Павлодарлық жас шахматшы әлем чемпионатында үздік ондық сапынан көрінді

Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында кадеттер арасында жылдам шахмат және блиц бойынша шахматтан ІІІ әлем чемпионаты өтті.

— Аталмыш зияткерлік жарыста №8 мектеп-лицейінің 1 «Ә» сынып оқушысы Ахмет Сулейман 8 жасқа дейінгі ер балалар арасында блицте 142-ден алтыншы орынға ие болды,  — деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бақдәулет Нұрмат.  — Жаттықтырушы Сергей Мансуровтың жетекшілігімен Сулейман жарты жыл бойы шахматпен айналысады. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет қалалық және облыстық жарыстардың жеңімпазы атанған.

Бұған дейін жас шахматшы облыстық білім басқармасына қарасты  аймақтық оқу-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен 2018 жылдың желтоқсан айында мектеп жасына дейінгі балалар арасында өткен «Жұлдызды дебют» облыстық турнирінде бірінші орын алған.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы