Павлодар қаласындағы мектепте тұңғыш домбыра кабинеті ашылды  

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың шілде айындағы Домбыра күні мерекесі кезінде еліміздің мектептерінде домбыра үйрену сабақтарын ашуды ұсынған еді. Президенттің ұсынысын жүзеге асыру шеңберінде облыс орталығындағы №30 ЖОББМ-де тұңғыш домбыра кабинеті ашылды.

Домбыра кабинетінің ашылу салтанатына Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов пен домыбар шебері, халық әндерінің орындаушысы Нұрбек Әділбеков қатысты.

— Домбыра – халқымыздың ұлттық құндылығы, — деді Қайрат Нүкенов. – Бұл аксиома өскелең ұрпақтың жадына жас кезінен сіңірілуі қажет. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде домбырада үлкен роль атқарады.

Нұрбек Әділбеков жеткіншектерге бата беріп, домбыра аспабын меңгеруде сәттілік тіледі. Қарт шебер өз қолымен жасаған домбыраны бесінші сынып оқушысы Рамазан Сағындыққа тарту етті. Домбыра үйірмелеріне қазірдің өзінде 2-11 сынып оқушыларының арасынан 35 бала жазылып үлгерді.

— Мектебімізде домбыра үйірмесі ашылғанына қуанып отырмын, — дейді Рамазан Сағындық. – Домбыраны жаңа үйреніп жүрмін. Болашақта өз күйлерімді шығарсам деген ойым бар.

№30 мектепте домбыра сабақтары екі ауысымда өтетін болады.

— Мектептің өзінің домбыра оркестрін құруды жоспарлап отырмыз, — деді мектеп директоры Ажар Текжанова. – Кабинетке 12 домбыра аспабын сатып алдық.

Айта кету керек, Білім күніне арналған салтанатты іс-шарада қала әкімі Қайрат нүкенов №18 ЖОББМ-ің ұжымына домбыра сыныбын ашу үшін 3 миллион теңгенің сертификатын сыйлаған еді.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы