Көне шаһарда мүмкіндік көп
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша жалпы Тараз қаласының бюджеті трансферттерімен қоса 34,1 млрд.117,3 миллион теңгені құраған. Мемлекеттік бюджетке 21 млрд. 967,7 теңгеге салықтар мен басқада міндетті төлемдер түсіп, жоспар 115 пайызға орындалыпты. Оның ішінде республикалық бюджет 105,2 пайызға, облыстық бюджет 106,4 пайызға, қалалық бюджет 133,1 пайызға орындалған. Осы жылы түзетілген қала бюджеті 71,7 млрд. теңге көлемінде бекітілгенің өңірлік коммуникациялар қызметінде сөз еткен Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5 пайызға жоғары екенін айтады, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Шаһар басшысының айтуынша, қалада «қызыл сызық» ережесін бұзып, құрылыс жүргізген нысандарды анықтау жұмыстары қатаң бақылауға алынған екен. 2018 жылы аталған нормаларға сай келмейтін 26 нысан анықталса, оның ішінде 5 нысан бойынша құжаттар соттың қарауында жатқан көрінеді. Бір нысан (Желтоқсан көшесі 86 «А» мекен-жайындағы) сот шешімімен сүріліп жатса, 4 нысанның иелері өз еркімен заңсыз салынған ғимараттардың бөлігін бұзған. (Төле би көшесі 20 «А», Жаңсүгіров көшесі 1, Әйтиев көшесі 32, Төле би 12 мекен-жайындағы). Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын таппақ. Сонымен қатар Қ.Досаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында да көзге көрінетін тірліктердің атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Кепілдендіру тетігі бойынша – 50,0 млн. теңгеге 1 жоба қаржыландырылыпты. Бұдан бөлек, несиелендіру «Береке 3» бағдарламасы бойынша есепті кезеңде 293,5 млн. теңгеге 7 жоба қаржыландырылған екен. Бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Астана қаласы тәжірибесі негізінде «Көше саудасы – 100 орын» жобасы іске асырылу үстінде.
Қазіргі кезде бір типті дүңгіршектердің эскизі бекітіліп, «Тараз – Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 70 жер телімдері жеке кәсіпкерлерге жалға берілсе, тағы 20-ның құжаттары рәсімделіп жатыр.
Шыны керек Тараз қаласында жаз шықса жабайы саудаға жан бітетіні анық. Әсіресе жол бойында қауын-қарбыз секілді көк-сөк пен қызанақ, қияр сатып отырған саудагерлерден адам аяқ алып жүре алмайды. Олардың өнімдері тиісті сараптамадан өткені, өтпегені бір Аллаға ғана аян. Ал сол саудагерлер бір типті дүңгіршіктерде отыратын болса, тұтынушылардың таза табиғи өніммен қамтамасыз етілетіні анық.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы