ПМУ түлегі өзінің мамандығы бойынша үздік атанды

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі Раушан Ахметқалиева «Өз мамандығының үздігі» байқауының жеңімпазы атанды. Үздік мамандарды іріктеу Татарстан Республикасының Альметьевка қаласындағы «Татнефть» компаниясының өндірістік алаңында өтті.

Қазіріг таңда Раушан Ахметқалиева Павлодар мұнай-химия зауытының химиялық сараптама зертханашысы болып жұмыс істейді. Республикалық деңгейде өткен «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының ақтық мәресінде бірінші орынға ие болған соң ол Татарстандағы байқауға жолдама алды. Еліміздегі ақтық сайыс «ҚазМұнайГаз» компаниясының өндіріс аалңында өткен еді.

«Татнефть» компаниясы кадрларды даярлау Орталығының базасында қатысушылар теориялық білімін тексеру кезеңінен өтіп, кейін компанияның Альметьевка және Бугульма қалаларындағы өндірістік алаңдарында байқаудың тәжірибелік бөліміне қатысты.

— Байқауға «ҚазМұнайГаз» компаниясының Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Павлодардағы зауыттарының жұмысшылары қатысты. Конкурс екі кезеңнен тұрды: тестілеу және дизель отынының қышқылдығын анықтау сараптамасын өткізу, — дейді Раушан Ахметқалиева.

Нәтижелерді шығаруда зертханалық жұмыстардың техникасы, сараптаманы жүргізу жылдамдығы бағаланды.

«Татнефть» кәсіпорнының мамандары сарапшы болды. Байқау қорытындысы бойынша бірнеше категория бойынша жеңімпаздар анықталды.

Әлихан Рахметоллаұлы