Павлодарда John Deere ауыл шаруашылық техникасына сервистік қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланып отыр
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов John Deere компаниясының ресми дистрибьюторы — «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС-ің өкілдерімен әріптестік мәселелерін талқылады.
Аймақ басшысы әлеуетті инвесторлармен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағынында кездесті. «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС-ің бас директоры Сергей Глоккенің айтуынша павлодарлық аграрийлердің пайдалануында қазіргі кезде 400-ге тарта John Deere маркалы машианалар бар. Сондықтан да, өңірде сервистік орталық құру қажеттілігі туындап отыр.
— Бізге, 1,5-2,5 мың шаршы метр аумақ қажет, — деді Сергей Глокке. – Егер, жер учаскесі мен коммуникациялар мәселесі оңтайлы шешілсе, біз келесі жылдың соңына қарай сервистік нысанды іске қосар едік.
Болат Бақауов Павлодар қаласының әкіміне инвесторларға қажетті учаскені тауып беруді тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы кәсіпкерлерге суармалы машиналар құрастыруды ұсынды.
— Қазіргі кезде Қазақстанда суармалы егістіктерді дамыту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр, — деді облыс әкімі. – Ертіс өзені және Қ. Сәтбаев атындағы канал бар біздің өңірде 50 мың гектарға арналған мемлекеттік сараптамасы алынған жобалар бар. Сондықтан да, Павлодар облысында суару техникасын құрастырудың әлеуеті аса зор болмақ.
Әлихан Рахметоллаұлы