ОРТАҒА АБАЙДЫ САЛЫП ХАЛЫҚТЫ ТҰҚЫРТУ – БИЛІККЕ СЫН!

Өткен апта айшықты бір оқиғамен есте қалды. Ел сенім артқан азамат, екі бірдей президенттің үмітін арқалаған шенеунік, Абайды дәріптеймін деп даралап, барша қазақты «жалқау деп қаралап, жүйкесі жұқарған халықтың жүрегін жаралап» тастағандай әсерге бөледі. Негізгі ойы бұрмаланған, айтар сөзі кертартпалар тарапынан жұлмаланған азаматқа біздің де аяушылық сезіміміз оянды. Әйтсе де қазақта «Сөз ауыздан, отыз тістен шыққанша өзіңдікі, одан кейін ол өзгенікі» деген тәмсіл қалай тауып айтылған. Сол айтпақшы, «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге» тарап кете барды. Баяғыдай емес кінәмшіл, баяғыдай емес күмәншіл халық, биліктің атынан сөйлеуге хақысы бар шендіге өкпе-реніштерін әлеуметтік желі арқылы қарша боратты. Ел ішінде жүргендіктен қарапайым халықтың күңкілі мен дүмпуін біз де естідік. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» жұрттың, ақ жағалы атаулыдан көңілдері жиі қалғандықтан болар, сәл нәрсеге тыз етпе мінездері күшейіп барады. Оған кінәлі биліктің өзі! Жемқорлық пен парақорлық ушыққан, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер құлшынтқан,  тамыр-таныстықпен билік сатысына көтерілу – үдеген, «Бай – байға, сай –сайға құяды» деген қыжыртпа мақалдан қараша халық жүдеген кезеңде, билік дәлізінде екі жүзділер мен мансапқорлар салтанат  құрып, елге жаны ашитын азаматтар оларды қалқалап тұрғанда, қаймана қазақтың қай баласы шыдай алады?  Қазіргі қазақ қоғамы – шытынап тұрған айна тәрізді. Қай күні күлпаршасы шығып сынатынын тап басып айту қиын. Егер елдің қамын Едігедей ер шығып қорғамаса, «ләппай тақсырдың» бәрі далбаса.

«Халық айтса қалып айтпайды» ғой негізі. Бүгіндері әлеуметтік желіні пайдаланушылар арасында біреуге қара күйе жаға салу,  президенттерді өлтіре салу оп-оңай болып кетті. Арандатып, от салу да қиын шаруа болмай тұр. Тіпті Бірғаным Әйтімова фейк жасап, көпбалалы аналарға тіл тигізуге дейін барды. Бұған дейін айтқанымыздай, әлеуметтік желіні бұғаттау, арсыздыққа барғандарды құрықтау уақыт талабы екені даусыз. Өйткені халық пен биліктің арасына шоқ тастап, лайк жинау үшін арсыздық істер тиылар емес.
Сонымен елді  шулатып, рейтинг үшін  халықты ала тайдай тулатқан сайттар бір жасап,  «түймедейді түйедей» қылып көрсететін әлеуметтік желілер өз мақсаттарына жетіп жығылды. Бұл жолы сын садағына нысаны болған шенеунік кім еді? Ол ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Қырымбек Көшербаев. Ел басқару ісінде өте тәжірибелі, ұлтжанды, білімді азаматтардың бірі  еді. Қай қиынға салса да алмас кездіктей тесіп шығатын тұлға. Саясат пен дипломатияға да жетіктігі, алғырлығы бір төбе еді! Биліктің даңғыл жолында соңынан сөз ермеген санаулы ғана қайраткердің сойынан болатын.  «Батыр аңғал келедіге» салсақ, жауға кезенер жебесін, өзіне оқтап, «жаралап» алды ол денесін….
Бұл да үлкен сынақ еді аңдаса,  «қате болайын десе, быламыққа да тіс сынатынын» аңғармай қалғаны болмаса… елдің құрметіне бөленген азамат еді ол аса…
Ол ұлы Абайдың қара сөзін оқып, емірене, тебірене сөйледі. Сөйлегенде бүй деді: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар». Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик ақын Абайдың осылай басталатын 42 — ші қара сөзін таяуда әлеуметтік желілерде кең тарай бастаған Абай шығармаларының эстафетасында оқыды. Оқып қана қоймады, көптің көңіліне тоқыды. — Абай сынаған масылдық – бүгінгі қоғамның да дерті. Ол – қазақтың ең басты жауы деп айтар едім. Ағайын масылдықтан арылып, биліктен туысқан іздемей тәуелсіз болса, әлеуетіміз де, экономикамыз да мықты болады емес пе? Ұлы Абайдың өсиетіне адал болайық, — деді ол. Міне, осы болмашы ғана сөзі, көптің көңілінен шықпай қалды. Кей адамдар не айтқысы келгенін ұқпай қалды. Әлеуметтік желідегі аяқтан шалғыштар «Көпке топырақ шашқан» деп ұлардай шулады. Біз қолдамаймыз іріткі салушы ондай қуларды! Бұра тартып бұрмаламай, керіауыздарды жағаламай, әділдік сүйгіш халықтың атынан сөз алып, Қырымбек мырзаға бірнеше уәжді алға тартпақпыз. Осылайша «Өсер елдің баласы бірін – бірі батыр дейтінін» есіне салмақпыз!
Ұлы Абайдың заманы қазір алыстан қол бұлғайды. Ол заманда аттың майын бұлдаса, бұл ғасырда көліктер жетіп келеді, жол жиегінде тұрып қол бұлғаса. Қазір аттың майын емес, көліктің жайын сұрайтын кезең. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегіміз келеді ендеше. Сөзуарлық – биліктен жұққан бір кесел шығар. Қазаққа «Сынықтан басқаның бәрі жұққыш» қой. Осы күнге дейін айтылған уәделер мен орындалмаған құр сөздерден, бастамалар мен тың қадамдардан  халық та әбден шаршады. Кімнің көп сөйлеп, сөз аңдитыны осыдан –ақ көрініп тұр емес пе? «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» дейтіндердің наны жүріп тұрған уақыт қазір.  Өзін-өзі мақтап, болмағанды бойына таңып отыратындарды Абай наданның наданы, ләкин өзі адам емес деп бағасын береді. Данышпан атамыздың осы ойы тым қатал емес пе екен?  Өйткені өзін-өзі мақтап отыратындар мен өзін біреуге мақтатып отыратындар тек қана биліктегілер мен барлардың сүйікті ісі  секілді көрінеді бізге.
Абай айтқан қулық пен сұмдық, бүгіндері төменнен емес, жоғарыдан бастау алып жататыны кімге өтірік? Ол жайында тарқатсақ, таңды атырып, күнді батыруға болар. Бүгінгі қазақ жалқау болса, үлесінен қағылып, кім көрінгеннің соңынан сабылып жүргендігі бетіне шіркеу…әйтпесе атанжілік, апайтөс жігіттер қазақта жоқ деп кім айтар?! Иә, қазақтың ішінде жатып ішер жалқау да, өз ісіне мығым  алпауыт та бар. Ел ішіне іріткі салар бұзық та, қатарынан қара үзген озық та көп. «Абай қазақты сынап отырып өзінде аямайды кейде. Ал Қырымбек мырза болса, қарапайым қазақты ғана сыбап, өзіне жақын  билікті сынап кетуге де жарамды» деп халықтың көбі қапалы. Бұл да болса «Өзім деген ұлына, өзімсінген елдің назы болар…  « Құнанбай баласының билік пен мансапты мінеген қара өлеңі мен қара сөзі таусылып қалып па? Өзі су ішкен құдыққа түкіріп жолы болған басшы аз. Халық – құдайдың бір аты болса, құдайына шікірейген пенденің тәубәсіне келмесе дұғасы қабыл бола ма?» деп, көш  бастаған қара нардай ұлына әлеуметтік желі арқылы базына айтқан жанашырларының да жазбасын жеткізгенді жөн көрдік.

ШЕНЕУНІКТЕР ХАЛЫҚТЫ АБАЙША СҮЙСЕ БҮГІНГІ ҚҰЛДЫРАУ БОЛМАС ЕДІ….

Біздің ойымызша, Абайдың жоғарыдағы қара сөзі  жалпы адам пенделерінің іс-әрекеттерін, пейіл-ниеттерін, санасы мен сапасын мұқият ой елегінен өткізіп барып түйіндеген ойы секілді. Адам адамдар қоғамында жүргесін қалай болғанда да бір кісімен, не ойлары бір бағыттағы қоғаммен ниеттес болуы, соларды қорғауы, соларға тілектес болуы заңды нәрсе. Адам солай жаратылған. Абай өз заманынынан, қоғамынан дұрыс адамды іздеген. Солардың қайсылары қадірлеуге лайықты, жақсы көруге тұрады деген мәселені шешпекке тырысады. Содан барын байлар мен мырзаларға, болыстар мен билерге, кедейлер мен ғарыптарға мінездеме жазып, олардың іс-әрекеттерін сипаттап шығады. Абай бұларға тілектес бола алмайды. Көпшілігіміз неге жарлылар мен ғарыптарға тілекші болмасқа деріміз сөзсіз. Абай: «Ғарып-ғасар бейшараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жай бар,» – деп оларға сенімсіздік білдіріпті. «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалменен боламын деп… момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым,» – деп, қортындылайды. Біз момын бай деген сөзді өзінің адал еңбегімен дәулет құрап, бай атағын алғандарды айтып отыр дейміз. Абай бұл сөзінде жарлыдан көрі момын бай «дұрыс адам» моделіне (өзінің көкейіндегі) келіңкірейді дейтін секілді. Абай түсінігінде кедейлік – кедейдің өз жалқаулығынан, өз талапсыздығынан, өз надандығынан. Момын байдың дәулеті адал еңбектен құралған. Абай осы сөзін адал еңбекті марапаттау үшін жазған секілді.
Бүгінде қазақ баласы технологияны меңгеріп жатыр. Зулап аққан күндердің «қанатынан ұстап», қияларға самғап жүр.  Бұл жетістік емес пе? Қазақты жалқау, масыл деуге де бұлтартпас дәлел мен жалтартпас өрелі ой керек. Жердің асты мен үстінің байлығы таразығы тең  тартылар күн туса, қазақтың да бойындағы көптеген кемшілік те жоғалар.  Қарап тұрсақ жалқаулық пен масылдық, қазақтың ғана емес, қай ұлттың да пешенесіне жазылған екен – ау…
Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың мына жыры да мақаланың орайына келіп тұр.
Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
Қазақтың жанашыры – қазақ қана…
Орыс әдебиетінің алтын ғасыры туғызған ақын –жазушылардың орыс дворияндары мен мұжықтарын сынамағаны  кемде — кем? Соны оқып тұтас орысты масылдық сананың құлы деуге аузыңыз бара ма? Демек, ұлылар өз халқының кемшін тұсын сынау арқылы, тұтас ұлтының қадір-қасиетін аспандатып отырған.
Осындайда мына бір мысалды айта кеткен жөн секілді.  Бір күні Ыстанбұлдың әуежайында бір қазақ жапон жігітімен кездесіп қалыпты. Сонда қазақ қарап тұрмай жапонды былайша әңгімеге тартыпты. Қазақ: — Сіздерге қатты тамсанамын. Өте алғыр ұлтсыздар. Осы әрбір он жапонның тоғызы ақылды, бірі ғана надан шығар, ә? Жапон: — Ақылдылар бізде емес, сіздерде көп. Мысалы, он жапонның тоғызы надан, біреуі ғана ақылды. Ал, қазақтың онының тоғызы ақылды, біреуі ғана надан. Қазақ: — Ендеше неге біз артта қалдық та, сіздер дамып кеттіңіздер? Жапон: — Мәселе мынада. Біз — жапондар әлгі тоғыз наданға бір ақылдыны басшы қып қоямыз. Ал, сендер — қазақтар әлгі тоғыз ақылды қазаққа бір ақымақ қазақты басшы қып қоясыздар – депті. Астары терең пәлсапа болса да, айызды қандырар тұспалы көп…
Ақын, сәулетші, қоғам қайраткері Сайын Назарбекұлы «Абайдың қара сөздері» атты мақаласында Абай даналығының қыры мен сырын керемет таразылапты. Абай заманында жер бетіндегі әрбір мың адамның бірі қазақ екен. Біздің заманымызда жер бетіндегі әрбір үш жүз адамның бірі қазақ. Абай сол заманда кейбір елдерде үш миллион халық тұратын қалалар бар, дүниені үш айналып көріп, танысып шыққан адамдар бар. Қазақ сол дәрежеге жете алар ма екен деп уайым етеді. Қазақтар қашан өнер мен малды түзден түзу жолмен іздейтін күнді арман етеді.
Абай өз сөзінде  замандастарының бірін-бірі күндеуі, аңдысуы, жауласуы, ұрласуы жер жүзіндегі жұрттың қоры болғандықтан, істеп отырсыңдар деп ширықтырады. Абай әлгіндей адамдардың басқа елдерде де барын, олардың да елдеріне жақпас әрекеттері бар екенін білмеді деймісің? Жеңіл ойлайтын кейбір қазақтар, әсіресе, шет елдерде оқып, шет ел азаматтарымен көбірек араласатындар Абай әлемге қазақты жаман етіп танытты деп ренжиді. Олар Абай ойларын толық өз болмысына сіңіруге тырыспай, Абайдың қазақ халқының ары мен зарының жоқтаушысы екенін мойындай алмай  қара сөздердің әріптеріне мән беріп, кәдімгідей тулап жатады. Осы сөздерді жазарда Абай, алдымен, қатты ойланып алған секілді. Жалпы адам баласының жер басып тіршілік етіп жүруі үшін, тіршілікті саналы, сапалы өткізуі үшін, адам пенделеріне не керек екенін түгендеп шықпақ болған болар. Содан кейін екінші сөзінде Абай қазақтарды басқалармен салыстырып алады. Кемшілігін көзіне шұқып тұрып көрсетеді. Арына тиеді. Үшінші сөзінде арызшылсың деп бетін қызартса, төртінші сөзінде күлегешсің деп келемеш етеді. Бесінші сөз қазақтың кейбір мақалдарын сынауға арналса, алтыншы сөз – қазақ жалқауларының еншісі. Қалған сөздерінде де қазақ халқының мінезі осылай, құлқы осылай деп қатты сынға ала отырып, тұтас саналы адамзат бойындағы бар кемшіліктерді теріп шығады.
Ендеше ол дәуірдегі қазақ пен бұл замандағы қазақтың да ой-өлшемі екі бөлек.  Абай дәуірі Патшалық ресейдің үстемдігіне тәуелді еді, әскерге  жұмысқа алмаса, басқаша жұмысқа жолатпаушы еді.  Жалқау қазақ – мал бағатын. Мал болмаса Абай секілді байларға жалданып жан бағатын.  Бүгінде қазақ тәуелсіз. Азаттықтың ауасын еркін жұтып, масайрап жүр. Жалқауы да, аңқауы да, айтаққа ергіш марғауы да жетерлік. Бірақ тұтас қазаққа сын айту, одан қалса мін тағу ел билеген азаматтарға тән қылық болмаса керек. «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деп Асқар Сүлейменов бекер айтпаса керек-ті.
Біреу Абайды байшыл дейді, біреу кедейшіл дейді. Абай байшыл да емес, кедейшіл де емес. Ол адамдардың (қазақтардың) адал еңбекке құмар болуын, кісілік қасиетті бойына жинауын, талапқа құмар болуын тілейді. Абайға момын бай талапсыз жарлыдан әлдеқайда жақын.
Ендеше Абайдың қара сөзі арқылы қалың елі қазағын тұқырту, сынап –мінеу Қырымбек Көшербаев секілді өрелі азаматқа мін емес пе деп «ұстарасыз аузына мұрты түскен» ағайыны өкпелі.  Өкпені  де дана қазақ, Абай данышпан айтқандай «Сүйер ұлың болса, сен сүй – сүйінерге жарар ол» деп, өзімсінген дарасына ғана айта білген. Ендеше қалай болғанда да Қырымбек бауырым аз жылда Қызылордасын әлемдік қалаға айналдырған мықтының өзі, ғой. Мықтылығын мойындайық!
Абай барлық адамдарға дос болуды уағыздайды, ал қазақтарға «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі –  бос» деп ескертеді. Егер адамдар, Абай ойлағандай дәрежеде адамдарға деген сүйіспеншілік сезімге иелік ете алмаса, адам өміріндегі, бұ дүниядағы басты қатесі де сол болатын болар… Қамшы сабындай қысқа өмірдегі аз ғана ләззәт үшін, сәл ғана мақтаныш үшін, жұрт көзінше тәуір атану үшін мәңгілік атты мекенді ұмытып жүрген жоқпыз ба? Солай болса, қандай қорқыныш бұл…

«Қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді»

Абай – ұлылық өлшемі! Тектілік – символы. Абай – бір қазақтың емес әлемнің ойшылы. Абай ойларына, Абай әлеміне саяхат жасамақ болғандардың бір мойындауға тиісті ақиқаты болуға тиісті. Ол – Абайды түсінудің сан сатылы болатыны. Өйткені осындай саяхатқа шыққандар білімі мен зердесінің, табиғи болмысы мен тәрбиесінің жобасына байланысты тек қана өз дәрежесіне дейін көтеріле алмақ. Олай болса ел тізгінін ұстаған азаматтар, Абайды ұлықтаймын деп  жүріп, халықты құрықтап жүрмесін дейді қараша жұрт.
Халқының пікірімен санаспаған, оларды мазақ етіп аластаған патшалардың ақырының немен біткенін кәрі тарих бізге тізбектеп жеткізген. Қарап отырсақ біздің биліктің басындағы кей азаматтар, ел-жұртына сын айтамын деп, бұқараның қалауын да ескермей кетеді.  Мысалы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардың жөн-жосықсыз ауруханаға жатуға құмар екендігін сын – тезіне алуы-дүйім жұрттың ашуын келтірді.  Ел арасында жүргесін, күбір –күбір әңгімелер бізге де жетіп жатады. Оларды жоғарыға жеткізу бізге –сын! «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» дейді қазақ. Осы тәмсілге салсақ, біздің биліктің басында отырған шенділердің көбі баяғыда -ақ «аруаққа»  айналып кетер еді. «Біздің қазақ жұмыс істегісі келмейді, аурухананың тегін тамағын қалайды» деген пікірді қалыптастыру ұлттық кодқа қатерін тигізер ауыр сөз! Біреулер сондай мінезді болса, нақты деректі айтуы лазым. Жалпы ұлт атауын надандық мінмен қоса қолданбауға шенеуніктерге  кеңес береміз. Үй артында кісі бар демекші, қазақ тілін білетін шетелдіктер көп қазір, осындай сөздерді жинап, кейін бетке салық қылса қайтеміз. Тағы айтамыз, надандық қасиет адам баласының бәріне тән құбылыс, оны тек өз ұлтынан ғана көру — басшының Ұлтқа деген көзқарасын айқындай алмайды? Онда қалай көгереміз? Өзімізді өзіміз жаттай сыйламасақ, біз кімге керек болармыз?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та халықшыл тұлғаның бірі еді. Соңғы уақыттары халықтың емес биліктің сөзін сөйлеп кетті деп қалың қазағы өкпелі. -Әрине бюджеттің әр тиыны санаулы. Оны тиімді пайдаланған дұрыс. Алайда АӘК – ті «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салар» дегізбей, халықты да жік-жікке бөлгізбей, өмір көрген, ел мен жер көрген, талай лауазымды қызметтерде  ел игілігі үшін еңбек еткен тұлға ретінде министрлік атынан, Ата заңға Қазақстандық әр шаңырақта туған балаға ешқандай табыс көзін есептемей –ақ, кәмілеттік жасқа жеткенше 21 мың теңге төлеуді  көздейтін заң жобасын жасап ұсынса және оның қабылдануына депутаттарды шақырса, тарихта аты алтын әріппен жазылып қалар еді. Өйткені соңғы уақыттарда 21 мың теңгенің жыры қайта басталды. Адам баласынан қулық артылған ба? Түрлі деңгейдегі заңсыз әрекеттер белең алуда. Тамыр-таныстық та түкпір –түкпір де қылаң беріп жатқандай. Мұның бәрі келешек те, халықтың қайта толқуына, аналардың қайта билікке соқтығуына апарып соға ма деп қорқамыз. Пезидент Тоқаевтың өзі «Халық көшеге кедейліктен шықты» деп баға бергені естен шықпаса дейміз. 21 мың теңгемен алдарқатып, уақыт өте келе, қаржы үнемдеу үшін сағадан күтіп алуға халық көнбейді.  Әлеуметтік теңсіздіктің ушыққаны сондай, бай мен кедейдің арасы кәдімгідей көрініп қалды. Бай – бағыланның бір басында әр қалада  2-3 –тен үйі болса, шетелдегі виллалары жұмбақ жатыр. Ал басқа жерді қайдам, Алматы мен Нұрсұлтанның өзінде қаншама қазақ үйсіз-күйсіз босып жүр. Ауылдан олар еріккеннен көшкен жоқ қой. «Арқада қыс жылы болса, Арқар ауып несі бар». Әріге бармай — ақ Астананың іргесіндегі Талапкер, Илинка, Қоянды ауылдарында  ауыз су мәселесі ушығып, көшелерінде қара жолдың өзі ми – батпағы шығып жатқан да, сонау шалғайдағы ауылдарды гүлденіп тұр деуге дәтім бармайды… Халықтың арасында зор беделге ие Бердібек Мәшпекұлы секілді тұлғаның жер ортадан асқанда, ел мен жердің, қалың жайлаған  бұқарасының сеніміне селкеу түсіргенін кім қалайды дейсіз?

Қайран жұртыңның жүйкесіне ши жүгіртпе, Бердібек бауырым!

Дейтұрғанмен, ел ішіне жиі барамыз. Қаймана қазақтармен жолығамыз. Арыз-шағымдарына құлақ түреміз. Солардың кейбір өзектілерін мүмкіндікті пайдаланып айта кеткенді жөн көріп отырмыз.  Бар жоғы 18 миллион халық бар елімізде. Бұл соншалықты көп халық емес қой, Бердібек мырза. Егер әр облысқа, әр ауданға  тапсырма берілсе,  кімнің бай, кімнің кедей екені алақанға салғандай шыға келер еді. Ал бізде әлі күнге алпауыт пен жарлыны «анықтау» күресі жүріп жатыр. Мұны кейбіреулер ақша бермеудің құйтырқы әдісі деп бағалауда.  Әлеуметтік көмек төлене  бастағалы, біресе халықтың тауығын санады, біресе алма бағы есепке алынды. Енді бірде кемпір мен шалдың зейнетақысы таразыға тартылды. Ақыр аяғында 21 мыңгені төлеу 250 мың төлейтіндей деңгейге  көтерілді. Жалғыз басты аналардың күйі анау. Баласы 4 жасқа келгенше мемлекеттен еш көмек көрмеді деп естиміз. Біз үлгі тұтатын Ресейде «ана капиталы» жолға қойылған. Неге бізде соны қолға алмасқа? Оған кім кедергі?
Ең сорақысы, әлеуметтік желіде 21 мың теңге алған отбасылардан «ақшаны қайда жұмсадың?» деп сұрап жатқаны туралы ақпарат тарады. Мұның бәрі жоғары да айтқанымыздай қайран жұртыңның жүйкесіне ши жүгіртеді ғой, Бердібек бауырым! Сіздің де көп балалы отбасыдан шыққаныңызды дүйім жұрт біледі. Ауыл тұрмысы, көпбалалы отбасы проблемасы сізге жақсы мәлім. Сіздің аузыңыздан «21 мың теңге алғандардың кейбірі арамтамақ, жалқау» деген сыңайдағы сөзде айтылып қалуда. Бұл жанама айтылса да, қаны бір қандасыңыздың  жүрегіне оқ болып қадалуда. Сіздің бұл әрекетіңіз «Байдың малын байғұс қызғаныпты» дегенге келіңкірейді.  Дәл қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде әр балаға 100 мың теңгеден төленсе де көп болмас еді? Ел еңсесін түзесін, етек-жеңін жинасын! Ел қамын жеп ат үстінде жүрген өзіңіздей азаматқа халықтың сөзін жеткіздік. Ар алдында адалмыз.
Тарихты қарап отырсақ  мықты, қуатты мемлекеттер дінсіз болмаған. Дінді қанша жамандасақ та, мақтасақ та,  оның адамзатқа бергені көп, берері де аз емес. Мұны билікте терең сезінетін кез келді. ДІН – гуманизм түсінігімен тікелей байланысты. Адам өлтіру, өтірік айту, зұлымдық, қатігездік, зина жасау, біреудің ақысын жеу сияқты зиянды істер  — қандай қоғам болмасын, оны шірітіп бітіретін құбылыстар. Соның салдарынан қарапайым халық зардап шегеді. Қоғамдағы тәртіпсіздіктерді заңмен белгілі бір жерге дейін қадағалауға болатын шығар, бірақ адамдардың ғайыптық күшке сеніп, өзі сияқты адамдардың қойған заңдарынан емес, Ұлы жаратушыға деген сенім мен сезімдері себебінен осы істерден бас тартуы әлдеқайда тиімдірек. Демек, билік басында отырғандар құдайдан қорықпайынша, ұлы Абай айтпақшы «Толық адам» болып саналмайды. «Толық адам» болмысына енбеген биліктен кемеңгерлік күту – ақымақтық! Сосын қалай десек те бұқараны алға бастайтын ұлттық идеология. Оған бекем болмаған биліктің шалыс қадам да көбейе бермек.

ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК ӨТКЕЛ БАСЫНДА ТҰР….

Түйін сөз!

Иә, қазір нарықтық заңға бейімделген қоғам  екіге жарылып тұр. Халық пен биліктің арасы тым алшақ. Қоғам өзгеріс күтуде. Билікке  халық сенбей тұр. «Аузы күйген үрлеп ішедінің» кебі баяғы. Осындай сын сағатта бүгінгі билік басындағы кейбір атжалмандар жүйені қайткенде де сақтап қалуға ұмтылуда. Олардың көпшілігінің көксегені – халықты алдарқату арқылы – биік мансаптың қанатының қатаюын күту. Сол үшін халықпен диалогқа жиі-жиі барғыштап, ұлтшыл болып көзге түсіп қалуға тыраштану байқалады. Иә, жасырып жабары жоқ, бар байлық та, билік те солардың қолына топтасқан. «Елге тыныштық, ынтымақ, бірлік керек» деп сайрағанда, аузы-аузына жұқпайтын, сыннан өткен шешендері бірінен-бірі асады. Бірақ сөздері ісіне сай болмай тұр.  Олар жайдан-жай тіл беземейді. Есептері түгел. Өздеріне жетерлік байлық пен қызметі, тірлігі бар. Шетел де бәлкім жайлы мекендері бар болар. Бұлардың арасында жерді де, елді де сатуға әбден бейімделгендер жоқ дей алмаймыз. Міне, солар әдемі өмірді қалап, бабаларымыз, ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз бен аға-әпкелеріміздің еңбегі арқасында мұралыққа жасаған қисапсыз байлығын бөліп алып, шетелдіктерге сатып, аяқ астынан байып шыға келгендер. Шынын айтайықшы, жоғарғы билікте отырғандардың содан аман-сауы аз. Халықшыл дегендерінің өзі бір қазанда басы қосылмай, жақ-жақ болып айтысуға  құмар. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп Абай жырлағандай, кейде халық билікке өрмелеген жастардың тасбауыр қатыгездігінен қорыққанда, өзімшілдігінен түңілгенде сынға мұқалмайтын, елім дегенде өршіл рухтары сынбайтын Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағанбетов, Нұрлан Нығматулин, Бақытжан Сағынтаев, Нұрлан Ноғаев, Асқар Мырзахметов, Өмірзақ Шөкеев, Ерлан Қошанов, Оңдасын Оразалин т. б   сарабал саясаткерлерді аңсайтыны өтірік емес.
Қалай десекте билік –өлара кезеңде тұр… Жас пен жасамыстың алмасар тұсы таяп келеді…
Ал қара күшінен басқа түгі жоқ, бар тапқаны тамағы мен үстіне ілген арзанқол киімінен артылмайтын «Қалған көңіл шыққан жан» деп жүрген қара халық өте көп. Олар – рухты. Елдің бүгінін де, ертеңін де, жерінің тұтастығын да ойлап, қажет бола қалса, қасық қандары қалғанша күресетін, ел мен жерді жаттан қорғап, аман алып қалатын да солар.
Бүгінгі уақыт, қоғамдық-саяси өміріміздің тыныс-тіршілігі еріксіз өзекті ойларды алға шығарды. Демек ел ояна бастады. Санаға сәуле кірген соң-ақ болды емес пе, теперіш көрген, еншісінен айырылған халық бой көтереді, мүдделік тұрғыдан жымдасып, біріккен үстіне біріге түседі. Өйткені олар бұдан әрмен қарай жемқорлық жайлаған билікті қаламайды, адамша тірлік кешкісі келеді. Сол үшін де қызбалау. Сол үшін де еркін! Жердің асты мен үстіндегі байлығының қызығын да көргісі келеді. Кейде болашақ ұрпағымыздың тағдыры не болады деп күйзеле ой кешеді, сарсылып сарсаңға түседі. Өзіміз өлсек – өлейік, ұл-қыздарымыз біз секілді қиындық көрмесе екен, жер сатылып, ақырында шетелдіктерге құл, күң болмаса екен дейді. Тек халықтың осы талап –тілегін билік елеп –ескерсе ғана, дамудың даңғылына жол ашық. Әйтпесе, шиеленіскен түйін, шырқау шегіне  жетіп үзіліп түсер…

Сәуле Мешітбайқызы