Астананың Бас сәулетшісі қай жерден қателесті?!
Әсем Астананың бұдан 18 жыл бұрын екі-ақ көшесі бар, жері лайсаң, қысы қытымыр Ақмоланың Астана болуы біреулердің күлкісін шақырғаны рас. Құлазыған сайын даланың төсіне зәулім үйлердің сап түзеуі бәзбіреулердің қиялына да сыймады. Асау арманның жалына жабысқандардың өзі «бұл идея жүзеге асуы үшін ғасыр керек» деген байлам жасады. Алайда келешекке жіті көз жіберген Нұрсұлтан Әбішұлы батыл шешім қабылдады. Сонымен бірге тоғыз жолдың торабындағы Арқа даласында астана көтеру стратегиялық жағынан да қолайлы екенін дөп баса білді. Қаншама қиындықтармен бетпе-бет келген кезеңдер бүгінде артта қалды. Елбасы шешімінің өміршеңдігін уақыттың өзі көрсетті.
Күнге қол созған алып шаһар Астана бүгінде әлемге танымал қала. Небір саясаттың майталмандары бас құрайтын, қоғамдағы өзгерістердің күре тамыры десек те жарасар. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дүрдараз жұрттың көбісі Арқа төсінде татуласып, бейбітшіліктің ақ көгершінін көкке ұшырып жататыны бар. Сонау кезеңде бәзбіреулерге ертегідей көрінген қиялғажайып қала құрылысы, қала макеті, эскиздері, архитектурасы бүгіндері шындыққа айналып шыға келді. Гүлзар бақтары мен зәулім үйлері алыстан көз тартып, қазақтың әсем Астанасының абыройын асқақтатып тұр. Биыл да Астана күні өз деңгейінде тойланды. Әннен шашу шашылды, күйден нөсер төгілді. Әр өңірден ат арылтып келген қонақтарда шек жоқ. Мемлекет басшысының шешімімен елорданың бас жобасын жасау құқығын жапондық Кисе Курокава иеленді. Ол жоба жұмысымен екі жыл айналысып, 2001 жылы 15 тамызда құжат үкімет тарапынан мақұлданып, қабылданды. Біздің айтқымыз келіп отырғаны: Кисе Курокава 2030 жылы Астанадағы халықтың саны 1 миллион болады деп жобалады. Ол өз туындысын осыған шақтап жасады. Бірақ оның осы жерде қатты қателескені бүгіндері белгілі болып отыр.
Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елорда халқының саны 1 млн. болды. 2030 жылға дейін қала халқының саны тап осы көрсеткішпен есептесек, 2 млн-нан асып жығылмақ. Тек елімізде тыныштық, ауызбіршілік болсын. Елордасы Астананың 18 жасы тағы да құтты болсын!
«ЕлАна»