Киелі кимешекті неге кимей кеттік? Кимешек кигізу салтын білесіз бе?
Келіннің ана атанған шақта кимешек киетінін білгенімізбен, оның өзінің жөн-жоралғысы болғандығы ұмытылып қалған. Ескі көздерден қалған әжелеріміз болмаса, бұл салт хақында шешіле сөйлетіндер де аз. Анығында кимешек-көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін қазақ әйелдерінің бас киімі. Бұл бас киімді өзге ұлттардың киіміне ұқсататындар да бүгінгі қазақ қоғамы арасынан табылып қалады. Қазақ анасының кимешек киюіне түрткі болған факторларға тоқталып өтсек: ең алдымен, Қазақстан жері күрт континенталдық климаттық белдеуге жататынын ескеру керек. Кимешек жаздың аптап ыстығы мен қыстың қатты суығынан, қатты жел мен шаң-тозаңның әсерлерінен қорғануда пайда болған киімнің бірегей пошымы десек те болғандай. Кимешектің негізгі ерекшелігі-адамның бетінің формасы ойылып қалдырылып, қалғаны түгелдей тігіліп, тек қана басты емес, әйелдің денесінің белуарына дейін түгелдей жауып тұруы. Мұны экологиялық жағдайы деп есептейік. Енді салт-дәстүр факторына тоқталсақ, кимешек-күйеуге шыққаннан соң киілетін бас киім. Оның өте көнеден қалыптасқан сакралдық мағынаға толы, тіл-көзден сақтайтын қорғаныс киімі екені анық байқала түседі. Халқымызда өте көнеден қалыптасқан дәстүрге сәйкес әйел адам шашын жауып жүретін болған. Қыз бала тақия телпек киіп, шашы жартылай ашылып, тіпті бұрымы сұлулықтың құрамдас бөлігі ретінде қаралатын болса,күйеуге шыққанда оның бәріне тыйым салынып, босанғаннан соң, тыймдардың саны да, түрі де көбейіп, шаш толықтай тұмшаланатын. Кимешектің пошымының қалыптасуына атап айтып өткен экологиялық һәм салт-дәстүрдің ықпалы болған. Сонымен қоса, көшпелі өмір салты, әсіресе көп уақыт салт атты жүрудің әсері айқындаушы фактор болуы да ықтимал.
Көші-қонмен жүрген қазақ әйелдеріне, жел өтінде қобырап кетпейтін, әр уақыт қайтадан байлап-оралмайтын (басқа киіле салатын) жинақы да шымыр бас киімнің түрінің қажеттілігі кимешек пошымының қалыптасуына түрткі болған. Мұндай бас киім басқа халықтарда кездесе бермейді. Кимешектің қырғыздарда, қарақалпақтарда және Қытай халық респубюликасының батысында мекен ететін салорларда кездесетіні климаттық, дәстүрлік ұқсастықпен және халықтардың этномәдени байланыстылығымен түсіндіріледі. Кимешек төбебен иықты қоса белге дейін түгел жауып тұратын тұтастығымен ерекшеленеді. Кимешекті киюі мен оның сыртынан шылауыш тартуы әр өңірде әр түрлі. Кимешектердің әшекейленуі әйелдердің жас ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік орнын аңғартады. Айталық жас келіншектерге арналған кимешектің бет жақтары кеңдеу болады. Қызыл, күлгін түсті жіптермен кестеленген жас келіншектердің кимешектері көздің жауын алады. Оның сыртынан шылауыш тартатынын да ескерейік. Ал мосқал тартқан әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тарлау келеді де, әдемі кестеленеді, бірақ әшекейленбейді. Кейде егде тартқан әйелдер кимешектерін ақшыл, сары түсті жіптермен кестелейді. Қарттар мен күйеуі қайтыс болған әйелдер кимешегін кестелемейді. Ал сіз білесіз бе, күйеуі өлген әйелдің кимешегін теріс кигізіп,асын бергеннен кейін ғана оң кигізетін салт болған. Кимешек қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты әртүрлі үлгіде болады. Әсіресе маржан тастармен әшекейленген Жетісу өңірінің кимешектері таңғалдырады. Найман руының қызай елінің кимешектері жағына және кеудесіне жарқыраған күрделі кесте тігетіндіктерімен даңқы шыққан. Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірлерінде кесте көп берілмеген. Есесіне моншақ, маржан, күмістен түрлі тастардан жасалған тағымдар қадаған. Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстауда кестелеумен қатар, түстері ашық маталармен, тоқыма ызбалармен шеттіктеген.Жиын-тойларға киіп баратын кимешектердің тігісін бойлай күміс тағымдар қадап,кеудесі мен жауырын бөліктерінің төменгі жақтарына шашақтар тіккен. Жас әйелдер жаулығына қатты каркасты қолданудың іздері Ақмола облысының қазақтарында байқалған.
Кимешек кигізу салты-дәстүрлі ортада келіншектің балалы болған күннен бастап киетін бас киіміне байланысты шыққан. Бұл салт үшін арнайы дайындықтар жүргізілген. Енесінің, абысын-ажынның көмегімен кимешекті пішіп, әшекей кестелерін өзі тіккен. Жас келін перзентті болып, ол қырқынан шыққанда енесі «сен енді санатқа қосылдың. Бұрын бала едің, енді ана болдың. Енді осы үйге толық мүшесің»,-деп келіннің маңдайынан сүйіп, батасын береді.Бұл жиынды келіннің енесі ұйымдастырады. Кимешек кигізген адам келіннің енесінен сый алады. Кимешектің ана мен баланың тазалығы үшін маңызы зор, көшпенді өмірге өте бейім. Әйел денесінің жылы, кіршіксіз болуына ықпалы зор. Жас әйел бала емізген кезде денесін төңірегіндегі кісілерге көрсетпеуі керек. Ондай қылықты қазақтар салақтық пен әдепсіздікке жатқызған. Кимешек сондай кезде кеудені көлегейлеп тұрады. Кимешекті үлкен аналар жақын тұтқан келініне «көзімдей көр» деп мұра ретінде де қалдырып отырған. Елге сыйлы, батыр ұл тапқан аналардың кимешектерін ырымдап сұрап алатын да жағдайлар болған. Кимешек- өте киелі бас киім. Ұлттың тазалығын сақтауды мұрат тұтқан аналар осы баскиімнің де аппақ таза болуын қадағалаған. Біз тұрмысқа шыққан қызға «орамалдың құтты болсын» ,-деп тұспалдап тілек білдіріп жатамыз, дәл сол секілді ана атанған әйелге де кимешек киюіңмен деген дәстүрдің мәнін діттейтін тілек айтуға әбден-ақ болады. Сонымен қатар, ғалымдар «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі » деп аталатын энциклопедияда «құсың құтты болсын»-, деген тілектің кимешек киген әйелдің құсқа ұқсауынан шығуы ықтимал деген болжам айтқан. Кимешектің пошымы, етек жағы құстың құйрығына ұқсайтынын негізге алған.
Дайындаған: Айнұр Төлеу