Таразда енді ыстық су қысы-жазы беріледі

Жаз бойы ыстық судың болмауы жалпы тараздықтардың жүйкесін жұқартып болды. Бұл қанша жерден инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін қайта жаңғыртудың барысы десек те, тұрғындар жаз шықса, ыстық су беруді тоқтатудың мәнісін түсіне алмай келген еді. Енді, міне, жаңа жылыту маусымынан бастап, ыстық су қысы-жазы берілетін болды. Бұл туралы біз облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің шаһардағы қазба жұмыстар жүргізіліп жатқан көшелерді арнайы аралау барысында көз жеткізген едік, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агентігі.

Көне шаһар тұрғындарын қуанышқа кенелткен жаңалық жөнінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров жылу құбырларының жөндеуден өту барысын бүге-шүгесіне дейін баяндаған еді. Ол осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жіті бақылауда екенін айтады.

– Жалпы жылу жүйелерін жөндеуге 2018 жылы республикалық бюджеттен 9,6 миллиард теңге бөлінді. Оның 1,7 миллиард теңгесі өткен жылы игерілсе, 7,6 миллиард теңге ағымдағы жылға қаралды. Республика деңгейінде жылу жүйесін қалпына келтіруге ең қомақты қаржы Жамбыл облысына бөлініп отыр. Сонымен қатар осы уақытқа дейін мұнша көп қаржы және ұзақ шақырымды құрайтын жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген.

Ағымдағы жылы 18,6 шақырым жылу жүйесін толықтай жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Негізі Тараз қаласындағы жылу жүйелерінің ұзындығы 188,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде 40 шақырымы – магитстральді желі. Қазіргі таңда қаладағы жылу жүйесінің 80 пайызға жуығының тозығы жеткен.

Одан бөлек ауызсу бойынша 10 шақырым магистральді желіні ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар Тараз қаласындағы 37,4 шақырымды құрайтын газ тарату жүйесін модернизациялау жұмыстарын жүргізуде, – деді Нұрлан Жанұзақұлы

Жалпы қалпына келтіру жұмыстарына баса мән берілуде. Мердігерлер үш жылға келісімшартқа отырыпты. Жұмыстар сапасыз істелген жағдайда мердігерге айыппұл салынатын көрінеді. Бір айта кетерлігі М4 магистралін жаңғыртудың артықшылығы зор. Оның негізгі жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталып, ыстық суд 10 қыркүйектен бастап беріле бастайды екен. Ең негізгі қуанышты жаңалық – келесі жылдан бастап ыстық судың жыл он екі ай берілетіндігі.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы