Димекеңнің батасы немесе бір суреттің сыры
Дархан даламыздың дара тұлғалы азаматтарының бірі, белгілі мемлекет, қоғам қайраткері болған қадірменді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы сайын даланың қара сирақ баласының бірі менің сыр толғауым әрине, өте қиын. Себебі, ол кісімен қызметтес болу жас айырмашылығына және ол кісі жоғары билік тұтқасында жүргенде, біздің төменгі қызметте болуымыз біраз нәрсені аңғартқандай.
Дегенмен, Димекеңнің өмірінің соңғы кезінде болса да ол кісімен дәмдес болып, үлкен кісінің табағынан сарқыт ішу мүмкіндігіне ие болуымның өзі өмірімнің маған тартқан үлкен сиының бірі деп ойлаймын.
Димекеңмен бетпе-бет қол алысып, жүздесуім 1992 жылдың мамыр айында болды. Ол кезде Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенмін. Көршілес Талас ауданы мал төлдету қорытындысын шы,арып, соған байланысты аудан малшыларының төл мерекесін жасап, шақырған болатын. Ауыл арасы жақын болған соң таңертең шығып, аудан әкімшілігіне келсек, ондағы кісілер кеше кештетіп аудан орталығы Ақкөл ауылына Димекең келіп, дәл қазір Талас ауданының әкімі Ералы Дадабаевтың үйінде екенін айтты.
Қой, өзіміз пір тұтатын Димекеңе жиналыстан бұрын сәлем берейік деп ат басын әкімнің үйіне бұрдық. Жолда келе жатып, бұрын қол жетпес аспандағы адамдай көрінетін ақсақал алдында бұл ісіміз қалай болар екен деп қобалжуда көңілде бар еді. Келсек, жеңіл киінген Димекең үй алдында сергіп жүр екен. Жанында өзіміздің жерлесіміз, жазушы-журналист, Димекең кітабының шығарушысы Серік Әбдірайымов бар.
-Ассалаумағаллейкум деген бізге – уаликімссалам, бар болыңдар деп қолын ұсынды. Серік ағамыз сол екі ортада бұл жігіт өзіңіз білетін көршілес Сарысу ауданының әкімі Көпбергенов Әбдіманап деген балаңыз деп таныстырды. Жақсы, жақсы, жаңа уақыт жастары ел тізгінін ұстап, жаңаша ел басқаруы қажет – деп қолымды ұстаңқырап тұрды. Сол кезде салалы саусақтарынан өн бойыма бір ізгілік шуағы тарап жатқандай болды. Бұдан соң басқа кісілер амандасып, аз-кем уақыттан соң шайға отырыстық.
Жиынға барар алдында, әлгі Сарысу ауданының әкім баласы қайда, — деп мені жанына шақырып алып, көмекшісіне айтып өзі жазған «Өтті дәурен осылай» деген әдемі мқұабалы кітабына қолтаңбасын жазып қсынды. Қасиетті кісінің өз қолынан кітабын алған мен, оны ең ардақтымдай кеудеме бастым. Содан кейін жиынға келген соң да жұртшылықтың өздері құдайдай көретін Димекеңе деген ыстық ықыласының куәсі болдық. Жиынның бар тамашасын көрген Димекең түс қайта жол жүрмекші болды. Ендігі бағыты Қаратау қаласы. Одан ары Бәйдібек баба, Домалақ ана қабірлерінің басына соғып, қасиетті Түркістандаңы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барып әрі қарай жалғаса береді екен. Қалың жұрт Димекеңді жіберер емес, ол кісі қайта-қайта бас иіп қоштасып, әрең дегенде аттанып кетті.
Менің көңілімде ең болмаса азды-көпті сұхбаттаса алмағаным-ай, осы тартына беретін мінезімді қойшы деп өзімді сөгіп, көңілімде үлкен өкініш қалды. Аудан қызметінің қам-қарекетімен 5-6 күннің өтіп кеткенін де байқамадым. Бір күні кеңсеге облыстың белгілі азаматы, Мойынқұм ауданын құрып, оның гүлденуіне үлкен үлес қосқан, ширек ғасыр аупарткомның бірінші хатшысы болған Назарбеков айтбай ағай телефон шалып, өзіне тән биязы үнімен; — Әбдіманап қарағым, ертең түсте үйде Оітүстік сапарынан қайтып келе жатып Димекең қонақта болатын еді, соған келін екеуің кел. Және біздің елдің де, (ол кісіде Сарысу ауданынан еді) Саудакенттің дәмін татсын, азды-көп өымыз-шұбат ала келерсің деді.
Өткендегі өкініштің орнын толтырар болдым-ау, деген қуанышпен ертеңіне мерзімді уақытта Айтекеңдікіне жеттім. Айтқан уақыттан кешігіңкіреп жеткен Димекең машинадан түсе, ой айналайындар-ай, тосып қалдыңдар ма, жігіттер тосса ештеңе емес, келіндерден ұят болды-ау. Шымкенттік жігіттерге мені Жамылдада ел тосып отыр десем, көнді ме – деп аңқылдап жатыр. Ішімнен біз қанша болса да Сізді тосамыз ғой, бұл да болса үлкен кісінің ұлкен кішіпейілділігі ғой деп сәлемдесуге кезек күтіп мен тұрдым. Кезек келіп қос қолымды қсынған маған: — ой, әкім балам, сен де келіп қалғансың ба, деп назар аударды. – Келін қайда? – деді. – Мен жолдасымды көрсеттім. Иіліп сәлем берген келініне көп жаса қарағым, бақытты бол деп ризашылығын білдірді.
Содан соң Айтбике жеңгеміздің мол дастарханы басында кең әңгіме-дүкен құрылды. Қайсы бірін айтайын, ұлағатты ұлы кісі кешегі, бүгінгі және ертеңіміз жайлы толғана отырып айтты. Әсіресе, еліміздің бірлігі, тірлігі жайлы. Қазақстанның мол мүмкіндігі туралы, халық сайлаған Президент – Елбасының маңына топтасуымыз туралы әркім өз орнында аянбай еңбек етуі жайлы толғана айтты.кезегімен біз де ізгі тілегімізді білдіріп жаттық, реті маған келген кезде мен де ол кісіге ақ жарма көңілімді білдіріп, денсаулық тілеп, енді Димаш көке келініңіз Сізге арнап Әсет Бейсеуов ағамыздың «Ағаларым» әнін орындап береді дедім. Менің жолдасым Башар әнді орындап болғанда, Димаш көке қол соғып, жарайды келінім әнші екен деп рахметін айтты. Үлкен кісіден рахмет алған жолдасыма қарасам, оның өңі қуаныштан балбұл жанып, төбесі көкке бір елі ғана жетпей тұрғандай.бұндайда уақыт шірікн зымыран емес пе: Ұлағатты кісімен болған 4-5 сағат бір мезеттей болмай-ақ өте шықты. Сыртқа шыққан соң қоштасар сәтте: — Димаш көке, ескерткіш болсын келініңіз үшеуіміз суретке түссек дедім. Жарайды, жарайды деген Димекеңді ортаға алып КазТАГ-тің фототілшісі Н.Кошкинцевтің алдына тұра қалдық. Сондағы түскен сурет міне осы еді. Жолдасымыз екеуіміз алып бір таудың мейірімді құшағында тұрғандаймыз. Қоштасар сәтте қолымды алып тқрып, — Әкім бала, халқыңа адал қызмет етсең, халқың да сені ешқашан ұмытпайды, қадірлейді, соны саған тілеймін, мекен-жәйді білесің Алматыға келсең үйге соғып тұр деді.
Сол жылдың күзінде еңбек демалысымды алған мен Алматыға келдім. Бірнеше күннен соң сәлем берейік деп Димекеңнің мекен-жәйіне келіні екеуміз келдік. Бізді көріп, балаларын көргендей қуанып, ел жайын сұрап: — Халыққа рахмет! Өздерің сияқты осылай амандасуға келіп тұрады, мен ұашанда халықпен біргемін ғой – деп ағынан жарылып отырды. Маған қызметте жүргенде кабинетінде тұла бойы тұтас түскен суретін силап, қазір-қазір деп басқа бөлмеге кіріп кетті. Бір кезде әдемі құтыны қолына ұстап шығып: — Мынау Зухра шешелеріңнің тұтынған заты еді, сол кісінің жолын берсін! Келінім, саған силадым, алтын-күмістеріңді салып жүр. Ал ең қымбат алтын-күміс екеуіңнің қол ұстасып жүргендерің – деді. Ол кісінің рұхсатымен үй-жәйін көріп, ырым етіп отырған орнына отырып, мәре-сәре болумен, қимай қоштасып сыртқа шықтық. Ойда-жоқта қымбат рухани байлыққа ие болған жолдасым үлкен кісінің кішіпейіл қазақшылығына бас иіп, сыйлығын ерніне апарып тәу етіп келе жатыр екен. Ал мен болсам, алыстан ағарып көрінген Алатаудың адамға ұқсаған кейпін Димекең көкем ғой деп ойладым.
Келесі жылдың (1993) наурыз айында ауданымызда атақты қобызшы Ықылас Дұкенұлының 150 жылдық мерейтойын Республика көлемінде өткізбекші болып, соның жоралғысы Алматыдан бастау алсын деп, ол кісінің музей-үйінің алдына ауданнан үш үй әкеліп тігіп, астанадағы зиялы қауымды жинап, еске алу күнін өткіздік. Осы жиынның ішінде болсын деп ақсақалға телефон шалдым. Димеең ертең Түрген ауылында өзінің атындағы мектеп ашылатынын, соған шақырылып қойғандығын айтты.
Ертеңіне үйіне соғып, астан ауыз тигізе отырып, Ықыластың негізгі тойының күзде болатынын айтып арнайы шақырдым.
-Айналайын, міндетті түрде барамын, өткен жолы Талас еліне соғып, Сарысу елі бұрыстау болған соң бара алмап едім, енді міндетті түрде барамын деген уәдесін алып қанаттанып қайтып едім.
Бұдан кейін аракідік телефон шалып, денсаулығын сұраған кезде, атымды айтпай-ақ, ә, Сарысудағы әкім балам халің қалай – деп байқампаз, танығыштығын көрсетіп қайран қалдыратын. Сүйтіп жүргенде не керек, сол жылдың тамызында үлкен жүрек соғуын тоқтатты деген қайғылы хабарды естігенімде сол сәт тіршілік тоқтап қалғандай әсер етті. Қазаға шара бар ма? Оған кім қарсы тұрған? Бүкіл халық сияқты мен де көздің жасын сығып алып, топырағың торқа болсын деп тіршілік күйбеңіне кірістім. Қолымнан келгені өздеріңіз көріп отырған суретін үлкейтіп төріме іліп қойдым. Күнделікьі көрген сайын Димекеңнің маған берген батасындай жадымда сақталып қалған: — «Халқыңа адал қызмет ет, сонда халқың сені де құрметтеп, ұмытпайды» деген сөзін қайталап тұрғандай болады. Сосын мен де осы сөз қамшы болғандай халыққа қызмет ету борышым деп тырбанамын.
Ал ұлағатты ұлы кісінің сөзін қалай атқарып жатырмын, оған құдай куә, бағасын халық берер деп жүріп жатқан жәйім бар.
Әбдіманап Көпберген
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
жауапты қызметкері