Павлодарда «Қарбыз FEST» фестивалі өтті

 

Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қарбыз FEST» облыстық фестиваліне облыс орталығындағы  оқу орындарының еріктілер жасақтары, ауыл жастары, өңір қонақтары қатысты.

Аққулы ауданы Шарбақты ауылындағы  «Сүйрік» шаруа қожалығының басшысы Арсен Абдрахманов фестивальге орай демеуші ретінде елуден астам қарбыз алып келген.

— Біздің қарбыздарымыздың құрамында селитра жоқ, — дейді Арсен Әбдірахманов. — Таза табиғи өнім. Бала кезімде әкем қауын егумен айналысатын. Бұл отбасылық бизнес. Жыл сайын ауа райына байланысты қарбызыдң он беске жуық түрін егеміз. «Леди», «Фараон», «Холодок» деген сұрыптар танымал. Сексен күннің ішінде піседі. Жылына 250-300 тонна өнім жинаймыз. Тұқымдарын Ресей мен Қытайдан әкелеміз.

Еріктілер орталығының жетекшісі Саягүл Серікбекқызының айтуынша, бүгінгі шарада бірнеше алаң жұмыс істейді. «Bon appetite» кезеңінде ұлдар мен қыздар уақытқа қарбыз жеуден жарысса, «HeavyҚАРБЫЗ» бөлімінде қарбызды көтеруден сынға түсті.

Сонымен қатар, №1 көркемсурет мектебінің оқушылары натюрморттан, сервис және тамақтану колледжінің студенттері «АРТбуз» алаңында қарбызды әдемілеп безендіруден шеберлік сыныбын ұйымдастырды.

— Былтыр фестивальді Batyr mall ойын-сауық орталығының аумағында өткізген болатынбыз, — дейді Саягүл Серікбекқызы. — Биыл Жастар жылы аясында еріктілер жасақтары арасында өтті. Бұл жолы қатысушылардың саны артқаны байқалады. Ауылдық аймақтар мен қалалардан келіп отыр. Мұндағы басты мақсат — жергілікті бақша өнімдерін өндірушілерді насихаттау болып табылады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

Материал «Pavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды