Жамбылдық дихандар күндіз-түні еңбек етуде
Жердің төсін емген дихандарды кетпен асырайтыны ақихат. Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен шаруа үшін қазір қауырт шақ. Қазіргідей қызу науқан шаруаның сылбыр қимылдағанын күтпейді. Сондықтан да қазақ жаздың әр күнін жылға азық санаған. Әсіресе, бітік шыққан ақ егісті шашпай-төкпей жинап алу, еселі еңбектің маңдай терін қырманға тау-тау болып үйілген қызыл дәнмен өлшеу, оны ақтап қамбаға жөнелту шаруа үшін басты парыз,- деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлотың айтуынша, егіс алқаптарынан қазіргі уақытқа дейін 482 434 тонна өнім алынып, өңір бойынша орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 22,4 центнерді құрапты. Бүгінгі күнге дейін аймақтағы аудандардың алды егіннің 85 пайыздан астамын жиналып үлгерген. Астықтың 80 пайызын жинаған Шу ауданында әр гектарынан алынған өнім 23,7 центерді құраса, Байзақ ауданында гектарына 23,1 центнер, Т.Рысқұлов ауданында 23 центнер және Қордай ауданында 22,5 центнерге жетіп, облыстық деңгейден жоғары көрсеткішке тұрақтаған.
Биыл 328 706 гектарға арпа-бидай егілсе, қазіргі уақытта оның 215 070 гектарынан орақ жүріп өткен. Жауапты науқанға 782 комбайн қатысуда екен.
Астықты ысырапсыз жинап алудың маңызды шарты – шаруалардың қолында дизелдік отынның жеткілікті болуы. Жалпы биылғы шілде-қазан аралығындағы жиын-терін жұмыстарына 16 200 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініпті.
Басқарма мамандарының айтуынша, бірқатар аудандарда егін орағы аяқталуға таяса, енді бір аймақтарда белгілі себептерге байланысты науқан кеш басталған. Мәселен, Талас ауданында егіс алқаптарының Қаратау жотасында орналасуына байланысты бірнеше жеті кідіріс болатын көрінеді. Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, қазіргі уақытта қарқынды жүргізіліп жатқан егін орағы тамыздың онына дейін жалғасады. Дәнді-дақылдың 20 пайызы жиналыпты. Жалпы аудан бойынша 4 000 гектарға күздік бидай, 1 310 гектарға жаздық арпа себілген. Орта есеппен арпа гектарына 17 центнерден, бидай гектарына 14 центнерден айналуда.
Шу ауданында да егін орағы 10 күннің ішінде аяқталады деп күтілуде. Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетбаев берген мәліметтерге сүйенсек, аймақта 21 640 гектарға арпа, 14 710 гектарға бидай орналастырылыпты. Жалпы аудан бойынша барлығы 2 732 шаруа қожалық тіркелсе, оның 496-сы ғана мал шаруашылығымен айналысса, қалғандары егін шаруашылығына ден қойған. Бақыт Аязұлы аудандағы астық жинаушылар қажетті жанар-жағармаймен және өзге де науқанға қажетті техникалармен толықтай қамтамасыз етілгенін, бұл орақ науқанын табысты түрде әрі өз уақытында аяқтауға алғышарт екенін жеткізді.
Сонымен қатар агроқұрылым жетекшілері де ағымдағы жылы ауа райының шаруаға қолайлы болуы егіннің бітік шығуына үлкен әсер еткенін айтады. Тіпті, Т.Рысқұлов ауданындағы кейбір шаруа қожалықтарда гектар берекелілігі 28-35 центнерге дейін жетіпті. Аталған аудандағы «Ұзақ» шаруа қожалығының төрағасы Төлеген Жұдырықовпен тілдескенімізде егін өнімділігі жылдағыдан жоғары болып, көңіл жайлы екенін айтады.
Сол секілді Т.Рысқұлов ауданы, Абай ауылдық округіндегі құрылғанына үш жыл болған «Нартай» шаруа қожалығының төрағасы, жұмысшылары биылғы егін орағы табысты болғалы тұрғанын жеткізді. Қазіргі таңда қожалықта 10-15 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға да ауыл азаматтары тартылып, қосымша күш жұмылдырады екен.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы