Жаңа бассейіннің қызығын балалар көруде

Тоқсан жылдан астам тарихы бар Сарысу ауданы облыстың ғана емес, баһадүр бабаларымыз мұраға қалдырған байтақ даламыздың да ажырамас бөлігі. Сонау КСРО дәуіріндегі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары құрылған аталған аудан осы кезеңге дейін небір нәубетті жылдар мен күрделі қиындықтарды, қалыптасу мен өрлеу кезеңін бастан өткерді. Кеңестік жүйе ыдырап, еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, өркениетке бет бұрғандағы қол жеткізген Қазақстанның жетістіктеріне Сарысу ауданының да қосқан үлесі зор. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқын алған аталмыш аудан халықтың рухани, әдеби, мәдени жағынан да толысып, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына да көңіл бөлуді назардан тыс қалдырған емес. Елбасымыздың дәстүрлi Жолдауларында бұқаралық спортқа, салауатты өмiр салтын қалыптастыруға көңіл бөлу басым бағыт ретінде қарастырылса, бұл тұрғыда сарысулықтар үдеден шығып-ақ отыр, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.  

Ауданда бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығының жақсаруы, аудан орталығы Жаңатастың ажары ашылып, келбетiнің көркеюі, жаңарған көшелер мен жарықшамдардың, гүлденiп, көкке оранған бақтар мен аллеялардың көз тартар көрінісі – жоспарлы жұмыстардың жемісі. Десе де, өңірдің түлеп, түрленуіне мемлекет қана емес, жекелеген азаматтар, ауданның бетке ұстар бизнесмендері де айрықша үлес қосып отырғанын айта кетуіміз керек. Мұндағы жан жадыратар жақсы істің жарқын көрiнiсiнің бірі – Жаңатас қаласының орталығынан жеке кəсіпкер Мэлс Бейсеновтың жоба құны 28 миллион теңгелік жаңа демалыс орнын ашуы. Ондағы бір мезетте 100 адамды қабылдай алатын, құдық суы арқылы толтырылатын бассейннің ұзындығы 15 метр, ені 10, ал тереңдігі 1,6 метр болады

Орталықта бассейннен бөлек, тынығу алаңы, көлеңкелі сая, ас қамдайтын жай, тапшандар орналасқан. Бірқатар тұрғынды жаңа жұмыс орнымен қамтып отырған орталық Жаңатас қаласының 50 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған «Туған жерге ту тік» бағдарламасы аясында іскер азаматтың белсенділігімен жүзеге асыпты.

Оның ашылу салтанатына Сарысу ауданының әкiмi Қанатбек Мәдібек, қариялар, аудан әкімдігінің бөлiм қызметкерлері, мекеме басшылары, халық қалаулылары, үкiметтiк емес ұйым өкiлдерi, кәсiпкерлер, жергiлiктi тұрғындар, жастар қатысты. Жиында Қанатбек Қайшыбекұлы демалу мүмкiндiктерiн жоғары деңгейде ұйымдастырып, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсетудi басты парыз санайтын Мэлс Пернебайұлына үдеден шығу жолында үлкен сенім артатты.

Біздің бір байқағанымыз бассейннің ашылуы балаларды қуанышқа бөлегендей. Өйткені мұнда балалар қауызы да бар. Кім біледі, жүздерi қуаныштан бал-бұл жанып, жотасын күн қақтаған бүгінгі қарадомалақтардың арасынан ертең суға жүзуден әлемді аузына қаратқан чемпиондар шығып жатса, ол да үлкен олжа.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы