Біздің дәуір суретшінің көзімен

немесе Астана күні қарсаңында ашылған көрме жайында бірер сөз

         Қай заманның адамы болмасын қамшының сабындай қысқа ғұмырын тыныштықпен өткізгенді қалайтыны белгілі. Соңғы уақыттардағы әлемнің берекесін қашырған түрлі оқиғалардан мезі болғанымыз жасырын емес. Ал қоғамдағы кез келген түйткілді мәселе өнер адамдарының, соның ішінде ақын мен суретшінің жүрегінен өтпей қоймайды екен.

       Ақын ойындағысын оқырманына өлеңімен жеткізсе, суретші салған-сызғанын көрерменімен бөліседі.

????????????????????????????????????

Бірақ та, ақынның өлеңіне қарағанда суретшінің бейнелегені әркімге әрқалай ой салады. Тіпті, түсінбей жататындардың көптігі таң қалдырмайды да. Жуырда Елордасы Астана қаласының мерекесіне орай Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Татарстан Республикасының Ғабдулла Тоқай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері, Франция көркем өнер академиясының күміс медалі иегері, Қытай Өнер академиясының академигі Камил Муллашевтың «Менің заманым» атты көрмесі ашылды.Туындыларының басым бөлігін Шығыс елдеріне арнаған қылқалам шеберінің «Ауғанстан» және «Сирия» топтамалары дүниежүзіндегі тыныштықтың бұзылып, тепе-теңдіктің үзілуін қарапайым түрде жеткізген. Өткеннің маңызды бейнелерін астарлап беру және символизм рухында жасалған стильдеу «Менің жаңаша қарауым»топтамасындағы заманауи туындыларының ерекшелігі десек қателеспейміз.  Көрменің салтанатты ашылуында автордың туындыларына жоғары баға берген Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай:

-Камил Муллашевтың есімі біздің елімізде де, шет елдерде де кеңінен танылған. Ол өзінің туындыларында балалық шағынан бастап бүкіл өмір жолын бейнелей білген. Одан бөлек, автордың шығармашылық жұмыстарынан қазақы бояуды, қазақы мінезді аңғаруға болады. Оның еңбектері сонысымен де құнды. Камил ағамыздың туындылары Ұлттық музейден орын алып, көпшіліктің көзайымына айналып жатқанына өте қуаныштымыз,-дейді.

D4S_3488-(1)   D4S_3499

Мәні зор, мағынасы салмақты көрмеге арнайы келген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та К.Муллашевқа шығармашылық табыстар тілей отырып:

-Мұндағы туындылардың қай-қайсы да адамның қызығушылығын тудырмай қоймайды. Камил ағамызды еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері ретінде жақсы білеміз. Арнайы шеберханасында да болғанмын. Оның туындылары расымен де жоғары бағаға ие. Камил Муллашев – қазақ бейнелеу өнері жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты суретшілердің бірі. Сондықтан да автор кез-келген құрметке лайық,-деген болатын. Сондай-ақ, бейнелеу өнерінің майталманы Камил Муллашевтың көрмесіне Ресей, Қытай, Татарстан елдерінің елшілері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнертанушылар қатысқанын айта кетейік. Бүгінде оның туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясының, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік музейдің қорларында, сонымен бірге, Қазақстанның жеке коллекцияларында және АҚШ, Франция, Германия, Лихтенштейн, Түркия, Қытай және т.б.  шетелдердің топтамаларында сақтаулы. Естеріңізге салсақ, аталмыш көрме жұмысы тамыздың біріне дейін, яғни, бақандай бір айға жалғасады  деп жоспарланып отыр.

Ермұрат ШОПАН