Каспий жағасында поэзия кеші өтті
Ақтауда жастар жылы аясында қарт Каспийдің жағасында алғаш рет аспан астындағы сыр мен сезімге толы «Поэзия кеші» өтті. Руханы шараның ұйымдастырушысы «Ақ жол-жастар» жастар қанаты.
Кештің шымылдығын ұлттық әдебиетіміз бен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған кемеңгер тұлға қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сын, публицистика, аударма жанрларына қомақты үлес қосқан қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаевтың қарт Каспийді суреттеген “Теңіз жағасындағы ой” өлеңімен ашылды.
Иә, Маңғыстау дегенде Әбіш Кекілбаевтан кейін Сабыр Адай ағамыз еске түсетіні рас. Киелі Маңғыстауды қалай жырласақта жарасады. Өйткені тарих тереңіне сүңгіген сайын, жүріп өткен әр бір жолы мен оқиғасы аңызға айналған қасиетті мекен.
Кешті өлкеміздің бойтұмарына айналған Сабыр Адай ағамыздың «Маңғыстау» атты жырымен Іздібайұлы Ринат жалғады.
Баршаға құшағы ашық, пейілі түзу, тау-тасын түртіп қалсаң, сөйлеп кеткелі тұрған шешірелі мекен Маңғыстаудың жас ақыны, отауыз орақ тілді нарқасқа ұлы Фархад Мусаевтың «Маңғыстау» атты өлеңін Әбәбүкір Перизат қалың көрерменге тарту етті.
Каспийдің сұлулығы да көп ақынның шабытын шақырды десек артық емес. Каспий өлке тұрғындарының сырлас досы. Қуанышты да, мұңды да, сезімді де тулаған толқынға ақтарғымыз келіп тұрады. Дәл осылай Каспиймен сырласқан өр рухты ақын қыз Шынар Түйешиеваның «Каспийге сыр» жырын Бектұрсынова Нұргүлдің оқуында Ақтау тұрғындары тындады.
Қазақ поэзиясындағы тұғыры тұлғалардың бірі, қазақ даласындағы аузымен құс тістеген айтулы шайырлардың заңды жалғасы Төлеген Айбергенов шығармаларын поэзия кешінде ауызға алмау мүмкін емес. Ақиық ақын өзінің аз ғана ғұмырында ұлттық әдебиетімізде өшпестей із қалдырды. Төлеген Айбергеновтың «Ана», «Бір жетсе менің ажалым жетеді» атты жырларын Хасанова Жұлдыз, Базарбай Индира оқып, Маңғаз өлкенің аспанына ұшырды.
Майданда қорқақ жауынгер жексұрын болса, әдебиетте жалған жазушы жексұрын… Кәусар бұлақтай саф таза жыр, нағыз мөлтілдеген поэзия деп Жаңаөзендік жас ақын Тілеген Әлидің жырларын айтсақ артық болмас. Поэзия кешінде ақынның «Пір Бекеттің, бекеті» атты жырын Әбәбүкір Перизат оқыды.
Әрдайым қара өлеңге деген махаббат отын тұтатып отыртын, өлеңнің тұла бойына, табиғи болмысын еңгізіп дараланып тұратын Маңғыстаудың тағы бір жас ақыны Асылбек Жаңбырбайдың Ман-ата жырын келген көрермен Ирзабекова Жансаяның оқуында тыңдады.
Әдебиет сүйер қауым үшін өте танымал тұлға, Мұнаралы Маңғыстаудың төл ақыны Светқали Нұржан ағамыздың өлеңдерін «Поэзия кешінде» жастардың оқуы бірден бір парыз деп білеміз. Өйткені ақын өзіңнің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытып, көкірегімізге ұлттық сенім мен сана ұялатып жүр. Светқали Нұржан ағамыздың «Сенің нұрың» атты жырын Оралбаева Айнұр оқыды.
-Бұл, «Поэзия кеші» жастар жылы мен «Абай МДК» 45 жылдық мерекесіне орай, «Ақ жол-жастар» жастар қанатының тартуы. Мақсатымыз, қазақ поэзиясының рухын биіктету, насихаттау. Қара сөздің қадірін түсінетін халыққа елімізге, облысымызға танымал азулы ақындардың жырларын ұсындық. Сондай-ақ, өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ әдебиетінің жауһар жырларын жаттасын, білсін деген ой. Бұл ашық аспан астындағы Поэзия кешін алдағы уақыта жалғасын тауып, дәстүрге айналдырғым келеді. Кейінгі болатын кештерде басқа ақындардың жырларын төгетін боламыз, дейді «Ақ жол-жастар» жастар қанатының жетекшісі Ғазиза Бақтиярқызы.
Қазақ поэзиясына жүректен шыққан нәзік лиризм мен сананы сілкіндірер шыншыл сезімін әкеп ажарландырған, көктемгі ақ жауындай түрлендірген Ақұштап Бақтыгереева. Бүгінгі, ұрпаққа айтылған ақыл-өсиеті, таңба басқандай жазған ойлары ақынның өлеңінде сайрап тұр. Соның бірі «Сіңілге сыр» атты жыры. Кеште бұл жырды жырсүйер қауымға шараны ұйымдастырған Ғазиза Бақтиярқызы оқыды.
Қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, махаббат тақырыбының жыршысы Мұқағали Мақатаевтың жырлары да поэзия кешінде орындалды.
Сонымен қатар, Ақшагүл Рамазанова, Мұхтар Шаханов, Анар Шамшадинова, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезектің де өлеңдері оқылды.
«Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған шарада көрермен ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға рахметін айтты.
Айман Нұрмағанбет