Таразда тарихи кітаптың тұсауы кесілді

Тараз өңірінің тарихы туралы тағы бір кітап жарық көрді, – деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Достық үйінде «Сакральный қазақстан. Святыни  древнего Тараза » атты еңбектің  тұсауы кесілді. Журналист – фотограф —  Михаил Теның  13 тараудан тұратын кітабының тұсаукесеріне өңірдегі зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен жас оқырмандар қатысты.

Кітап негізінен фотосуретке құрылған. Онда 100 – ге жуық,  Тараз қаласында орналасқан көне ғимараттар мен тарихи орындардың  суреттерін көресіз. Осылайша Автор бұл туындысында киелі өлке жайлы сыр шертеді.

–  «Шынын айтқанда, бастапқыда бұл еңбегім осылай үлкен кітап болып шығады деп ойламаған едім. Бастыпқыда әр тақырыпты жеке қарастырып, мақала ретінде жаздық. Кейін оның барлығын топтастырып міне, кітап етіп шығардық. Оқырмандар еңбегімізді жоғары бағалайды деген ойдамыз», – дейді жаңа кітаптың авторы.

Михаил Тёның төл туындысы Тараз тұрғындарының туған өлкесіне деген махаббатын арттырады.  Шет елдік туристер үшін де ақпараттық – танымдық құрал болмақ.

Тамыры тереңге тартқан киелі өлкенің өміршең өткені хақындағы туындыға археолог мамандар да қызығушылық білдірген. Соның бірі Ескендір Торбеков.

 – Бұл кітаптың оқырманға берері көп. Көне Тараз жайлы ақпараттар 14- 15 ғасырда жазылса, соңғысы тек 19 ғасырда ғана ресми түрде зерттеліп жазылған болатын. Онда танымал археологтар мен тарихышылардың еңбегі жарияланған еді. Енді міне, Тәуелсіз Қазақстанда Михаил Те – ның мына еңбегі жарық көрді. Өте сауатты жазылған туынды,– деп тілек білдірді археолог.

Тарихи мол мұраны түгелдеген кітаптың мұқабасы да ерекше. Бұл еңбек оқушылар мен студентер үшін де, тарих, өлкетану тақырыбына қызығушылық танытатын адам үшін де пайдалы болмақ.

Айта кететін жәйт, Республикалық «Казахстанская правда» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, суретші, фотограф, дизайнер Михаил Те тек журналист қана емес, бейнелеу өнерінің шбері әрі талантты композитор. Аталмыш кеш барысында ол осы өнерлері туралы кеңінен сыр шертіп, көрерменге гитарамен әуезді ән орындап берді.

– Бейнелеу өнері – ол менің жан дүниемдегі сезімдерімді қылқалам құдіреті арқылы жеткізе алатын ғажайып әлем. Сол әлем арқылы және мен өзімнің жүректегі ең әсем, жұмбақ та тылсым ғажайыптарымды жеткіземін. Мен қолыма қылқалам алғанда, уақытқа сіңіп кетемін. Қылқаламның өз уақыты бар, ол ешқандай сәтке бағынбайды. Жазуым да дәл солай жаныма ләззат сыйлайды. Менің өмірімдегі ең үлкен құндылық – өнер, – деп ағынан жарылды автор.