Жүз ауруға бір ем
Басы ауырып, балтыры сыздайтындардың дені дертінің емін денедегі артық қанды алдырумен емдеп жатады. Хиджама деген атаумен танылған шығыс медицинасына жүгінушілер саны бүгінде артып отыр. Арабшадан тәржімалағанда «сору» деген ұғымға саятын халықтық медицинаның пайдасы да жоқ емес.
Иә, қазіргі таңда көптеген зиянкесті заттар көбейді, ауа-райы бұзылып, адам ағзасының құрамы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Осы тұрғыда адам өзінің ағзасын тазарту үшін, қоршаған ортада дұрыс жүріп-тұру үшін хиджама процедурасын жиі жасатып тұру керек делінеді. Себебі, ол дене мүшедегі кез-келген аурудың алдын алып, қан айналымын жақсартады. Ислам елдерінде кең етек жайған ем түрімен айналысатын орталықтармен қалада көптеп ұшырасуға болады. Бірақ қазір жаппай хиджама жасататындардың жайы алаңдатарлық дүние. Сол себепті де Тараз қаласындағы барлық талаптарға сай келетін, нақты хиджама жасауға рұқсаты бар арнайы орталықты тауып, тілдесіп көрген едік. Буын аурулары, сары су жиналуы, нерв жүйесінің ауруы, арқа ауруы, мойын ауруы, қан қысымы (гипертензия), қан қоюлығы, аяқтың қақсауы, геморрой, простатит, өкпе аурулары мен жөтел, асқазан ауруы, бүйрек ауруы, жыныс аурулары, депрессия, жүрек аурулары, диабет, бауыр аурулары, варикоз тамырлары, тері аурулары сынды ауруларға ем болатын хиджаманың пайдасы ұшан-теңіз. Қаламызда «Хиджама сунна» деп аталатын хиджама жасау орталығы бүгінде өз жұмысын жасап, тұрғындардың алғысын алып жүр. Ағзаға зиян келтірмей ем-дом жасауды мақсат еткен орталық он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық ашылғалы хиджама жасауды басты жұмысына айналдырған сала маманы Мадина Әліқұлованы сөзге тарттық.
– Емдеудің бұл әдісі адамзатқа әлімсақтан белгілі. Орталық ашылғалы күніне 2-3 адам біздің қызметке жүгінеді. Жалпы адам ағзасындағы ең негізгі сұйықтық – қан. Қанның 90 пайызы судан, 10 пайызы қою компоненттен тұрады. Қан қоюланғанда осы тұрақтылық бұзылады. Ал оның құрамындағы жасушалар өзгеріске ұшырап, өз қызметін толық орындай алмайды. Қанның ұйығыштық қасиеті шамадан тыс артып кетсе, ағзада холестерин көбейеді. Ол өзгеріс өз кезегінде адамды түрлі ауруларға душар етеді. Соның салдарынан көп адамдарда мойында остехондроз, буын арурулары, жүйке жүйесі, көз және гинекологиялық аурулары жиі кездеседі, – дейді медицина маманы Мадина.
Сондай-ақ, қан алдыру арқылы белсіздік ауруының да алдын алуға болады екен. Бұл емнің балмен емдеу, қан алдыру және отпен күйдіру секілді түрлері бар. Ал ең жақсы нұсқасы – қан алдыру дейді мамандар. Әлемде 15 мыңнан астам адам жүрек қан тамырлары ауруынан бақилық болады екен. Ал Финляндия ғалымдарының айтуынша, қан алдырып емделу инфаркт болу қаупін 88 пайызға сейілтеді.
Хирург болуды армандаған сала маманы балаларды да емдеу ісіне үлес қосып жүр. Аталған орталықта әйелдер мен ерлерге арналған хиджама жасау залы бар. Ерлер жағына күйеуі Ділмұрат процедура жасайтын болса, әйелдер Мадина мен екі көмекшісінің қызметіне жүгінеді.
Бүгінде қалада бұл тәсілдің құны 2 мың теңгеден басталып, қиындығына қанның алыну нүктесіне қарай өсе береді. Ал, таңқаларлығы, хиджама тәсілінің барысын қадағалау мүмкін болмай отыр – дейді денсаулық сақтаумамандары. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген емшілерді, тек зардап шегушінің шағымы арқылы ғана тексере алады.
Бұл қызметті аяғы ауыр, жағдайы ауыр жандар ала алмайды. Тіпті, созылмалы ауруы бар адамдарға жасатудың реті жоқ. Ем алушылар орталыққа арнайы күндерде келеді. Себебі, бұл шипаның да өз нормасы бар. Массаж секілді күн сайын жасалмайды екен. Жоғарыда атап өткеніміздей, хиджама жасатушылар саны аз емес. Емхана мен аурухана қызметін алудан бас тартқандар хиджама жасатып, дертіне дауа тауып жатады.
– Қазіргі уақытта көптеген адамдар дәрі-дәрмектерді ішуден шаршады. Егер адам оң нәтиже бермесе, емдік препараттардың қажеті шамалы деп жатады. Ал хиджама адам денесін «өлі» қаннан арылтады. Мұның бәрі пациенттің физикалық жақсаруына ықпал етеді. Әр рәсімнен кейін барлығы өзін толыққанды сау сезінеді. Біздің орталықта талапқа сай техникалар бар. Мәселен, денеге қоятын шыны банкаларды жиі зарарсыздандыру қажет. Шамамен арнайы ыдыстар сағатына 180 градуста өңделеді, – дейді маман.
Дәстүрлі шипа жайында арнайы хадисте бар. Қан алдыруды сүннет амал деп жататынын жиі құлақ шалады. Ал Қасиетті Құран Кәрімде хиджаманы ең дұрысы аш қарында жасау, себебі онда берекет пен шипа бар, ақылды арттырады делінген.
– Соңғы жылдары Пайғамбар (с.а.у.) медицинасына халық арасында сұраныстың артқаны байқалады. Әсіресе, хиджама жасатушылардың көбейгенін байқаймыз. Себебі, пайдасын көрген соң, халықтың өзі-ақ әркімге жасатуға кеңес береді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі де хиджама жасатқанын хадистерден білеміз. Әрі Алла Елшісінің: «Бал мен хиджамада шипа бар», – деген де хадисі бар (Бұхари, «Тыбб», 3). Міне, Пайғамбарымыздың осынау өсиетіне сүйеніп, бүгінде елімізде де көптеген адамдар хиджама жасатады. Ал сол хиджама жасатудың белгілі бір күндері бар ма? Пайғамбарымыз (с.а.у.) қай күндері хиджама жасатқан? Бұл сұрақтар әрбір мұсылманның қызығушылығын тудыратыны даусыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті бойынша қан алдыру үшін қамари айлардың 17, 19, 21-күндері дұрыс делінген. Өйткені қамари айлардың басында ағзадағы қан азаю байқалады деп түсіндірген. (Ибн Сина, Қанун, 1,212 бет). Алайда біз ескермей кететін кей жайттар бар. Мысалы, хиджаманы кез келген адамға жасатуға болмайды. Оның арнайы мамандары бар. Хиджама жасаушы адамның медициналық білімі болуы керек. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында хиджаманы әккі мамандар жасайтын болған. Қан алушы адам анатомиясын жақсы білуі керек, адамның денсаулығы қан алдыруға жарамды ма, қай уақытта ем шараларын жасау керек сынды барлық медициналық талаптарды білетін арнайы маман болуы тиіс. Міне, сүннетке сай хиджама жасату үшін мұсылмандардың бұл хадистерді де біле жүргені жөн, – дейді – «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл. Талай мәрте қан алдыру арқылы денсаулығын түзеген жанжар жоқ емес. Соның бірі қала тұрғыны Нұргүл Қалмұратова. Ол қолы жеңіл, әрі сауатты мамандар қызметіне жүгіну арқылы денедегі қою қандардан арылғандығын айтады.
«Хиджаманы бірнеше рет жасаттым. Әсері өте керемет. Өзім басымнан бірнеше соққы алғанмын. Жиі басым ауырады. Дәрілер кері әсерін тигізіп жатады. Хиджама болса әсерін тез береді. Бірден жеңілдеп қаласың. Әсіресе, басы жиі ауыратын адамдарға пайдасы өте зор» – дейді Нұргүл.
Кімге сеніп, медицинаның қандай түрін таңдайсыз, ол сіздің еркіңіз. Бастысы деннің саулығы – адамның өз қолында. Білікті маман, кәсіби дәрігер ғана ем-дом жасай алатынын ұмытпағаныңыз абзал.