Қарапайым заттар экономикасы: қара халықтың қамын ойлаған жоба
Қарапайым заттар экономикасын дамыту тұрғындардың тұрмысын түзеудің бірден-бір жолы екені белгілі. Яғни, бақша баптап та баюға болатын бүгінгі бұқара түсіне бастады. Мемлекет басшығыс Қасым-Жомарт Тоқаевтың та ең басты ұстанған саясатының бірі осы.
Бүгінде Жамбыл облысында 1 миллион 125 мың адам тұрып жатса, оның 680 мыңы, яғни 60 пайызы ауылда шоғырланған. Енді халықты барынша тірлікке жұмылдырып, пайда табуға жетелеу үшін не істеу керек? Қолданыстағы бағдарламалар жылына орта есеппен 35-37 мың адамды ғана қамтиды. Ал қалғаны ше?
Әрине халықтың басым бөлігі ауылды жерде шоғырланғаны үлкен мүмкіншілік. Себебі, әрбір ауылдың ауласы – табыс көзі.
Бұның бірден бір дәлелі облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 43 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал сүт пен еттің 60 пайызы үй іргесіндегі төрт түліктен өндіріледі.
Бұдан бөлек, кейбір аулалардың табысы айына 500 мың теңгені құрап, жылына 4-6 миллион теңгеге жетіп отыр. Сонда бұл мемлекеттік қолдаусыз-ақ жасалып жатқан тірлік. Қажетті қолдау көрсеткен жағдайда, табыс ұлғая түсетіні тағы белгілі. Ал қазіргі уақытта облыс бойынша ЖҚШ-ның орташа табысы айына 25-30 мың теңгеден аспайды. Себебі – ұйымдастыру мәселелерінің, айталық, өнімді орталықтандырылған түрде сатып алудың, сақтаудың, алғашқы өңдеудің, тасымалдаудың, мал азығының жетіспеушілігінің, азын-аулақ қаражаттың болмауы көп нәрсеге қол байлау болып тұр.
Сондықтан да, бірінші кезекте қосалқы шаруашылықтарға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, тиісті қолдау көрсетсе, әлеуметтің әлеуеті артып, ауылдық ағайынның тұрмысы түзелері хақ. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайтудың барлығы табысқа жетелейтін жүйе.
Осы мақсатта облыстың 138 347 ауласыноблыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі тікелей аралап, Тараз қаласы мен Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларының көпқабатты секторларын ескермегенде, елді мекендердегі тұрғындардың тіршілігімен жіті танысты.
Нақты есепке сүйенсек, қазір 138 347 аулада 622 мың адам тұрады. Ауладағы құрылысты есептемегенде 18 060 гектар жер телімі бар. Оның 10 833 гектары пайдаланылса, 7 227 гектары игерусіз жатыр. Тіпті пайдаланып отырған жерлердің өзі төмен тиімділікті көрсетуде, сол себептен алынған өнім нарыққа шығуға қауқарсыз.
Малға келсек, тек 52 123 аулада ғана ірі қара, қой және түліктің басқа да түрі бар. Жалпы саны 1,3 миллион бас және 500 мың құс. Қалған 85 724 аулада төрт түліктің бір тұтағы жоқ.
Міне, осы мәселеге айрық мән аударған аймақ басшысы Асқар Исабекұлы аулалардан кооперативтер құру бастамасын ұсынуда. Осы арқылы шалғайдағы шаруалардың тірлігін шалқытып, жарты метр жерді де кәдеге жаратудың жолы ашылады. Осыны халыққа жіті түсіндіріп, бірігу береке бастайтынын аңғарту қажет. Сонда ғана ұтылғаннан ұтарымыз көп болмақ. Бұл әрине алдағы уақыттың еншісінде. Десе де басы тәп-тәуір басталған тірліктің жемісі мол болады деп сенеміз.
Төлен Дедек