Жомарт жандар жанымызда  

 

Тараз қаласында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болған азаматтар марапатталды, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Жалпы, жомарттық – жүректен. Десе де, осынау бір кез келген адамның бойынан табыла бермейтін мәрттік қазақтың қанында бар ізгі қасиет екенін ешкім жоққа шығара алмас. Бұл құнды қасиет өз болмысын жоғалта қойған жоқ. Ол бүгінгінің байларының да бойынан табылады. Оған елі ішіндегі нәсібін кәсіптен тапқан немесе тәуір  тұрмыс кешіп отырған азаматтардың атымтай жомарттығы дәлел. Олар туған ауылына немесе көрші-қолаң ағайынына жақсылық жасау арқылы жаны шын байлыққа кенеліп жүр. Өзінің адал ақы, маңдай терімен тапқан табысының жиынтығын өзгелермен бөлісу қазынан көздің құртындай көретіндердің ісі емес. Мұндайды қазақ «Жапалақ жамбасына басып жейді, ақ сұңқар жан-жағына шашып жейді» деп нақты баға берген. Десе де бір айта кетер жайт, әлеуметтік қайырымдылық шараларымен белсенді айналысып жүрген азаматтар қоғам алдында елеусіз қалса, бұл әділетсіздік болар еді. Осыдан екі жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел ішіндегі «Жомарт жүрек» атағына лайықты азаматтарды анықтап, оларға сыйлық табыстауды жолға қоюы – жақсылық жасауды көңілі қалап, көпшілікке қолұшын беруге дайын тұратын азаматтардың мәртебесін көтеру. Шу ауданының да әкімдігі астындағы атын түсіп беруге даяр тұратын жергілікті жомарт жүректі азаматтарды анықтап, құрмет көрсетуі елдіктің белгісі.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына аясында туған жерді түлетуге ат салысып, әл-ауқаты әлсіз топтарға көмек қолын созған азаматтардың ішінде

«Белбасар» заманауи спорт кешенінің демеушісі, Болат Оспанұлы Сауранбаевта бар. Ол «Жыл меценаты» аталымына ие болды. Аталған спорттық кешен күз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ауданның құрметі азаматы өзінің туған ауылына құны 350 миллион тұратын қос қабатты, 400 орындық заманауи спорт нысанын салып, ауылдағы ағайынға қайырымдылық жасаған болатын.

Елді мекендерді аббаттандыруға, алеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке»номинациясы бойынша Сағадат Нұрмағамбетұлы Мадалиев марапатталды. Әлеуметтік маңызы бар жобалар мен акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек беруде және қоғамдық маңызы бар шараларға демеушлік жасағаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын иеленген Серік Уәшұлы Асатов басқаратын ұжымның мерейі үстем болды. Ал, өзінің қаржысына көп балалы анаға үй алып берген Айдын Николаевич Жортаров «Жыл тұлғасы» номинациясымен марапатталды. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, елеулі оқиғаларда шет қалмай ерікті ретін елге еңбек етіп жүрген Еркін Төлебаев пен Қуат Ақбаев «Ерен еріктілік» аталымына лайық деп танылды.

Шарада көптің алдында жақсылық жасаумен аты шыққан атпал азаматтар Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық тапсырылды. Жиын соңында Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, еркін елдің аспаны әсем әнге бөленді.

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы