Әулиеатада әлеуметтік сала әлденіп келеді

 

Өңірімізде әлеуметтік саланы дамыту  бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қолға алынған жобалар жетерлік. Тұрғындардың  жағдайының жақсарту басты міндет. Мәселен, облыстың әлеуметтік саласында 1 қаңтардан бастап жалақысы 25 АЕК-тен (63 мың теңгеден) төмен 93 мың қызметкердің (47,3 мың адам бюджет саласы) салықтық жүктемесі 10 пайыздан 1 пайызға төмендеді. Бұл туралы облыс әкімі  Асқар Мырзахметов облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында берген есебінде мәлімдеді, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

– Есепті кезеңде 9264 жаңа жұмыс орны ашылды (жоспар –12147). Бұл жоспардың 76 пайызын құрады. Шағын бизнес бастамаларды іске асыру үшін 1783 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беруге 890 миллион теңге (200 АЕК – 505 мың теңгеден) бөлінді. Оның  309 миллион теңгесі 611 көпбалалы отбасына қарастырылды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2,2 есе өсіп, 32 мың отбасын құрады (162 мың адам, 2018 жылы – 15 мың отбасы — 74,5 мың адам) (6,7 миллиард теңге. төленді, жыл соңына дейін 21,2 миллиард теңге төленуі қажет).

Білім саласында 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Нәтижесінде, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесі 98,6 пайызға жетті. Жыл соңына дейін әлі 12 балабақша ашылатын болады.

12 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, бүгінгі нақтылауда қосымша 5 мектептің құрылысын бастауға қаржы қарастырылмақ. Нәтижесінде облыстағы 4 апатты, 1 үш аусымды және орын тапшылығы бар 5 мектептің мәселесі шешіледі. Қалған 2 аппатты мектеп мәселесі 2020 жылы шешіледі, 3 аусымды мектеп биыл толық шешіледі.

Ұлттық бірыңғай тест нәтижесі орташа 90,7 балл құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 1,3 балға жоғары (2018 жылы – 89,4).

Мектептегі 28 мың баланың ыстық тамағына қосымша 305 миллион теңге бөлініп, 2 миллиард теңгеге, 21 мыңнан аса баланың киім кешегі және кеңсе тауарларын алуға 410 миллион теңге бөлініп, 700 миллион теңгеге жетті.

Әлеуметтік санаттағы 75 мың баланы жазғы сауықтыру лагерімен қамтуға 314 миллион теңге бөлініп отыр. Жалпы меже 213 мың бала. Сонымен бірге, Арыс қаласының 223 баласы облыстың сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалысын өткізуде, – деді Асқар Исабекұлы.

Өңірде әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар реті осындай. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 17 мыңға жуық адам қамтылып, 13 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан екен.

Жалпы, бұрын, екі қолына бір күрек таба алмай жүргендер жұмысқа орналасуы оңай емес еді. Қазір электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа тұруға мүмкіндік көп. Биржа базасы мемлекеттік және жекеменшік жұмыс орындарының толық ақпаратын, жұмыс берушілердің анықтамаларын және бос тұрған жұмыс орындарының санын анықтап, жұрт назарына ұсынатын алаң. Елдің өз мамандығына сай жұмыс табуына осы жүйе оң әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек.

Негізінен бүгінде өңірімізде ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге (28 мың теңгеден 42 мыңға дейін) өсіп, бюджеттік мекемелердегі 32,6 мың қызметкердің және 4531 (барлығы 8781) жеке сектордағы 70 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы (44,2 мың теңгеден 53,6 мыңға, 21,2 пайызға) артыпты.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы