Павлодарлық жас астрономдар халықаралық экспедицияға қатысты
«Антарес» астроклубының тәрбиеленушілері метеорит кратерін зерттеу жөніндегі халықаралық экспедицияға қатысты. Оқушылар сарайында өткен баспасөз жиынында «Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнар Баубекова және тәрбиеленушілері Алексей Беличенко мен Әмір Каратай Жаманшың кратерін зерттеу бойынша экспедицияның қатысушылары болғанын айтты.
Жаманшың — метеоритті кратер, ғарыштан шыққан ерекше табиғи нысан. Жерге құлаған метеорит нәтижесінде пайда болған кратер Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орналасқан. Кратер шамамен 1 миллион жыл бұрын пайда болған. Кратер — еліміздің ерекше қасиетті нысандарының бірі болып табылады.
— Экспедициядан соң Ақтөбе қаласының тарихи мұражайында Жаманшың кратеріне арналған конференция өтті, — дейді Гүлнар Баубекова. – Бұл жерде Жаманшың кратеріне әлемдік деңгейдегі геобақ мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұл біздің Жаманшыңға барған соңғы сапарымыз емес. Мен «Антарес» клубының барлық тәрбиеленушілерін осы жерге әкелемін деген жоспарым бар. Сондай-ақ экспедицияға Қазақстан және Ресейдің астрономия және геология саласының атақты ғалымдары қатысты.
Жас астрономдар жиында кратерді жүріп өткендігі туралы баяндап, жер бетінде табылмайтын ғарыштан шыққан әйнектерді тапқандарын айтты.
— Экспедицияға барған кезде күркелерде тұрып, төтенше жағдайда өмір сүруге үйрендік, — деді Алексей Беличенко. – Түн мезгілінде жұлдызды аспанды бақыладық, экспедицияда телескоп болды. Бұл жерде аспан өте ашық екен. Сондықтан біздің бақылаулар ерекше болды. Әмір екеуміз ғылыми жұмысымызға қажетті деректер жинақтадық. Оны біз жақында аймақтық конференцияда ұсынамыз.
Айта кетейік, аталмыш экспедиция Ақтөбе облыстық планетарийдің бастамасымен өткен болатын.
Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды