатын қызмет түрлерін қазақ қоғамына енгізудің өзі – жаңғырудың бастау алғанын айқындайды. Баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық тілей отырып ұрпақтарыңыздың білімді де білікті болуына тілектеспін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Одан соң орталықтың лентасын аудан әкімі Н.Ергебеков және ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Сәдіров салтанатты жағдайда қиды. Әжелер шашу шашып, құтты болсын айтты.
Мұндағы цифрландырылған ақпараттық орталықтың жабдықталуына 950 мың теңге жұмсалғанын, төрт компьютермен, т.б. қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн. Ауыл тұрғындарына «e-gov» электронды үкімет порталы арқылы 18 қызмет түрі көрсетіледі. Одан бөлек, бір бөлме балаларға арналып жабдықталып отыр. Бұл орталық пайдаланушыларға бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламасы аясында креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мол мүмкіндік бермек.
Дәл осындай цифрландырылған ақпараттық орталық Ақтөбе, Бақалы ауылдарынан да ашылып отыр, ондағы ашылуға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев қатысып, сөз сөйледі.
Нұржан МАНАСҰЛЫ