Ағаштан түйін түйген жас кәсіпкер

 «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, еліміздің экономикалық дамуында кәсіпкерлердің қосар үлесі зор екені белгілі. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің жұмысына көмек-қолдау білдіріп жатқаны баршамызға аян. Өңірімізде де орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Солардың қатарында ағаш өңдеу цехын ашып, кәсібін алға жылжытып жүрген жандардың бірі ретінде Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғыны  Бақытжан Манасбаевты айтуға болады. Ол Ертай ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Аталған ауылдағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептен білім алады.

-Алғашында  аудан орталығындағы Ергенбай ағамның құрылыс дүкенінде жұмыс жасап жүрдім. Ол жерден көп нәрсе үйрендім десем болады. Себебі, үлкен істі бастамас бұрын адамға тәжірибе керек. Ұзақ жылдар ағама көмек бере жүріп, кәсіптің қыр-сырына қанықтым. Ағамнан рұқсат алып, жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Бірінші пластикалық терезе жасаудан бастаған болатынмын. Бірақ, ауданымызда пластикалық терезе жасайтын адамдар көп болды. Ойлана келе, ағаш өңдеу цехын қолға алдым. Әр істің өз қиындығы болады екен. Ең алдымен ыңғайлы орын қарастырып, керекті станоктарды сатып алдым. Кейіннен ағаштарды Шымкент, Тараз, Алматы  қалаларынан алып келіп, терезе есік жасай бастадым. Осылайша, кәсібіміз алға қарай жылжи түсті, — дейді Бақытжан Елепайұлы.

Ағаш өңдеу машиналары ағашты кесіп, өңдеп-жонуға арналған құрылғылармен жұмыс істеуде асқан шеберлік қажет. Ағаш шебері бұл істің жай-жапсарын бүге-шүгесіне дейін ұғынған. Ол ағаш өңдеу ісін жетік меңгерген. Цех төрт түрлі ағаш өңдейтін, кесетін, яғни целкуляр, цезарь, резнус, фуганка сынды құрылғылармен жабдықталған.

-Қазір ХХІ ғасыр, ғылыми технологиялар күн сайын қарыштап дамып отыр. Тұтынушылар тез және сапалы дайындалатын өнімдерді қажет етеді. Сондықтан ағаш өңдеу — пайдалы, ең бастысы, қалдықсыз өндіріс түрі. Мысалы, бір ғана ағаштан орта есеппен 5-6 тақтай алуға болады. Ал олардың өндірістік қалдықтары әсіресе, жылдың суық мезгілінде сұранысқа ие. Оларды отын ретінде пайдаланады.

Бізде әсіресе, ағаш есік-терезелерге сұраныс көп. Жаз айларында цехқа аудан тұрғындары көптеп келіп жатады. Келген тұтынушының тапсырысын сапалы жасап беруге тырысамыз. Тапсырыс көп болған кезде көмекшілерді жұмысқа қабылдап отырамын, — дейді ағаш шебері.

Аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосып отырған Бақытжан Елепайұлы кәсіпорынды ашу үшін ешқандай несие алмағанын, бәрі  тынымсыз еңбектің арқасында екенін айтады. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көмек-қолдау болып жатса, ағаш өңдеу цехын кеңейтсем деген ниетте екенін де жеткізді.

Бүгінде ағаш шебері Бақытжан Сұрым ауылының қызы Жансаямен отау құрып, Ернар есімді ұл сүйіп отырған бақытты отбасының бірі.

 

Төлен Дедек