240 мың кемпірдің зары
Кәріліктің тас қараңғылығынан үрейлене қорқып, зәре – құты қашқандардың саны екі жүз қырық мыңнан асады. Думанды сүр бойдақтың «қызығын» артқа тастап, денсаулықтан әл кетіп, бүлдірген тірлігін бүтіндей алмай , сорлап қалғанына көкіректері қарс айырылады. Жастықтың қызуын жоғалтты, көңіл дерт, жан-дүниесі өрт. Түнді түнге ұрған тән қызуы жоғалды. Естен кетпейтін ескі досы да жоқ, қадірлейтін жаңа дос мың өл, мың тіріл енді табылмайды.
Шет елдің насихатымен желпінген, сайқалханалардың талайында тыртыңдап, ойнап-күліп, секірген, жетесіздікпен желпінген уақыт зым-зия тығылған жері бөлмесіндегі төрт қабырға, төрт бұрыш. Осылардың бәрі дүниеге бала әкеле тұрып, одан бас тартты, маңдайына жазылған қасиетті ана деген жақсы атты бағаламады. Қоқыстағы қаншама түсіктің ит-мысық көрді қызығын. Шарапқа тойып шалқыған, нашақорға елітіп құстай ұшып қалықтаған қарғыс атқан мезгіл, шетелдік жексұрын тәртіп-тәрбие сыйлаған елірме көңіл сап болған. Сүмбілдей сұлу болып өскен қазақ қыздарының он төрт пайызы балалы болуды мақсат етпеген де еді, тән саудасы, сайқалданумен ерлі-зайыпты атануға қолдары жетпеген еді. Сөйтіп, қадірлі өмірді судай сапырып рәсуа еткендер, енді жиырма-отыз жылдан кейін төстен айырылып, бір аттап жүруі мұң бола бастаған шақта жалғыз басты кемпірдің зарын төмендегіше күңірене шертері анық:
Жаратушы епті ғой,
Жалғыздық басқа жетті ғой.
«Күйкі болса да күйеу жақсы»,
Дегенді ұқпай кеттім ғой.
Мысық пен күшік қарасын,
Кім ұғар жанның жарасын.
Қоқыста қалған шарана,
Өзекті өртеп барасың.
Қабырғамды күйретті,
деп екі жүз қырық мың кемпір зары сай-сүйекті шымырлатар. Бір шіріген жұмыртқа деп әруақ үн қатар, тылсым судың, алдануы мен арбалудың қуанышы да, күйініші көп күндердің түндері ызғарлы. Сонда жан-жүрегі кімге наразыланарын да білмей аласұрады. Жападан-жалғыз қалғандарды туыс-туғаны да, қоғам да жарылқамайтынын кеш ұғып, тәлкекке түскен өміріне қарғыс арнайды. Байқампаз замандастары жанұя құрып, немере-шөбересін ертіп жүргенін көргенде, ішінде жатқан қызғаныштың қара мысығы улы тырнағы тырналап жанын қоярға жер таппайтынын қайтерсің. «Ақыл-есі түзу қалыңдығың болса, тартынба, нәрестелі бол!» деп ата-аналарының айтпағанын кінәлай ма? Оның есесіне «шашың жұлыңғыр, әкесіз бала тума!»-деп, қарғап-сілеген анасын айыпты көре ме? Оу, ер жетіп есейген соң әркім өз тағдырына өзі жауапты емес пе еді? Қайтеді, өкінеді, жер тебініп шет елдің сұм, жауыз насихатына еріп бойдақтықтың желікпе қызығы бес күндік екеніне ақылы жетпесе, кімге наз айтады? Айтса да, оны кім тыңдайды. Осылардың аналары:
«Егіз аттан жығылса,
Басын сүйер ағасы,
Жалғыз аттан жығылса,
Неге келер шамасы»,
деп үбірлі-шүбірлі болуды қақсаудай-ақ қақсады. Өш-қастығы бардай өзі ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптан безіп кеткен жоқ па? Абыройсыздық жолын таңдап жақ еті суалып, қан-сөлсіз беті қуарып, көзінің алды іріңдеп, сүйек, саяғы істен шықса, біртіндеп, қор болған денесіндегі әртүрлі дерт қажытып, имансыз өлем бе деп қорқынышқа берілген кемпірді кім ұғар? Бүгін құтырып, масығып жүрген қыздарымыз ертең осындай зұлмат тағдыр алдында күтіп тұрған жоқпа, дегенді есіне алса, жалғыздық қайғысын шекпес еді….
«Қыз отырып қалса – жұт, ұл шаңырақ көтерсе – құт» екенін есті ұрпақтың құлағына салып, ащы шындықты айтқаныма кешірім сұрайтын жағдайым жоқ. Өйткені, адам болып келдің өмірге, ұрпақ өсіріп, бақыттылықты қолмен жасауға тиіссің, жан-жануарлар да ұрпақ қалдырады… Кісі қанын жүктеген көрде тыныш жатпайды, жанын, рухын жадырататын жақсылық таңы атпайды. «Тесік моншақ жерде жатпайдының» заманы өткен. Сүрбойдақ қыздарымыздың қолы бақа басты болса да, ерге қолы жеткей!
Егеменді алып еліріп, әлемдік жұқсыз саясатқа желігіп, тоқсан мыңдай қыздарымыз шетелдіктерге тұрмысқа шығып кетіпті деседі. Шетелдік қулар қазақ қызына үйленіп азаматтық алып, жер мен байлыққа еншілес болуды ойлайды. Аралас некенің бақытқа жеткені некен саяқ. Ресейде 1,5 миллион қазақтарымыз тұрады, олар неке тәртібін ата-салтымен, бел құда, бесік құда заңымен жүзеге асырып отыр. Бір жігіт басқа ұлтқа үйленген жоқ, бір қыз басқа ұлтқа тұрмысқа шыққан жоқ. Сондықтан, осылай қатаң бақылауға алмаса, талай әйелдер қартайғанда зарланып қалуы әбден мүмкін. Ойлан, қазақ! Ойлан, қыздарым, қарындастарым!
«Qazaqstan Dauiri» газетінен
Табыл Құлыяс