Дала төсі дүбірге бөленуде

Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек жұмыс алгоритміне сәйкес ауылдық округтерді аралаған сәттерінде қарапайым заттар экономикасын дамыту, елдің еңсесін көтеру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру күн тәртібіндегі бірінші мәселе екенін айтқан еді. Осындай мақсатта аудан басшысы Түркістан, Жаңаарық ауылдық округтерінде барып, ондағы шаруа қожалық төрағаларымен кездесті, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агентттігі.

Егістік алқабы 534,90 гектарды алып жатқан «Болашақ» шаруа қожалығының жұмысымен танысу барысында  оның 104,90 гектарға арпа, 300 гектарға мақсары, 130 гектарға көпжылдық шөп егіп, жиын-терім қамына кіріскенін байқадық. Түсімді жинауға 1 трактор тіркемесімен, 2 комбайн, бір автокөліктің жұмылдырылғанын көрдік. Ал «Нұржан» шаруа қожалығы биыл  20 гектар жерге күздік бидай, 134 гектар жерге арпа сеуіпті. Бұдан бөлек аталған шаруашылық 20 гектар мақсары мен 25 гектар көпжылдық шөпті төрт техниканың күшімен оруға кірісіпті. «Бауыржан-К» шаруа қожалығына бет бұрған Қ.Мәдібек еткен еңбек төккен тердің зая кетпесін айтып, шаруаларды жігерлендіре түсті. Аталмыш шаруақожалық биылғы жылы 35 гектарға көпжылдық шөп, 130 гектарға күздік бидай, 319 гектарға мақсары орналастырыпты. Аудан әкімі 1368 гектарды  игеріп отырған «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы Е.Дүтбаевпен жолығып, науқандық жұмыстың жай-жапсарына үңілді.

–  Өнім былтырғы жылға қарағанда едәуір жақсы. 288 гектар арпа, 811 гектар мақсары, 268 гектар көпжылдық шөп тен алынатын түсім шамалауымызша ойдан шығады деп күтілуде. Мәселен арпаның әр гектарынан алынған түсім 18 центнерден айналуда. Өнімді шашпай-төкпей жинап алу үшін трактор, комбайн, автокөлік, тіркеме секілді әр қайсысы екі-екіден барлығы 8 техника жұмылдырылды, – деді шаруашылық иесі.

Осы іссапар барысында «Арыстанды» шаруа қожалығының төрағасы Ж.Дәндібаев 100 гектарға күздік бидай мен  20 гектар арпа, 350 гектар мақсары және 202 гектар көпжылдық шөптен алынып жатқан өнімін көңілден шығатынын баяндады. Өз кезегінде ауданның бірінші басшысы шаруа қожалықтардың барлығы қолда бар мүмкіндікті қалт жібермей, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдаланып, жерді сапалы игеруге шақырды.

Жыл өткен сайын астық өндірісін әртараптандыруға баса назар аударылып, егілген өнім сапасын арттыруға ден қойылып келеді. Жалпы шаруашылықтың жұмысын жан-жақты саралаған Қанатбек Мәдібек «Ақжол», «Қоңыртөбе», «Көк жон» шаруа қожалықтарының егістік алқаптарына да ат басын бұрды.Түркістандықтардың тыңғылықты жұмысын негізге ала отырып, ауылшаруашылығын  дамытуға мүмкіндік мол екендігін жеткізді. Жаңаарық ауылдық округіндегі «Ата Мұра», «Елдос-2004», «Бейсен», «Керімбай», «Жастар», «Абылай-Т», «Жаңарық», «Ақтоғай» шаруа қожалықтарының егістік алқаптарын да  аралады.

Аудан бойынша қазіргі күнге дейін  3 168 гектар масақты дәнді дақыл орылып, 5 700 тоннадан артық дән бастырылған.

 Әр гектардан алынған орташа өнім 18 центнерді құрап, егін орағына 14 комбайн, 12 трактор, 9 автокөлік, 8 тіркеме жұмылдырылған.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығының басшысы Сейілбек Дариябековтің айтуынша Түркістан – аграрлы, ауыл шаруашылығына икемді аймақ. Бұл жердің тұрғындары қол қусырып қарап отырмай қысы-жазы аянбай тер төгеді екен. Жергілікті халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда жергілікті дихандар өнімді  ысырапсыз жинап алудың қамын жасауда.

 

Мұрат Әлімов

Жамбыл облысы