Павлодарда «Ертіс думаны» туристік мерекесі өтті
Дәстүрлі «Ертіс думаны» мерекелік іс-шарасының шеңберінде өткен туристік мүмкіндіктердің «Туризм PVL-2019» өңірлік жәрмеңкесінде облыстың және РФ-ың көршілес аймақтарының туристік потенциалы таныстырылды. Өңірлік туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша көрмеде облыстың барлық аудандары өздерінің туристік маршруттарын таныстырды.
— Бүгінгі жәрмеңкеге Шығыс және Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының өкілдері де келді, — деді Марат Айдашев. – Ресейдің Алтай өлкесінің делегациясы да өздерінің туристік маршруттарын таныстырып, жергілікті туроператорлармен байланыс орнатты.
Ақсу қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Майманова Дина қонақтарға үш туристік бағыт бойынша маршруттарды ұсынды. Олардың ішінде қаланың көрнекті орындары көрсетілетін сауықтық, АФЗ мен ЕЭК қала құраушы кәсіпорындарын аралайтын өнеркәсіптік және Қазанғап би, Тастеке ата, Мерғалым қажы секілді тарихи тұлғалардың зираттарына зиярат етілетін танымдық бағыттар бар.
— Биылғы жылы Аққулы ауданындағы көлдерде бес мыңға жуық туристер демалды, — деп хабарлады аудандық әкімдіктің өкілі Әлімов Бауыржан. – Қыркүйек айының ортасына қарай «Қарбыз фестивалі» өтеді. Ауданда қарбыз, қауын және асқабақтың сексенге жуық түрі өсіріледі.
Барнауыл қаласынан келген өлкелік туризм және курорттық қызметті дамыту жөніндегі басқарманың өкілі Елена Линкина өткен жылы Алтай өлкесіндегі курорттарда 20 мыңға жуық қазақстандық демалғанын айтты.
— Біз ең алдымен Белокуриханың санаторийлерінде емделуді ұсынамыз. Сондай-ақ, Алтайдағы бес мыңнан астам тұзды көлдерде керемет демалуға болады, — дейді Елена Линкина.
«Ертіс думаны» мерекесінің шеңберінде туристік көрмеден бөлек Ертіс өзені арқылы қайықтармен жүзіп өткен жастар Ертістің жағасындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, экологиялық акция ұйымдастырды.
Әлихан Рахметоллаұлы
Суреттерді түсірген Оразбек Саяхат