Өмірге үшем келді
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ. Бүгінгідей демография мәселесі өте өзекті болып тұрған мына заманда өмірге егіз, қалаберді үшем әкелген аналарды қалайша «алтын құрсақты» ана демеске. Себебі, облыстағы бала санының туу көрсеткішіне едәуір үлес қосып отырған тұрғынның бірі – алты баланың анасы Эльвира Қожагелдиева. Отағасы Бақытжан екеуі бұған дейін Жұлдызай мен Алма есімді қызбала мен Зұлқарнай есімді ұлбала өсіріп отырған болса, Жақында ұл отбасының құрамы Ислам, Марғұлан және Аслан есімді шекесі торсықтай үш ұлмен толықты,- деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Облыстық перинаталдық орталықта 19 шілде күні босанып, Қаратөбе ауылдық округі, Бектөбе ауылында тұратын Жидебаевтардың шаңырағына шаттық сыйлаған Элвира жақында үйіне шықты. Үшем туған ананы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова құттықтап барды. Біз сол мезетте Үміткен Қапанқызын сөзге тартып, алтын құрсақты анаға аудан тарапынан қандай көмек көрсетілітінін сұраған едік. Себебі, элвираның айтуынша, күйеуі Бақытжан облыс орталығындағы бір құрылыс фирмасында автокран жүргізеді екен, өзі Тараз қаласындағы орта мектептің бірінде мұғалім. Айтуынша басында баспаналары жоқ. Бірақ, тоғыз жылдан бері тарихы мыңжылдықтарды құрайтын көне шаһарда пәтер кезегінде тұр екен.
– Негізінен біз бұл келіншектің жағдайымен бұрыннан таныс емеспіз. Өйткені, ол біздің ауданға қарасты ешбір емханаға тіркелмеген екен. Десе де, біз бектөбелік бір тұрғынның үшем босанғанынан хабардар болып, оның кім екенін, не істейтінін зерделей бастадық. Сол кезде анықталғаны, олар аталған ауылда әке-шешесінің қолында тұрып жатқанымен, мекенжай бойынша тұрақты тіркеуде Тараз қаласында тұр. Облыс орталығындағы жекеменшік «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектьеулі серіктестігінің Жамбыл филиалы емханасына жүктіліктің 12 аптасынан бастап қаралған көрінеді. Әйтсе де біз олар ауданымызда уақытша болса да тұрып жатқандықтан жағдайына алаңдаушылық білдірдік. Дәрігерлердің айтуынша ананың да, балалардың да денсаулығы қалпында. Бұл отбасы егер аталған ауылдық округте жер кезегіне тіркеуде тұрса, олардың үй-жай салуы үшін жеделдетіп жер телімін беру мүмкіндігін қарастырар едік, – дейді Үміткен Қапанқызы.
34 жастағы Эльвира Рысбекқызы сәбилер 34 апта 5 күн жүктілік мерзімінде кесар тілігі отасын жасау арқылы дүниеге келгенін, сол кезде олардың – 2 келі 746 грамм, 2 келі 300, 1 келі 961 грамм болғанын айтады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталықта 3000 аса сәби өмірге келіпті. Оның ішінде 86-сы егіз. Биылдыққа үшемнің өмірге келуі осы. Былтыр жыл аяғына дейін үш ана үшем туған екен.