Павлодарлық жедел жәрдем станциясының диспетчерлері екі рет телефон арқылы жүкті әйелдерді босандыруға көмектесті  

 

Павлодар облысының жедел жәрдем станциясында «қоңырауды ұстап тұру» функциясының жұмысының нәтижелері қорытындыланды. Жаңа функцияның арқасында 65 науқасқа уақтылы көмек көрсетілген. Бұл функция маусым айының соңында іске қосылды.

Аталмыш функция бойынша жедел жәрдем диспетчері қоңырау қабылдаған соң, оқиға орнына медициналық бригаданы жіберумен қатар жарақаттанғанның жанындағы адамдарға кеңес береді. Статистика көрсеткендей шақырулар барысында балалардың фибралды түйілууі, түрлі деңгейдегі күйіктер және тыныс жолдарына бөгде заттардың түсуі кезінде медициналық маманның кеңесі өте қажет.

— Екі шақыру барысында диспетчерлеріміз телефон арқылы жүкті әйелдерді босандырып алуға көмектесті, — дейді облыстық жедел жәрдем сатнциясы бас дәрігерінің орынбасары Ольга Вербовая. – Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен кезде балалар дүниеге келіп, оларды аналарымен бірге перзентханаға жеткізу ғана қалған болатын. Екі рет 103 қызметінің диспетчерлері Маралды көлі мен Усолка өзеніндегі демалушыларға суға батып кете жаздаған адамдарға алғашқы көмек көрстеу бойынша кеңес берді.

Медиктердің ақпараты бойынша екі жағдайда да сол жердегі адамдар жедел жәрдем бригадасы келгенше қажетті көмек көрсетіп үлгерген. Кей жағдайда, қоңырау шалған адамдар саасқалақтап, диспетчердің нұсқауларын орындаудан бас тартқан. Алайда, жедел жәрдем тез арада жетіп, дер кезінде медициналық көмек көрсетіп үлгерген.

 

Әлихан Рахметоллаұлы