Екібастұзда көп балалы отбасылар мен медиктерге пәтерлер берілді
Екібастұзға жұмыс істеуге келген 28 медициналық қызметкерлер пәтер кілттеріне ие болды.
Павлодар облысына қызмет бабымен келген медиктердің қатарында акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, жалпы тәжірибе дәрігерлері және басқа да өңір үшін қажетті мамандық иелері бар. Олардың бәрі Мәметова көшесіндегі жаңа үйден пәтерлер алды. Айта кету керек, бұл шағын ауданда «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген көп балалы отбасылар да тұрады.
— Жас мамандарға осындай әлеуметтік қолдау көрсетіп жатқан өңір басшылығына алғысым шексіз, — деді Семейдегі медицина университетін тәмамдаған Тоғжан Сағарбекова. – Тұрғын үй мәселесі шешімін тапқанда жұмыс істеу де жеңіл болады.
Жаңа пәтерлердің иелерін қоныс тойымен өңір басшысы Болат Бақауов құттықтады. Оның айтуынша, облысқа қажетті мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге әзірлік жүріп жатыр.
— Біз аймағымызға жұмыс істеуге келген дәрігерлерді екі жыл ішінде арендалық тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз, — деді ол. – Баршаңызға қоныс тойы құтты болсын!
Сонымен қатар, жаңа үйлерден Бабажановтардың көп балалы отбасы да пәтер алды. Бұл отбасы төрт бала өсіріп отыр.
— Біз бұған дейін бір бөлмелі пәтер жалдап тұрдық, одан кейін бір бөлмелі қызметтік пәтер алдық. Алайда, алты адам бір бөлмеде тұруы өте қиын, — дейді отанасы Мейрамгүл Бабажанова. – Кең әрі жайлы баспанаға ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Балаларға да жаңа пәтер өте ұнады.
Бабажановтармен бірге тағы да 24 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады.
Әлихан Рахметоллаұлы