Павлодар облысында кадрлық ауыс-түйістер болды
Облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесі кадрлық тағайындаулардан басталды. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аппарат кеңесінде жаңа басшыларды таныстырды.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға бұған дейін Атырау облысының мемлекеттік қызмет істері департаментін басқарған Тоқтасын Жұмағұлов тағайындалды.
Тоқтамыс Жұмағұлов 1965 жылы дүниеге келген, Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 3 жоғары білімі бар, заң ғылымдарының кандидаты.
Ол еңбек жолын 1990 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде политэкономия кафедрасының оқытушысы ретінде бастап, 2000 жылға дейін аға оқытушы және кафедра меңгерушісі лауазымдарын атқарған. 2000 жылдан 2007 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шығыс-Қазақстан облысы бойынша басқармасының басшысы, басшының орынбасары болып қызмет етті. 2007 жылдан 2011 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақмола облысы бойынша басқармасының басшысы – Агенттіктің тәртіптік кеңесінің төрағасы.
2011-2013 дар аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шығыс-Қазақстан облысы бойынша басқармасының басшысы. 2013 жылдың наурызынан шілдесіне дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің мемлекеттік қызмет өткеру бөлімінің меңгерушісі болды. 2013-2016 жж.. — Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шығыс-Қазақстан облысы бойынша Департаментінің басшысы, 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Атырау облысының мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар, Болат Бақауов екі басқарманың біріктірілгені туралы хабарлады. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары қала құрылысы мен жерді бақылау басқармасы болып қайта құрылды. Жаңа ведомствоның басшысы болып бұған дейін сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жетекшілік еткен Азамат Нығматов тағайындалды.
Облыс әкімі жаңа басшылардың қызметін сәттілік тілеп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Әлихан Рахметоллаұлы