ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР – табыс кепілі
Жамбыл облысындағы ең үлкен аудандардың бірі — Шуда ауданының экономикалық жағдайына қызығушылық танытып отырған инвесторлар аз емес. Нақтырақ айтсақ, ауданға инвестиция тарту бағытында еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы уақытта жалпы құны 300 миллиардтан асатын 7 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Олардың қатарында «TOO WINDHAN», «M-KAT-GREEN», «Sun solutions Kazakhstan», «SBS Grop-S», «A & T -Энерго» және «Синерджи Агро Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Аталған серіктестіктердің алғашқысы жел электр қуатын өндіріп, 90 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Бұл жобаның құны 550 миллион АҚШ долларын құраса, оның қуаттылығы 109-250 МВт құрайтын көрінеді. Бүгінгі таңда серіктестік бірінші кезең бойынша мемлекеттік сараптамадан өтіп, екінші кезеңде мемлекеттік сараптамадан өткізуге құжаттарын заңдастыруда. Ал, келесі «M-KAT-GREEN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алғалы отырған фото-электр станциясы Алға ауылдық округінде ашылмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін аудандағы Алға ауылдық округінен 500 гектар жер бөлінген.
Сонымен қатар, бизнес жоспардың жобасын жасау, қуаттылықты өлшеу бойынша схема құру, қоршаған ортаға әсерін тигізу бойынша бағалау жүргізу мен жобалық-сметалық құжаттама жасау бойынша жұмыстар және ел Үкіметімен электр қуаты тарифтерінің бағаларына қосымша келіссөздер жүргізіп жатқан «Sun solutions Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жобаларын жүзеге асырғанда 60-тан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отырған көрінеді. Бұдан бөлек, «A & T -Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта екі бірдей жобаны қолға алмақ ниетте екен. Қос жоба іске қосылғанда 30-ға жуық адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, аталмыш 7 инвестициялық жобалардың қатарындағы ең ірісі — «SBS Grop-S» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент өндірумен айналысатын жобасы. Жылына 1 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы бұл серіктестік толық қуатында жұмыс істегенде 400 адамды жұмыспен қамтиды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Шоқпар ауылынан 50 гектар жер телімі және «Смарт Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 2000 гектар жер алуға келіссөздер жүргізілуде екен. Сонымен қатар, «Синерджи Агро Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алғалы отырған жобаның жалпы құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрап отыр. Жалпы, инвестиция кез келген экономиканың «күретамыры» дейтін болсақ, ауданға аңсары ауған инвесторлардың көп болып тұрғандығы қуантады. Елбасының өзі барлық салалардың дамуына стратегиялық көзқараспен қарау қажеттігін әрдайым айтып отырады. Сол себепті, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру артық емес екендігі сөзсіз.