Бейбіт Ыстыбаев «Әлем Барысында» Бройсонға жіберген есемді қайтарамын

Жылдың ең айтулы аламаны «Қазақстан Барысы» турнирінде дес бермей, Жамбыл облысының мерейін үстем еткен балуандарымыз Бейбіт Ыстыбаев, Айбол Айтбек, Дәулетхан Жақыповтардың жеңісі, сөзсіз, ерлік. Міне, осы жамбылдық жампоздарымызды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жанкүйерлер «Әулиеата» әуежайында қарсы алып, құрмет көрсетті. Айтыскер ақын Әсет Дүйсебаевтың жыр шашуымен ашылған шарада аймақ басшысы сөз алып, балуандарға алғысын білдірді. Сөйтіп, облыс әкімі Бейбіт Ыстыбаевқа 5 000 000 теңге, Айбол Айтбекке 1 000 000 теңге және Дәулетхан Жақыповқа 500 000 теңге көлеміндегі сертификат табыс етті. Сонымен қатар, қазақ күресінің «қаршығасы» аталып жүрген Дәулетханға «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапат ұсынды. Бұдан бөлек, сый-құрметтен балуандардың бапкерлері де тыс қалған жоқ. Ал ертесіне өңірлік коммуникация қызметінде жеңімпаздарымыз БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Осы брифингте балуандарымызға бірқатар сауалдарымызды қойып, алдағы жоспарларын білген едік

— Бейбіт, Жамбыл жұртшылығына сыйлаған жеңісіңмен құттықтаймыз! Десе де, қазір «Бейбіт Ыстыбаев спорттық жолын аяқтамақ, үлкен спорттан кетпек» деген әңгімені жиі естиміз. Осы қаншалықты шындыққа жанасады?

— Иә, жарыстан кейін берген сұхбатымда осындай сөз айтқаным рас. Мен бұл шешімді артымнан ерген өзге жамбылдық балуандарға мүмкіндік беру үшін қабылдадым. Өздеріңіз көргендей, келер жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде облыс намысын қорғайтын Айбол Айтбек пен Дәулетхан Жақыповтай мықты балуандар шықты. Мен осы жігіттердің жеңіске деген жігерін көргеннен кейін, енді «Қазақстан Барысына» қатыспаймын деп шештім. Бірақ бұл қазақ күресінен, үлкен спорттан түбегейлі қол үземін дегенім емес. Қазіргі мақсатым — «Әлем Барысы» турнирінде Бройсонға жіберген есені қайтару. Екі жыл бойы осыны ойлап келемін. «Әлем Барысы» атағын өз ұлтымызға, жерімізге қайтарсам деймін. Міне, осы арманыма жету үшін көп ұзамай «Әлем Барысына» дайындықты бастаймын.

— Бұл мақсатыңа жетуіңе біз де шын жүректен тілектеспіз. Алайда «Әлем Барысы» турнирі өткеннен кейінгі жоспарың қандай?

— Сөзіңіздің төркінін түсініп отырмын, дәл қазір осындай қызметке, әлде басқа салаға бет бұрамын деп айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді. Егер лауазымды, жауапты жұмыстар ұсынып жатса, неге істемеске!

1467888799_img_6277

— Үш дүркін «Қазақстан Барысы» атануың бұрынғы бапкерің Елдос Далабайдың арқасы ма, әлде қазіргі бапкеріңнің бе?

— Бұл жеке өзімнің еңбегім. Ана бапкер мықты, ана бапкер әлсіз деп айтуға болмайды. Мықты спортшы қандай бапкермен жаттықса да, өзінің талантын көрсетеді. Мен боз кілемде сол талантымды таныттым, шеберлігімді дәлелдедім.

— Айбол, бұған сенің ойың қалай? Жалпы, биыл жамбылдық балуандардың жолы болып кетті ма?

— Жоқ, бұл — адал еңбектің әділ бағасы. Біздің аянбай тер төккенімізді халық көрді. Турнирдегі ең жеңіл салмақты балуанның бірі мен болғандықтан, әрбір жеңісім үлкен еңбекпен келді. Бұл — сәттілік емес, жамбылдық балуандардың шеберлігі. Жеңіске деген жігерінің арқасында келген олжа.

— Жартылай финалда шымкенттік балуан Жұманазар Ерсұлтановпен белдестің. 160 келілік алыппен күш сынасу саған оңай болмағанын ел көрді. Тіпті, негізгі уақытта жеңілмедің де. Осы жекпе-жекте қандай тактиканы ұстандың?

— Жұманазарды жеңу оңай болмасын бірден білдім. Және қоян-қолтық белдесуге дейін апармау қажеттігін түсіндім. Сондықтан ә дегеннен шабуылға шығып, ширақ қимылдауға бел будым. Мұндағы ойым, егер мен әдістер жасап, қарсыласым сылбыр күрессе, оған ескерту бере ме деген жоспар болды. Бірақ барлығы сен ойлағандай бола бермейді. Жекпе-жек жеңімпазы қоян-қолтық белдесуінде анықталды. Ол кезде мен еш әрекет ете алмадым.

— Дәулетан, қазір тек жамбылдықтар ғана емес, еліміздің күрес сүйер қауымы өзіңді қазақ күресінің «қаршығасы» деп таниды. Алдыңғы жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде оны дәлелдеп, «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болдың. Десе де, жарақатыңа байланысты бір жыл спорттан қол үзіп қалдың. Осындай үзілістен кейін қайта боз кілемге оралу қиынға соқпады ма?

— Шындығы керек, менің алмаған жарақатым жоқ. Әрине, спорт болғаннан кейін ол заңдылық та шығар. Бірақ спортта биікке жету үшін үзіліссіз жаттығу қажет. Бір жылғы емделуімнің турнирде кері әсері болды. Алайда мен оған бой алдырмай, барымды салдым. Төртінші орынға табан тіредім. Бұл да жаман жетістік емес.

— Әңгімелеріңе көп рақмет, өздеріңді тек жеңіс тұғырынан көрейік!

Саятан Сатылғанов