Әкім аграрлық-техникалық колледждерді оңтайландыру жұмысын сынға алды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі жыл ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесі тиімділігін жоғалтқанын, ал, өңірдегі аграрлық-техникалық колледждер бұрынғыша еңбек нарығында қажетсіз  мамандарды даярлап жатқанын айтты.

Облыстық әкімдікте өткен техникалық және кәсіби білім беру жүйесін трансформациялау жөніндегі жұмыс туралы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы баяндады. Егер, 2018 жылдың басында ТжәнеКБ ұйымдарының жүйесінде  51 нысан болса, қазіргі кезде 44 колледж жұмыс жасайды. Олардың 29-ы мемлекет меншігінде. Колледждердегі мамандықтар саны 148-ден 162 біліктілікке дейін артып, жаңа 15 мамандық ашылды. Алайда, орта білім беру ұйымдарының жұмысындағы негізгі қиындық кәсіби бағыттауға байланысты болып отыр.

— Мен нарықта сұранысқа ие жаңа мамандықтар мен кәсіптерді енгізу туралы талай рет тапсырма бердім, — деді аймақ басшысы. – Мамыр айынан бастап маған сұраныстан шыққан мамандықтар көрсетілген мемлекеттік білім беру тапсырыстарын бекіту туралы қаулыларды қол қоюға әкеп жүр. Бұл мамандықтарда оқыған түлектер жұмысқа тұра алмайды! Мәселен, жақында ғана республикалық басылымдардың бірінде еліміз бойынша сұранысқа ие мамандықтар көрсетілген мақала жарияланды. Ол мамандықтардың қатарында аспаздар, техниктер, технологтар, кондитерлер бар. Біз болсақ жыл сайын бір оқушыға 1,2 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсап, осы мамандықтар бойынша бюджеттік қаражат бөлеміз. Мәселен, биылғы жылы Успен аграрлық-техникалық колледжінде 15 кондитер даярлауға мемлекеттік тапсырыс бөлдік. Колледждің кондитерлерді даярлауға қауқары жете ме? Сонда, біз қандай кондитерлер даярлап шығарамыз?

Облыс әкімі аудандарда орналасқан аграрлық-техникалық колледждерге ерекше назар аударды. Тексеріс байқатқандай, колледждердің көбі өз түлектерінің жұмысқа орналасқаны туралы жалаң есеп береді. Ал, түлектердің тіпті зейнетақы шоттары да жоқ, яғни, олар міндетті зейнетақы аударымдарын алмайды деген сөз. Сонымен қатар, ауылдық колледждердегі әкімшілік және қызмет көрсету персоналының штат кестесі экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Мысалы, 40 жатын орынға лайықталған Аққулы ауданындағы жатақханада тізім бойынша 25 оқушы бар, ал, тексеріс кезінде мұнда 7 студент қана бар екендігі анықталды. Ал, жатақхана штаты бойынша мұнда меңгеруші, жатақхана бойынша кезекші, шеберхана меңгерушісі, құрал-жабдықтар инженері және басқа да жұмыскерлер қызмет етеді.   

Айта кету керек, сегіз оқу мекемесін бір оқу орнына біріктіру туралы тапсырмадан кейін Красноармейка колледжіне Баянауыл, Май және Аққулы ауданының колледждері ғана біріктірілді. Болат Бақауов жауапты тұлғалар бұл қадамға осы үш колледжді жаппау үшін ғана барды деп есептейді.  

— 11 мың адам ғана тұратын Май ауданындағы колледжде кімдерді оқытып жатырмыз? – деді аймақ басшысы. – Бұл колледжде қаржының көп бөлігі оқытушылардың еңбекақысы мен көмір сатып алуға жұмсалады. Білім беру басқармасы  екі жыл бойы ТжәнеКБ ұйымдарын оңтайландырумен айналысып, осы уақытқа дейін түк бітірмеген. Білім беру басқармасының басшысына әрекетсіздігі мен тапсырмаларды орындамағаны үшін сөгіс жариялаймын.

Тағы да бір үлкен мәселе – кәсіби бағыттау жұмысының жүргізілмеуі. Әкімнің айтуынша бұл бағыттағы жұмыс мүлдем жүргізілмейді.

— Жұмыс сапарымның бірінде Шідерті кентінде болып, тоғызыншы сынып оқушыларымен кездестім, — деді Болат Бақауов. – «Қайда оқуға түсесіңдер?» деп сұрағанымда 12  оқушының бәрі бірдей Ресейде теміржолшы мамандығын алғысы келетіндерін айтты. Шідертіде Қ. Сәтпаев атындағы канал ағып жатыр. Бізге су ресурстары бойынша мамандар, гидромелиораторлар жетіспейді. Ауыл шаруашылығында білікті агрономдар, зоотехниктер, гидротехниктер жоқ. Ал, өзіміздің балалар туған жерінде оқығысы келмейді. Неге? Өйткені оларды кәсіби бағыттаумен ешкім айналыспайды.

Аймақ басшысы аграрлық-техникалық колледждерді оңтайландыру және кәсіби бағыттау мәселесін тамыздағы педагогикалық конфеернцияда көтеруге уәде берді. Сонымен қатар, ол бұл мәселемен жергілікті әкімдердің орынбасарлары, сондай-ақ, қалалық және аудандық депутаттардың да айналысуын талап етті.

Әлихан Рахметоллаұлы