Павлодар облысының сапаржайларында мемлекеттік қызмет көрсету алаңдары ашылады
Мемлекеттік қызмет алу бойынша өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары сауық алаңдары мен Қазпошта бөлімшелерінің жанынан ашылады. Бұл туралы Инвесторлар үйінде өткен өз-өзіне қызмет көрсету бұрышының таныстырылымында айтылды.
Ендігі жерде кәсіпкерлерге өздеріне қажетті мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-на бармастан-ақ алуына болады. Бұл квазимемлекеттік секторда ашылған тұңғыш өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы. Мұндай алаңдар қазірдің өзінде білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде, ауылдық әкімдіктер мен кітапханаларда жұмыс істеп тұр. Жалпы, облыс бойынша 700-ге жуық өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары бар. Олар арқылы бес мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қызметтердің ішінде көбінесе мекенжай, жылжымайтын мүліктің бар/жоғы, сотталмағаны туралы анықтамалар алынады.
— Қазір біз обылс әкімдігімен бірлесіп, осындай бұрыштарды теміржол сапаржайында, сауда-сауық орталықтарында және Қазпошта бөлімшелерінде ашу мәселесімен айналысып жатырмыз, — деді өңірлік Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Ол мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі азаматтардың барлығына, бірінші кезекте бизнес өкілдеріне қолжетімді әрі түсінікті болуы керектігін атап өтті. Таныстырылым барысында кәсіпкерлер мен қызмет берушілер үшін осы саладағы күрделі мәселелер бойынша семинар өткізілді. Кездесу барысында жол көлік бақылауы, ауыл шаруашылық және шағын бизнес салаларын қаржылай қолдау мәселелері көтерілді.
Кәсіпкерлер өз кәсібін «Ашық Үкімет» порталында онлайн режимде жабу мүмкіндігін қарастырып, қоғамдық көліктер мен орындарда, телевидениеде оқыту бейнебаяндарын көбірек көрсетуді ұсынды. Мемлекеттік қызмет істері Департаментінің басшысы барлық айтылған ұсыныстар бақылауға алынып, тиісті органдарға қарауға жіберілетінін айтты.
Әлихан Рахметоллаұлы