Екібастұз қаласының әкімі болып Ержан Иманзайыпов тағайындалды
Кеншілер шаһарының жаңа басшысын қала активіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды.
Ержан Иманзайыповты таныстыру кезінде аймақ басшысы оның кандидатурасы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісілгенін айтты.
— Екібастұзда индустриялық аймақ құру мәселесін бақылауға алу қажет. Оның үстіне жаңа аймақты құруға қажетті электр желісі мен станцияның құрылысы туралы шешім де қабылданып үлгерді, — деді облыс әкімі жаңадан тағайындалған қала әкіміне. – Мемлекеттік жеке меншік әріптестік механизмдері арқылы инвестициялар тартуға баса назар аудару қажет. Соңғы үш жылдың ішінде Екібастұздың дамуына жоғарыда тұрған бюджеттерден қомақты қаражат бөлінді. 2017 жылы бұл сома 4,7 миллиард теңгені құраса, 2018 жылы — 9,9 миллиард теңге, 2019 жылы – 13 миллиард теңге бөлінді. Екібастұзға бұрын-соңды мұндай ауқымды қаржы бөлінбеген еді. Сондықтан да, инвестициялар көлемі де арта түсуі тиіс.
Ержан Иманайыпов 1984 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 2006 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша, 2010 жылы — Алматы экономика және статистика академиясын «Қаржы» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 2006 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастады.
2006 жылдан 2007 жыға дейін Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің жетекші маманы қызметін атқарды.
2007 — 2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы, сарапшысы қызметтерін атқарды.
2011 жылдан 2013 жылға дейін — Ақмола облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, 2013 жылдан 2014 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді.
2014 жылдан 2016 жылға дейін — Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, 2016 жылдан 2017 жылға дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2017 жылғы қараша айынан бері Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.
Әлихан Рахметоллаұлы