Азаматтық неке тексіздікке апарады
Тағдырын тәлкекке түсірмей, тура жолынан таймаған бір қазақ қызы күңірене мұңын шақты. «Сүйіктім» деп жүргені «шайтан» болып шығыпты. «Бірге тұрып көрейік. Бәрі жақсы болса, мен саған үйленем», — деп ардан безіпті. Айтқанына көнбеген аруға: «Мені сүйсең, бірге тұрар едің, әйтпесе қыз көп. Бірге тұратын қыз табылады», — деп шорт кесіпті. «Сүйгеніммен отбасын құрып, бақытқа жетсем» деген қарапайым қазақ қызының басындағы бұл жайт — күллі қоғамды құрсаулап алған ұлт қасіреті.
Бұл бізге қайдан келді?
Жалпы азаматтық неке Норвегияда 1970 жылдардың өзінде-ақ 40 пайызды құрапты. Қазір бұл тексіздік тұтастай бүкіл Еуропа елдеріне тән болып кетті. Эстония, Швеция, Францияда елдегі жұптардың 60 пайызы азаматтық некеде тұрады. Германияда да соңғы 15 жыл ішінде бұл көрсеткіш 44 пайызға жеткен. Ал Ресейдің отбасылық жұптарының 60 пайызы заңды некеге тіркелмеген. Шетелдік кей мамандар жаппай тексізденуді «отбасы институттарының сипаты өзгерді» деп арсыздықты ақтап алғысы келеді. Алайда Ресей әлеуметтанушылары мен демографтары мұны оң бағалап отырған жоқ. Олардың пайымдауынша, азаматтық неке — өзін төмен бағалайтын әйелдің жауапкершілік деңгейі мардымсыз еркекпен құрған одағы. Ресейге Еуропадан енген арсыздық алғашқы жылдары «бірге тұру» деген атпен танылса, қазір оны «қонақтық одақ» (гостевой союз) деп атайды. Орыстар «қонақ одағынан» толық зардап шегіп, демографиясы дүбәра халге түскенде бұл кесірлі жолды қазаққа «сыйлады». Ал еліктегіш қазақ халқы оған «азаматтық неке» деп айдар тақтық. Сөйттік те, жастарымыз ұлтты тамырынан ажыратып, тексіздендірудің тым жиіркенішті жолына түсті. Тіпті оны құбылтып «еркін махаббат» деп есірдік, «сезім бостандығы» деп және желпіндік. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмады. Үлкеннен қағажу, заңнан, мемлекеттен тыйым көрмедік. Еуропа ғасыр бойы жүріп барып жеткен құз басы — сексуалды төңкерісті біз тәуелсіздіктен кейінгі 25 жылда-ақ жасап жібердік. Бұл тұрғыда әлемнің дамыған 50 елінің есін тандырып, 30 елін сан соқтырып кетіп, «масқара статистиканы» иелендік. Баласын некесіз туып, әжетханаға лақтырып, қоқыс жәшігіне тастайтындар көбейді. Оған етіміз үйреніп кеткендей. Заң да жұмсақтық танытып, өз перзентін құндағында өлтіргендерге мейірімділік танытуда. Тастанды балалар саны жыл өткен сайын артып барады. Ал некесіз туылған балалар саны 2010 жылы 70,8 мыңды құраса, қазір әрбір миллион тұрғынның үштен біріне жетті. Яғни тегі, төркіні белгісіз бұлыңғыр буын өкілдері шырмауықтай шырмап барады. Осы тұста атақты Абылай ханның түсі ойға оралады. Соңғы ұрпағы бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып, ханның етегіне өрмелеп, түсінен шошып оятып еді-ау бабамызды. Аңыз ақиқатқа айналып, бүгін сол бақа болып бақылдаған, шаян болып ұрымтал тұста шағып алар шірік ұрпақтың үлес салмағын өсіріп жатырмыз. Жылдар бойғы статистиканы бақылағаннан арыға аса алмай, құр айғайымыз аттанға айнала алмай бұқпа күн кешіп отырғанымыз қазақ ұлтының жоғалуын күткен өліара шақ емес пе екен деп қатты қорқамын.
Арсыздықтың зардабы
Жаһандану үрдісінде Еуропа езуі көпіріп, заһар түкірсе де, оны жерге түсірместен жұтып жатырмыз. Нәтижесінде қазақ жастарының дені «білісіп көрейік» деген ұғымнан алыстап, «тұрып көрейікке» көшті. Азаматтық некенің тартқызар тақсіреті де ауыр. Дақпырт емес, нақты мысалдарға жүгініп, оның зардабын өлшеп көрелік.
Біріншіден, бұл — неке деп атауға тұрмайтын, жауапкершілік арқалаудан жүрексінетін екеудің ермегі.
Екіншіден, мұндай одақта қанша уақыт тұрса да, әйел өзін толыққанды құқылы сезіне алмайды. Ал еркек үшін еркіндік болып табылады. Бұл аталған фактор түрлі күш қолдану, тіпті қылмыстық оқиғалардың алғышарты болуы әбден мүмкін.
Үшіншіден, сыныққа сылтау табылса, өз жөніне тайып тұратын екеу үшін отбасы құндылықтары, салт-дәстүр «түкке тұрғысыз» болғандықтан, олардың құрған одағында да ешқандай моральдық құндылық болмайды.
Төртіншіден, екеуара жауапкершіліктен, рухани құндылықтан шет одақтан туған баланың болашағы буалдыр болады. Оған өмір-бақи «некесіз туылған» деген ат жабысып өтеді. Ал қазіргі күйгелек психологиялық жағдайдағы балаларға бұл себеп ауыр азап тартқызбасына кім кепіл? Толық отбасында тәрбие көрмеген баланың көңілінің түкпірінде наза, қыжыл орын алатыны сөзсіз. Есейе келе бұл қыжылды запыран етіп өзгелерге ішкізбесіне ешкімнің де көзі жетпейді. Бесіншіден, ұлт болашағы — дені сау, ойы орнықты бала. Қазақтың келешегін күлім ететін «келімді-кетімді уақытша одақтан» туған бала емес екені тағы аян. Азаматтық некенің қасіретін тартатын — әйелдер. Некесіз баланы дүниеге әкеліп, материалдық және моральдық қиындық көретін де тек әйелдер. Қазір ел ішінде өмірге келген әрбір бесінші сәби некесіз туған анаға тиесілі болып отыр. Еркектің жауапкершілік алып, сәбиіне қамқорлық жасауы тым сирек. Некесіз одақта тұрып, әкесіз бала туған әйел қоғамда жалғызбасты ана атанып, тағдырының уын өзі ішкенімен қоймай, оны еш жазығы жоқ баласына да еріксіз татқызады. Міне, «тәжірибе» жасап тұрып көрудің ақыры ұлт қасіретіне айналып отыр. Некесі қиылғанша қыздың қолынан ұстамайтын қазақ баласы ол тектілігінен, қазақылығынан ажырап бара жатқаны ащы шындық. Тек сол тамырымыздан бүлінуді қалай тоқтата аламыз?
Осы тұрғыда халықтың азаматтық некеге көзқарасын білмек болып сауалнама жүргізгенімізде, үлкен буын өкілдері бұл арсыз одаққа қарсы болды, ал жастардың кейбірі бейжай қарады, көпшілігі қолдайтындығын байқатты. Азаматтық некені жақтаған еркектерді жылы, жайлы жер іздеген мысыққа ұқсатқандар да болды. Отбасылық жауапкершіліктен жалтаратын қорқаққа теңегендер де табылды. «Шымылдықта танысатын уақыт өткен» деп, арлы некені ескіліктің қалдығына балағандар да болды. Иә, ең қорқыныштысы, жастардың бұған еті үйреніп кеткендігі мен бейжай қарайтындығы және бұл одақты қолдайтындығы алаңдатады.
ТҮЙІН: ҚР Неке және Отбасы туралы Заңының 1-тарауының 1-бабының 2тармағында отбасы құру ниетінсіз ерлізайыптылардың құқығы мен міндеттерін туғызбайтын неке «жалған неке» деп көрсетілген. Яғни азаматтық неке деп алдаусыратып жүргеніміз жалған. Ал жалған құбылыстан шынайы жеміс күту — ақымақтың ісі. Халықтың саны көбейсе, дүрлігіп қуанамыз. Оның сапасын, өмір сүру салтын, тегі мен тәрбиесін, мақсаты мен болашағын айтып мақтана аламыз ба? Алпауыт АҚШ азаматтық неке деп асырып, шетінен бүлінген жоқ. АҚШ-та 18-20 жас шамасындағылар ғана азаматтық некеге қызығушылық танытады. Тұтас халықтың 6-7 пайызы ғана заңды тіркелмеген некеде тұрады. Яғни Америка үшін азаматтық неке еш қауіп туғызып отырған жоқ. Біздегі заң жалған деп нақты көрсетсе де, шариғат Алла алдында неке суын ішпегендерді зинақор десе де, азаматтық некеге еш тыйым болмай отыр. Қазақ қазақылығынан біржолата ажырап тынбасын десек, бұл кесапатқа тосқауыл қоятын уақыт жетті. Тамыры жоқ қаңбақтың ұшарын жел, қонарын сай біледі. Қазақ та дәл сол қаңбақтай болып, әлдекімдер үп десе ұшып, қонатын сай таппай теңселіп жүрмесін десек, азаматтық неке деген арсыздың ісіне заңмен бөгет болып, қоғам болып қарсы тұруымыз ауадай қажет.
Айзат Рақышева