Шуда шаруашылықты  шалқытуға мүмкіндік мол  

Шу ауданына жұмыс сапарын  Қонаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастаған  Асқар Исабекұлы  елді мекендердің еңсесін тіктеу басты мақсат екенін айта келе, алда тұрған ауқымды жұмыстарды баян етті.

— Біз әрбір елді мекенді істерге іс таппай еріккеннен аралап жүрген жоқпыз. Мақсатымыз айқын. Қайтсек ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, табысын арттыра аламыз?! Міне, бізді толғандырған сұрақ осы. Шешімін тапқан да секілдіміз. Тек бірігіп еңбек етіп, облысымызда пилоттық режимде жүзеге асырғалы отырған «Ауылдық елді мекендердің әл-ауқатын көтеру»  жобасына белсене қатысу.

Ширек ғасырға жуық уақыт мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келемін. Өмірден түйгеніміз бен көргеніміз аз емес. Осы уақыт аралығында көзім бір нәрсе анық жетті. Біз тек қосалқы шаруашылықты дамыту арқылы ғана ауыл еңсесін көтеріп, тұрғындардың табысын еселеуге мүмкіндік бере аламыз. Ашығын айтайын, дәл осы жоба бойынша бізді ешкім міндеттеп, қалайда бітіруімізді талап етіп отырған жоқ. Бұл тек өз бастамамыз ғана. Егер облысымызда оң нәтижесін бере бастаса еліміздің әрбір аймағында жүзеге асырылатын болады. Нәтижесін бере бастады да. Мәселен осыдан бірнеше ай бұрын ауыл тұрғындарынан 100-ге жуық жоба болатын болса, қазіргі таңда жоба саны  2 мыңға жуықтады. Бірақ мұның өзі аз. Егер осылайша жоба саны арта беретін болса қаншама ауыл тұрғыны тұрмысын тіктей алар еді.

Жалғыз адам ешнәрсе тындыра алмайды. Сондықтан бұл ретте барлығымыз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Әсіресе ауылдық округ әкімдері әрбір ауланы аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың белсенділігін арттыру керек. Сонда ғана жұмысымыз өз нәтижесін береді. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол  беруге  болмайды, –деген Асқар Исабекұлы қосалқы шаруашылықтың жұмысын жандандырудың, коперативке бірігудің ұтымды тұстарын ауыл тұрғындарына талдап айтып берді.

Ауыл ақсақалдары да бұл жобаның тұрғындардың баянды болашағына бағыт сілтейтінін айтып, бір ауыздан қолдайтынын және көпшілікті белсене атсалысуға шақырды.

Жалпы Шу ауданында қосалқы шаруашылықты тұрақты табыс көзіне айналдырып, тіпті бірнеше отбасыны жұмыспен қамтып отырған азаматтар баршылық. Мәселен, Алға ауылының тұрғыны Аманхан Оңғарбаев ауласындағы 15 сотық жерге бау-бақша өнімдерін өсіруді қолға алған. Өз қажеттілігінен артылғанын сатылымға шығаратын көрінеді. Табысы да аз емес. Сол секілді Бірлікүстем ауылының тұрғындары да бау-бақша өнімдерін өсіруде бірнеше жылдан бері қолға алған. Бірлікүстем ауылының тұрғыны Дарын Қожаев соңғы бес жылда бақша өнімдеріне баса назар аударып, күнкөріс көзіне айналдырып отыр. Төрт баланың әкесі бүгінде қызанақ, қияр, картоп сынды бау-бақша өнімдерін ауласындағы 25 сотық жерге егіп, аудан нарығына шығарады.

Бірлікүстем ауылының тағы бір тұрғын Жайдар Серкебаев ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып, жылқы мен қойды бордақылау арқылы көл-көсір табыс тауып отыр. Ауласында жылқыларды бордақылауға да, сүтті биелерді саууға да арнайы орын дайындап қойған.

Жыл сайын 20 бас жылқы мен 100 бас қойды бордақылап, оны аудан орталығындағы көк базарға пұлдаймыз. Қазіргі кезде қорада төрт бас жылқы тұр. Ал, тамыз айында бордақыға байланатын жылқы санын бірден жиырмаға жеткізіп, төрт ай бойы оларға ерекше күтім жасап, қысқа қарай соя бастаймыз. Қазіргі кезде таудан алып келетін жылқы мен қойдың жем-шөбін әзірлеп жатырмыз. Оның үстіне жылқы етін нарықтағы бағадан едәуір арзан бағада сатудамыз,–дейді кәсіпкер.

Аймақ басшысының аймаққа жұмыс сапары аудан орталығындағы мәдениет үйінде өткен актив жиынымен қорытындыланды. Басқосу барысында әрбір елді мекенге арнайы барған жұмыс тобының жетекшілері ондағы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Өңір басшысы өз кезегінде ауыл әкімдерінен әр ауладағы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту, қажетті техника, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оған қажетті құрал-жабдық пен қаражат көлемі және ауылдықтардың жүзеге асырғысы келетін шағын кәсіпкерлік жобалары бойынша ұсыныстарының бар-жоғын сұрады. Өкінішке қарай, қойылған сауалға ауыл әкімдерінің ешқайсысы да мардымды жауап қайтара алмады.

Бұл жобамыздың нәтижелі болуы ең алдымен ауыл әкімдеріне тікелей қатысты. Өйткені, әрбір елді мекен тұрғындарымен жеке-жеке жолығып, ауласындағы ахуалын күнделікті көзбен көріп жүрген сіздер. Тек, қол астындағы мамандарын тиісті жұмысқа дұрыс бағыттап, бізге шынайы ақпарат берсе болғаны. Оған қоса, «Қарапайым заттар экономикасын» әрбір тұрғынға жеткілікті деңгейде жеткізулері қажет. Меніңше, ауыл әкімдері аталмыш жобаны әлі күнге түсінбей жүр. Бір ескеретін жәйт, аталған жоба арқылы жеке адамдардың емес, жалпы ауыл-аймақтағы тұрғындардың тұрмыс сапасы түгелдей түзелмек. Әлбетте, ол үшін әр ауладағы санақ жұмыстары шынайы деректен құрылуы тиіс, – деген Асқар Исабекұлы Шуда шешімін күткен мәселе көп  екенін айтып, тиісті азаматтарға нақты тапсырма берілді. Егер де олқылықтар тез арада ретке келтірілмейтін  болса, тиісті шара қолданылатынын да баса айтты.

Жұмыс сапарының соңында   Асқар Исабекұлы «Тасөткел» су қоймасына арнайы барды.  Қойманың жобалық сиымдылығы 620 миллион текше метр. Сеисмикалық тұрақтылығына байланысты қазіргі уақытта 480-500 миллион текше метр су жиналған. Су қоймасының жалпы ауданы-8 175 гектар. Бөгеттің ұзындығы-5, 850 шақырым.

Жалпы су қоймасының 27 мың гектарды суғаруға мүмкіндігі бар. Алайда бүгінде тек 13 мың гектар алқап қана суғарылып, миллиондаған текше метр су босқа жазық далаға кетуде. Себебі, Кеңес үкіметі тұсында пайдалануға берілген каналдардың тозығы жетіп, ағын су қажетті жеріне жетпей жатыр. Дегенмен өзекті мәселенің шешімін табатын күн де алыс емес. Асқар Исабекұлы су қоймасында болған кездесуде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, қоймадағы суды қалайда пайдамызға жарату керектігін жеткізді.

 

Мұсаев келгелі Мойынқұм жаңаша жаңғыруда

 

Қосалқы шаруашылықтың нағыз табыс көзі екенін шалғайдағы елді мекен тұрғындарына түсіндіріп, ынтасын ояту мақсатында күн құрғатпай шілденің шіліңігір ыстығында әрбір елді мекенді аралап жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жұмыс сапары Мойынқұм ауданында жалғасты.

Асқар Исабекұлы ауданға қарасты бірқатар елді мекендерге арнайы ат басын бұрып, ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу өткізіп, келелі кеңесін ортаға салды. Дейтұрғанмен мойынқұмдықтар ауладағы қосалқы шаруашылықты игеруге маңғазданып қарайтындай. Ауыл тұрғындарының айтуынша ауланы табыс көзіне айналдыруға мұнда қол байлап тұрған кедергі көп. Қайсыбір кездесуде болмасын тұрғындар ең алдымен жол, ауыз су, ағын су және жайылым мәселесін алға тартумен болды.

–Рас, кедергі бар шығар. Ешбірін жоққа шығара алмаймыз. Бір-ақ кейде облыстық әкімдіктің шешуге мүмкіндігі болмайтын мәселелері де болады. Мәселен, өздеріңіз сөз етіп отырған жол мәселесі. Егер білсеңіздер ауданды кесіп өтіп жатқан республикалық мәндегі жолға облыстық бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Дегенмен республикалық қазынадан қаржы бөлініп, қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы жылдары жол машақатынан да арылатын боласыздар.

Тек Мойынқұм ауданында ғана емес облысымыздың кез келген аймағында тұрғындарды толғандырған мәселе аз емес. Кезең-кезеңімен шешіліп  жатар. Біздің бүгінде баса мән беріп, айрықша назар аударып отырғанымыз қосалқы шаруашылықтардың жұмысын жүйелеу. Қалған мәселелердің барлығы екінші сатыда қалады. Енді тек ешқандай сылтау айтпай, жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуі үшін қолымыздан келген бар жағдайды жасауға тырысамыз,–деді Асқар Исабекұлы Бірлік ауылдық округінде болған кездесуде.

Ілгері басқан қадамды кейін тартып тұрған түрлі кедергілерге қарамастан табыстың кілті қажырлы еңбекте екенін ұғынғандар да баршылық. Мәселен, Бірлік ауылдық округінің тұрғыны Айткүл Әбілдаеваның қажырлы ерге бергісіз еңбегі көпке үлгі және зор құрметке лайық. Зейнеткер ауласындағы 15 соттық жерді тиімді пайдаланып, ақ жүгері мен 1 000 түп қызанақ еккен.

–Егер ағын су тұрақты келетін болса, тұрғындар жаппай қосалқы шаруашылыққа көшер еді. Бүгінде бау-бақша дақылдарын бір үміт, бір күдікпен егетіндер бар. Өйткені, су бір де бар, бір де жоқ. Өткен жылы ғана тары егіп табысқа кенелемін деген көршіміз дәл осы ағын судың келмеуі салдарынан шығынға батып, бар егіні қурап кетті. Сондықтан, ауылдан тысқары жерден 11 гектар жер алып, оған мал азығы мен бау-бақша өнімдерін егудеміз. Егер ауыл ішіне су келіп тұрса алысқа ат арылтпас едік,– дейді А. Әбілдаева.

Сол секілді ауласындағы 20 соттық жерге ақ жүгері, қызанақ, қияр сынды бау-бақша дақылдарын еккен Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Ерболат Құттыбаев та еңбегінің зейнетін көріп, мол өнім алатынына сенімді. Сонымен қатар мал шаруашылығын қатар алып жүрген шаруа жыл сайын сегіз жылқыны бордақылап, етін Шу ауданындағы сауда орталықтарына өткізеді екен. Отбасы мүшелерінің ешқайсысы тұрақты жұмыспен қамтылмаған Құттыбаевтар әулеті дәл осы қосалқы шаруашылық арқылы табыс тауып,  күнкөріс көзіне айналдырған. Ал, Жамбыл ауылдық округінің тағы бір тұрғыны Алмас Кенжебеков 10 жылдан бері бау-бақша дақылдарын байлықтың көзіне айналдырып, жинаған өнімін Қарағанды облысындағы тұрақты тұтынушыларына сатып келеді.

–Егер аулаңда 10 соттық жерің болса күзетшінің бір жылдық табысын бір ғана маусымда табуға болады. Ол үшін ең алдымен ағын су мәселесі түбегейлі шешіліп, тұрғындар суға тәуелді болмауы тиіс. Әйтпесе, ауылдықтардың қосалқы шаруашылықты қолға алуы екіталай. Міне, биыл да дәл осы ағын судың салдарынан бақшамдағы дақылдан түсетін өнімнің көлемі едәуір төмендеп, шығынға ұшыраудың аз-ақ алдында қалдым, – дейді Алмас Лесқұлұлы.

Ал, аудандық мәдениет үйінде өткен аудан активінде жұмыс күні қорытындыланып, ауылдық округтерді аралаған жұмыс тобының жетекшілері баяндама жасады. Баяндамашылардың сөзіне сүйенсек, облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасына сай ауылдық округ әкімдері тарапынан жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеген. Тіпті кейбір ауылдық округ тұрғындары облысымызда жүзеге асып жатқан жобадан мүлдем бейхабар болып шыққан. Түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Өз кезегінде сөз алған Асқар Мырзахметов кемшілікке кеңшілік болмайтынын қатаң ескертіп,  аудан әкімі Мәден Мұсаевқа нақты тапсырмалар жүктеді. Ал, Мәден Тоқтарбайұлы жұмысты жүргізуге мүмкіндігі жетпейтін ауылдық округ әкімдерін қызметінен босататын айтып, үш күннің ішінде барлық олқылықтың орнын толтыруға уәде етті.

Осы тұста айта кету керек, ауданға әкім болып Мәден Мұсаев келгелі көп нәрсе өзгергені жасырын емес. Шаруаларға қажетті ағын судың көлемін көбейтуді көздейтін каналдардың тазартылуы, бау-бақша өнімдерінің көптеп егілуі, тіпті кеңестік кезеңдегі дәуірдің қайта оралып, жүгері алқаптарының көбеюі сөзсіз көпке үлгі. Ол аз десеңіз, бүгінде Жаз-Атаның ауылында төрт түліктің саны артып, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Осылайша Мұсаев келгелі Мойынқұм жайнап, жаңаша түрленіп жатыр. Оны біз айтпасақ та ауыл тұрғындары тілге тиек етіп, әкімге алғыстарын жаудыруда. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы болса керек.

 

Жуалы ауданы жүрісінен жаңылмайды

 

 

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бірнеше аптаға созылған жұмыс сапары Жуалы ауданында қорытындыланды. Ауданға сапар барысында Нұрлыкент ауылдық округіне ат басын бұрған аймақ басшысы Асқар Исабекұлы тұрғындармен жүздесіп, талап-тілегіне құлақ түрді. Сонымен қатар қосалқы шаруашылықтың, коперативке бірігудің тиімділігі күн өткен сайын артып келе жатқанын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ал аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиында жұмыс топтарының жүргізген жұмыстары қорытындыланды. Жалпы аудан облыс орталығына жақын орналасқандықтан өңір басшысының  тапсырмаларын  мүлтіксіз орындауға  мүмкіндіктері  молырақ. Өйткені кейбір аудандарда қосалқы шаруашылықтан алған өнімді өткеру қиынға  соғып жатса, мұндағы шаруалар Тараз қаласына еш қиындықсыз сатылымға шығаруда. Және де аудандағы ірімшік зауыты  сүт бағытындағы кооперативтер қатарының көбейуіне көп септігін тигізуде. Атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ алда тұрған міндеттер екі есе көп. Жүктелген жауапкершілік жүгін абыроймен көтеру үшін ең алдымен ауылдық округ әкімдерінің сенімге селкеу түсірмей лайықты жұмыс жасауы қажет. Алайда кейбір ауылдық округ әкімдері әлі де арқаны кеңге салып, шаруасын ширата алмай отыр.

–Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтерудің бірден-бір жолы-үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықты дамыту. Осы мәселені барлық ауданда болған кездесулерде айтып келе жатырмыз. Біз ең алдымен әрбір ауланың тиімділігін есептеп шығаруымыз керек. Мәселен, Нұрлыкент ауылының тұрғындарының әрқайысы орта есеппен айына 40 мың теңге табыс табады екен. Бірақ, мұның өзі аз. Сол себепті қосалқы шаруашылықтан қаншалықты табыс табуға болатынын анықтап алуымыз керек. Сатып алуды, өнім өткеруді, жеке қосалқы шаруашылықтарды жақсы тұқыммен қамтамасыз етуді ойластыру керек. Бұл жұмыстың барлығын үйлестіретін ауылдық округ әкімдері. Түсінсеңіздер, біздің басты мақсатымыз-жаппай халықтың жағдайын көтеру. Осыны ауыл әкімдері дұрыс түсінбесе, есеп дұрыс қалыптаспайды,– деген Асқар Исабекұлы тиісті басқарма, аудан және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Тілші түйіні

 

 

    Міне, осылайша бірнеше апта бойы аудандарды аралап шыққан Асқар Мырзахметов ауылдықтардың әлеуетін көтеруге мықтап кіріскенін анық аңғартты. Және шалғайдағы шаруалардың мәселелері назардан тыс қалмайтынын сездірді.Бұл сөз жоқ, еңбек адамдарының еңсесін көтіріп, жұмысқа деген жігер бергені анық. Алдағы уақытта осы іссапардың қорытындысы шығарылып, күрмеуі қиын мәселер күн тәртібіне көтеріліп, талқыға түсетіні айқын. Сол сәтте алыстағы ағайынның жағдайы тағы жақсара түсетініне бек сенімдіміз.