Елордалық екі мыңнан астам бала «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алады
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында қала әкімдігі 2255 балаға көмек көрсетеді, деп хабарлайды мекеменің ресми сайты.
Акция жалпыға міндетті білім беру қорының құрамына кірмейтін, бірақ мұқтаж болып табылатын аз қамтылған, көп балалы және жағдайы нашар отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығысыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.
Акция аясында «Есіл» ауданынан 400, Байқоңыр ауданынан – 600, Алматы ауданынан – 672, Сарыарқа ауданынан – 463 оқушы көмек алады. Тағы 100 бала қалалық білім басқармасының қолдау шараларымен қамтылады.
Акцияға қатысушыларға отандық өндірушілердің мектеп формасы және қажетті оқу құралдары беріледі.
Осылайша, оқушыларға берілетін мектеп формасының орташа бағасы — 30 000 теңге. Ұлдарға арналған пиджак, шалбар, жейде — 22000 теңге және аяқ киім — 8000 теңге; қыздарға — пиджак немесе күрте, белдемше, жейде, поло — 22000 теңге және аяқ киім — 8000 теңге.