«Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша 2 млн-нан астам өтініш тіркеді
«Азаматтарға арналған үкімет» бір жылда жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі бойынша 2 млн 30 мыңнан астам өтініш тіркеді. Естеріңізге сала кетейік, жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі Әділет министрлігінің құзіретінен мемлекеттік корпорацияға 2018 жылдың 30 шілдесінде берілген болатын.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы мен Қарағанды облыстарының тұрғындары жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметтерін ең белсенді алушылар болып отыр. Атап айтсақ, 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап 2019 жылдың 31 шілдесіне дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында 228 мыңнан астам өтініш тіркелген, елорда тұрғындарынан 209 мыңнан астам және Қарағанды облысынан 157 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Ал Қызылорда (58 мыңнан астам өтініш), Атырау (62 мыңнан астам өтініш) және Маңғыстау (73 мыңнан астам өтініш) облыстарында жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметіне деген сұраныс төмен.
Айта кетейік, көрсеткіштерді есептеу кезінде құқықтың пайда болуы, деректердің өзгеруі, ауыртпалықтарға және екінші деңгейдегі банктермен келісім шартқа отыру бойынша өтініштер ескерілді.
«Бүгінде жылжымайтын мүлікті қысқа мерзімде рәсімдеуге болады. Бас-аяғы 3 жұмыс күні ішінде мүлігіңіздің тіркелгені туралы мөртабасы бар қажетті құжат қолыңызда болады. Дегенмен, біз азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметті одан әрі оңтайландырып, алдағы уақытта тіркеу уақытын 1 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз», – дейді мемлекеттік корпорация төрайымы Әсемгүл Балташева.
Айта кету керек, жылжымайтын мүлікті тіркеуге өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» және нотариустар арқылы беруге болады