Жерұйық көрем десең, Кегенге кел!
Әріптесіміз Ербол Азанбек пен Бауыржан Кариповтың ұйымдастыруымен, Кеген ауданы әкімдігінің қолдауымен, Саты ауылдық әкімдік аппараты және халқының қонақжайлығының арқасында журналистер көрікті Көлсай мен Қайыңды көлдерінің көз тоймас табиғатын тамашалап қайтқан болатын. БАҚ-ның әр саласынан сараланған 35 журналистің басын қосқан бұл турдың негізгі мақсаты — отандық туризмді насихаттау, еліміздің көрікті келбетіне көз салу, сұлулықты өзгеден емес, өзімізден іздеу еді. Сапар барысында түйгеніміз: біздің дархан даламыздың қайсібірі де, әсіресе жер жәннaты саналатын Жетісу өлкесінің әрбір аймағы табиғи сұлулыққа тұнып тұрған киелі мекен екен ғой, тек әрбір тұлға бағалай білсек болғаны. Біз сапар шеккен Көлсай мен Қайыңды көлдерінен осы жайтты анық аңғардық. Талайды тамсандырып, таңдай қақтырған осы бір киелі мекеннің өзіндік өзгешелігі мен тарихына көз салсақ…
Көлсайым, сұлулықтың
көркі ме едің?
Көлсай көлдері – Алматы облысы, Кеген ауданы (бұрынғы Райымбек) жерінде, Күнгей Алатауының Күрметі және Саты асуларынан бастау алатын кішігірім өзендер суынан пайда болған.
Көлсай көлдерін «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» деп те атайды. Бұл мекеннің сұлулығына тамсану үшін бір күн аздық етеді. Жаяу серуендеп, атпен немесе тау велосипедімен саяхат жасасаңыз ғана Қайыңды көлінің сырлы табиғаты мен жұмбағына қанығып, көркіне көз тойдыра аласыз.
Түнде тау шыңдары мен аңғарлар басқаша көрінеді. Тылсым да орасан ұлғайып айрықша сезімдер туғызады. Сан алуан көлеңкелер тау жоталарындағы қою шыршалардың арасын кезеді. Ал мұп-мұздай суық суы шуылдай ағып, толқып жатқан ойпатта не жасырынған?.. Біртіндеп ауа сергіп, таң арайлап ата бастайды. Терең көлдің түбіне тянь-шаньдық шыршалар, тік жарлауыттар мен шексіз аспанның сәулесі түседі. Аспан көкпеңбек бола түседі. Оны осылай тек тауда ғана көруге болады. Бұл Көлсай өзендерінің аңғары. Тянь-Шанның солтүстік-шығыс бөлігі – Күнгей Алатауының жоталары. Аңғарда табиғи жағдайда пайда болған көрікті үш тау көлі – Төменгі Көлсай (Саты), Орта Көлсай (Мыңжылқы) және Жоғарғы Көлсай орналасқан. Тіпті олардың Көлсай-1, Көлсай-2 және Көлсай-3 деген де шартты атаулары бар.
Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1818 метр биікте жатыр. Ол туристердің баруына өте ыңғайлы, оған көлікпен баруға болады, ал одан әрі жол тау соқпақтарына ұласады. Бұнда жаяу немесе салт атпен де жүруге болады. Ал анда, таудың ар жағында, 2850 метрлік биікте ең биік көл – Көлсай-3 орналасқан. Бұл “Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі ағайынды үш көлдің ішіндегі ең кішкентайы, ең таязы және ең суығы. Бұған су тұп-тура мұздақтардан кеп қосылады. Жартасты жағалауларға бұталар мен тау гүлдері көрік береді. Ал тянь-шаньдық шыршалар бұл арада онша көп емес. Бұл жерден “шренк шыршалары” өсетін жоғарғы шекара өтеді. Төменгі Көлсайдан Жоғарғы Көсайға дейін тау ішімен 16 километр жүріп өтуге әркімнің шамасы жетпейді. Тап осы жерден экстримал-туристер Сарыбұлақ асуы арқылы жаяу Ыстықкөлге аттанады…
Жоғарғы Көлсайдан өзен ағып шығады да Ортаңғы Көлсайды – (Мыңжылқыны) мұздақ суымен қоректендіреді. Көлсай-2 теңіз деңгейінен 2252 метр жоғарыда орналасқан. Ортаңғы Көлсайдың тереңдігі 50 метрге жетеді. Бұл – үш көлдің ішіндегі ең үлкені. Оның сыртқы түрі жүрекке ұқсас. Бұнда тянь-шаньдық шыршалар патшалық құрған. Жағалауда жеміс-жидекті бұталар көп. Ауаға қылқан жапырақтардың хош иісі мен тау салқындығы сіңген. Жан баспаған пәк табиғат жолаушыны шаттыққа бөлеп, еліктіре түседі. Көлсай өзендерінің аңғарымен бірінші көлге қайта ораламыз.
Ол ең терең көл төменгі Көлсайдың тереңдігі 80 метрге жетеді. Көлсай-1 көлінің ұзындығы бір шақырымға созылған, ал ені 400 метрге дейін жетеді. Су мөлдір де айнадай. Таңертеңгі уақытта көл бетіне таулар мен аспанның сәулесі түседі…Осынау күн сәулесімен жылтылдай құбылатын көрікті көріністерді сағаттар бойы сүйсіне қарап отыруға болады. Су астындағы өсімдіктер де айрықша жарқырап көзге шалынады. Тап-таза көл суынан кемпірқосақ түсті ханбалықты оңай көруге болады. Жер жәннаты атанған Жетісудің тамаша табиғаты туралы әңгіме бола қалғанда көпшілік қауымның «Көлсай көлін айтсаңшы, табиғаты қандай ғажап?!.» деп таңдана таңдай қағатыны ақиқат. Десек те, дәл осы Көлсайдан небәрі төрт-бес шақырым жерде «Қайыңды» деп аталатын жаратылысы айрықша, керемет көл бар екенін бүгінде көпшіліктің бірі білсе, біреулерінің білмейтіні анық. Бірақ жаратылысы өзгеше және емдік қасиеті де ғаламат көлдің көрудің өзі ғажап екен.
Қайыңдыға
қамқорлық қажет
Бір көруді армандап жүрген қиялымыздағы Қайыңды көлін осы сапарда көріп қайттық. Көзбен көрген сұлулықты сіздерді де таныстыра өтейін. Сонау бір замандарда бұл аймақта өте қатты жер сілкінісі орын алып, соның салдарынан аймақ адам танымастай өзгеріп шыға келіпті. Сұлулығына көз тоймайтын Көлсай шатқалындағы Қайыңды көлі 1910 жылдары болған қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болған. Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікке орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде 40 метр.
Қайыңды көлі аумағында жеміс-жидектің 20-дан астам түрі (шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш т.б.) өседі. Осындай дәруменге бай тау жемістерді жергілікті тұрғындар пайдаланады екен. Сондай-ақ, мұнда сусын дайындауға таптырмайтын қалақай,қымыздық, шайқурай да бар. Бұған қоса, мұнда емдік қасиеті мол шетен, долана, итмұрын, тобылғы, қарақат көп өседі. Соңғы дерекке жүгінсек, мұнда дәрілік шөптер мен жеміс-жидектердің 47 түрі кездеседі. Олардың кейбіреуі бүгінгі күні ұлттық фармацияда қолданылуда. Сонымен қатар Қайыңды көлі аймағында біртіндеп жоғалып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 12 түрі – күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Семенов айдаршөбі, жирен ақбас қурай, сабақсыз лейоспара, күмбел саршатыры, т.б. өсімдіктер бар. Бұл – баға жетпес, орасан зор байлық. Тек ретін тауып, халықтың қажетіне жарата білсек болғаны.
Көлдің айналасы аң-құстарға да толы. Мысалы, мұнда құстардың 197 түрі, оның ішінде орманда мекендейтін 82 түрі кездеседі. Еліміздің Қызыл кітабына енген сүт коректілердің – 6, құстардың – 13 түрі осында. Олардың арасында аң атаулыдан Тян-Шаньның қоңыр аюы мен әйгілі арқары, тау сусары, қар ілібісі, түркістан сілеусінін де, құстардан қара дегелек, бақалтақ қыран, бүркіт, құмай, үкі, жүнбалық байғыз, жапалақ, шымшықты да осы өңірден қиналмай кездестіресіз. Жалпы Қайыңды көлінің керемет қасиеті туралы: «Қайыңдының кереметтігінің өзі сонда, мұнда келген әрбір адамның бүкіл жүйке жүйелері айрықша дем алып, ерекше күйге енеді. Бұл – көлді қоршаған биік тауда өсетін көрікті де әсем Тянь-Шань шыршаларымен қоса, көлдің ортасына ерекше көрік беріп тұрған қылқан жапырақты ағаштардың үйлесімді нәтижесі болса керек» дейді. Бұған қоса, көл суының да алуан түрлі ауруларға шипасы, яғни емдік қасиеті бар. Көл суы күні бүгінге дейін толық зерттелген жоқ. Алайда, мұнда келген шетелдік және жергілікті демалушылар Қайыңды көлінің кереметтігін, оның суында өзіне ғана тән ерекше қасиет бар екендігін жиі айтады. Бұл мәселе біздің ғалымдарымыздың жан-жақты зерттеуін қажет етеді. Өкініштісі сол, 1910 жылдары орын алған қатты жер сілкінісі салдарынан пайда болған Қайыңды көлі дәл қазір Үкімет тарапынан ескерусіз қалып отыр. Соның салдарынан осыдан бірер жыл (2010 жылы) бұрын көлдің суы осындағы табиғи тоспадан асып төгіліп, қаншама су далаға ағып кеткен. Алдағы уақытта мұндай апатқа жол бермеу үшін біз Қайыңды көліне шұғыл түрде тоспа жасап, тоспаның биіктігін көтеру қажет. Өйткені, Қайыңды көліне мемлекеттік деңгейде көңіл бөліп, оны сақтап қалудың амалын қарастырмасақ, күні ертең Жаратушымыз сыйға тартқан көрікті көлден айрылып қалуымыз әбден мүмкін…
Кәмшат Айдарханова