Тараз аспаны ән мен күйге бөленуде
Биыл тараздық тұрғындар Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында әр аптаның сенбі, жексенбі күндерінде облыстағы аудандардың өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаларды тамашалауда. Бұл шара Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл жолы «Жамбылым қандай тамаша» атауымен өткен шарада Байзақ, Жамбыл, Жуалы ауданның өнерпаздары Тараз төрін күмбірлеген күй мен әсем әнге бөледі,- деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Алдымен Байзақ ауданы ұсынған концертте әнші Динара Диханбаеваның орындауындағы «Жасасын өмір!» атты ғажайып орындалды. Одан кейін Дулат Жасұзақов Аян Сейітовтің «Жаным», Әлжан Нұрлыбектің «Мендік сезім» әнін орындаса, Әлібек Жолдасбек Бауыржан Есебаевтың «Сені ойлап» атты жүрек жарды туындысын көк жүзінде қалықтатты. Әннен жыр шашу барысында Сая Махамбеттің әніне жазылған Динара Диханбаева, Әлібек Жолдасбек, Динара Сағымбаева мен Ғани Абуов және Мұхтар Мудрашовтың орындауындағы «Қазағым» әні орындалғаннан кейін шара соңы көпшіліктің қатысуындағы көңілді бимен түйінделді.
Бұдан кейін Жуалы ауданы өнерпаздары Тараз төріне атбасын бұрып, шаһарлық өнерсүйер қауымға «Жуалының тау самалы», «Елге сәлем», «Қазағым», «Елбасы» секілді әдемі әндерді тарту етті. Сондай-ақ бишілер мың бұрала би биледі. Сонымен қатар есімі елге етене таныс Жаңабаевтар əулеті де аталмыш шарада өнер көрсетті.
Соңыра Жамбыл ауданынан келген алымды, дарынды өнерпаздар концерттік бағдарламасын назарға ұсынды. Алдымен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз алып, қала тұрғындары мен қонақтарының құрметіне өңірге белгілі өнерпаздардың екі ай бойы көңілді кеш сыйлайтындығын айта отырып, шараға келген барша қонақтарға алғысын білдірді.
Мұнан соң Жамбыл ауданының әншілері сахнада өз өнерлерін көрсетті. Концерттік бағдарлама «Жыр-Думан» дуэтінің «Жамбылым» атты әсем әнімен басталды. Салтанатты кеште Тәңірберген Сейілғазы, Жақсылық Жандаралиев, Асыл Есенбаева мен Ерғара Жанеркенің орындауында «Айналайын», «Қалауым», «Қозы Көрпеш» әндері, «Әдемі-ай» дуэті шырқаған «Күлімде» «Әдемі-аймен бірге» әндері жүректерге жетті. «Аса сазы» би тобы «Араб», «Үнді» биін биледі.
Бір айта кетер жайт, облыстың 80 жылдығына орай және Жастар жылы аясында облыс аудандары мен Тараз қаласының өнерпаздары ұйымдастырылып жатқан концерттік бағдарлама қыркүйек айының 6-сына дейін жалғасын болады.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы