22-27 тамыз аралығында өткен «Worldskills Kazan» 45-ші әлемдік чемпионатынан маңғыстаулық студенттер жүлдемен оралды
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Қойжанов мәлімдеді.
Татарстан Республикасының астанасы Қазанда өткен чемпионатқа әлемнің 63 елінен, 1354 қатысушы жиналды. Олардың ішінде 34 қазақстандық бар. Олар қызмет көрсету саласы, көлік және логистика, шығармашылық және дизайн, өндіріс және инженерлік технологиялар, құрылыс және құрылыс технологиялары, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар сияқты алты бағыттағы мамандық, 56 құзыреттілік бойынша бәсекеге түсті.
Қазақстаннан барған 34 қатысушының үшеуі — маңғыстаулықтар. Олар Маңғыстау туризм колледжінің студенттері: «Нан пісіру шебері» құзыреттілігі бойынша Марқабаева Әсем, «Кондитер ісі» бойынша Кабиева Камила, «Қонақүй әкімшілігі» бойынша Санаилова Сервана бақтарын сынады.
Сонымен қатар чемпионат аясында жас кəсіби шеберлер арасында өткен «Juniorskills Kazan 2019» чемпионатына да Маңғыстау облысынан 2 қатысушы қатысты. Олар «Мейрамхана ісі» құзыреттілігі бойынша Маңғыстау туризм колледжінің студенті Унайбаев Ренат және «Майлау жəне безендіру жұмыстары» құзыреттілігі бойынша Жаңаөзен қызмет көрсету жəне жаңа технологиялар колледжінің студенті Тұрар Ердаулет 2 орын «Күміс медаль» иегері атанды. Ал Қазақстан 63 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 14- орынды иеленді.
«Маңғыстау облысының колледждері Worldskills халықаралық стандарттарын жүзеге асыру бойынша Ресей федерациясының аймақаралық құзыреттілік орталықтарымен келісім-шарт жасап, ынтымықтастықта жұмыс жасау мүмкіндігін алды. Енді Корея, Қытай, Финляндия, Франция, Ирландия т.б. мемлекеттердің тәжірибесін тыңдап, кәсіби байланысты дамыту жолдары қарастырылуда», — дейді мамандар
Бұл чемпионат жастарға өздерінің шеберліктерін кәсіби деңгейде көрсетіп, білімі мен біліктілігі арқылы болашақта мамандық таңдауларына да үлкен мүмкіндік болмақ. Айта кетейік келесі чемпионат 2021 жылы Шанхай қаласында өтпек.