«Жамбыл — адалдық алаңы» жобасы жемқорлыққа қарсы
«Жамбыл — адалдық алаңы» жобасы қолға алынғалы бері облыста талай тірлік дұрыс жолға қойылды. Әсіресе, жемқорлық «желкен» келген кейбір мекемелерде жасалған жұмыстың кері кетпеуіне өзіндік үлесін қосуда. Күні кеше аталмыш жоба аясында республикалық маңызы бар жолдардың сапасын тексеру мақсатында талдау жұмыстары жүргізілді, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Талдау нәтижесінде 3 аумақтағы автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы белгілі болды. Олар: 1) «Ақшолақ – Ақыртөбе» республикалық маңызды автомобиль жолының 440-450 шақырымдар аралығындағы жол; 2) «Малдыбай – Алғабас» республикалық маңызды автомобиль жолының 425-435 шақырымдар аралығындағы жол; 3) «Ақшолақ» ауылы маңайындағы 454-456 шақырымдар аралығындағы жол.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ Жамбыл облыстық филиалы мамандардың мәліметінше аталған аумақтардағы автомобиль жолдарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар қараша айында толық бітетін көрінеді.
«Малдыбай» ауылы маңайындағы теміржол үсті көпіріне ағымдағы жылдың сәуір-маусым айларында орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар, «Меркі – Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталды. Жалпы ұзындығы 266 шақырым жол – 4 учаскеге бөлінген. Жолға бөлінген қаражат сомасы 104 млрд теңге. Бірінші «Меркі – Тәтті» учаскесі 82 шақырым, бөлінген қаржы 38 млрд теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2022 жыл.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, барлық аумақтағы жұмыстар уақытылы әрі сапалы жүргізілуде. Мердігер компаниялар барлық қажетті техникамен қамтылған. Жұмыс жасап жатқан мамандардың тірлігі де көңілге қонымды. Енді тек жұмысты уақытысында әрі сапалу ғана қалып отыр. Бұл тұрғыда мердігер компаниялар үдеген шығады деген сенімдеміз. Олай болатын себебі де бар. Өйткені, «Жамбыл — адалдық» алаңы жобалық кеңсесі аталған жұмыстардың уақытылы бітуін назарда ұстайтын болады. Әрі атқарылған тиісті жұмыстар жоба аясында арнайы мониторинг те жүргізіліп отырады.
«Жол салу-үйге пол салу емес» деген жақсы сөз бар. Жол — экономикамыздың күретамыры. Сондықтан оған салғырттық танытуға әсте болмайтыны белгілі.
Мұрат Әлімов
Жамбыл облысы