Сарыкемер ауылынан Әлеуметтік ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының қолдауымен аудан орталығы Сарыкемер ауылынан әлеуметтік орталық ашылды, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Бас партия ғимаратының бос тұрған екі бөлмесіне ағымды жөндеу жұмыстары аудандық мәслихаттың депутаты, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сания Алтаева,  №3 Байзақ колледжінің директоры Мұхит Нысанбаев және облыстық кадрлық резерв мүшелерінің демеушілігімен жүргізілді.

Орталықтың ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев игілікті бастаманың маңыздылығын атап өтіп, оған қолдау  көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын айтты. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Айтқұлов аса мұқтаж отбасылардың қажетін өтейтін орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Аудан азаматтарының  кез-келгені аталмыш орталыққа қолдау көрсете алатындығын жеткізді. Ардагер Серік Балабеков  көпшілікті сауапты іске атсалысуға шақырса,  “Nur Otan” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова орталық жыл бойы жұмыс жасайтындығын, оған кез келген азамат басы артық киім-кешектерін, күнделікті тұтыну  бұйымдарын тапсырып, азық-түлік өнімдерінен де қолдау көрсетуіне болатындығын жеткізді.

Әлеуметтік орталықтың лентасы қиылған соң, оның жөндеу жұмыстарына атсалысқан мәрт азаматтарға аудандық ардагерлер кеңесі атынан Алғыс хаттар табысталды.

Партияның “Бақытты отбасы” жобасы және “Мектепке жол” акциясы аясында аудан  кәсіпкерлері мен жомарт азаматтар, еріктілердің демеушілігімен жиналған киім-кешектерді қажетіне қарай, тегін алған көпбалалы аналар ризашылықтарын білдіріп жатты.

Орталық аптаның сейсенбі және жұма күндері сағат 10.00-ден 12.00-ге дейінгі аралықта жұмыс жасайды.

Ілкімді іске мұрындық болған бас партия өкілдері қандай құрметке болса да лайық. Өйткені, қазір көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілгенімен, олардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға мүмкіндігі бар азаматтардың жұмылуы көпке үлгі тірлік. Сондықтан, байзақтық кәсіпкерлер мен елге белгілі азаматтардың көп болып  жұмылуы басқа аудан атқамінерлеріне де жұғысты болғай!

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы