Жамбылдық полициейлерге  қызметтік көліктер берілді  

Тараздағы орталық «Достық» алаңында аудандық полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторларына су жаңа қызметтік автокөліктер берілді.

Салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров пен Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қатысып, 131 көлік кілтін табыстады.

Бұл жолы Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Меркі және Шу аудандарының учаскелік полиция инспекторлары су жаңа «Нива» және «Уаз» маркалы арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілді. Ал қалған аудандарға келесі жылдың  бірінші жартыжылдығында беріледі деп жоспарлануда.

– Облыс әкімдігі ішкі істер органдарымен бірлесіп аймақта қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастырып келеді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы көлемі де жылдан жылға ұлғаюда және ол өзінің оң нәтижесін беруде. Яғни, облыста былтырғы жылмен салыстырғанда 2019 жылдың 6 айында тіркелген қылмыстар саны – 9,2%-ға төмендеді. Біз бірінші кезекте, қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей жауапты, халықпен тығыз жұмыс жасайтын учаскелік полиция инспекторларын қызметтік көлікпен қамтуымыз қажет, – деп сала иелеріне қиын да қауіпті қызметті атқару барысында сәттілік тіледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елімізде  құқық қорғау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осының арқасында материалдық-техникалық базаны нығайту мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсарту жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді. Жиында сөз алған полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев облыс әкімдігіне  Полиция департаментіне материалдық қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Ішкі істер министрлігімен 2020 жыл – «Учаскелік полиция инспекторларының жылы» деп жарияланды. Осыны ескере отырып, облыс әкімдігінің қолдауымен өңіріміздегі барлық учаскелік полиция инспекторлары автокөлікпен 100 пайызға қамтамасыз етілетін болады. Учаскелік полиция инспекторларына көлік бөлу арқылы олардың шалғай жатқан аудандарға жиі барып тұруына, полицияға түскен шақыруларға дер кезіне жетуіне, отбасылық-тұрмыстық қылмыстарды және басқа да көптеген құқық бұзушылықтарды төмендетуге, сонымен қатар, қылмыстың өсуіне, соның ішінде мал ұрлығына жол бермеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді – деп атап өтіп, жыл соңына дейін аудандардағы қылмыс санының азаятындығына сенім білдірді.

Ресми жиыннан соң аймақтық полицейлерге салтанатты түрде автокөліктердің кілті табысталып, өз кезегінде инспекторлар да аянбай қызмет ететіндігіне ант етті.