Қазақы дәстүр мен ұрпақ тәрбиесі
Жамбылдағы «Елдік елге байланысты» атты форумда бала тәрбиесі мен кейінгі ұрпақтың жадын жаңғырту төңірегінде де орамды ойлар айтылды. Жиында облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген қазақы дәстүрдегі бала тәрбиесі, той мәдениетіндегі даңғазалық туралы кеңінен әңгімеледі.
— Тоқсан тоғыз түйіннің бір ұшы – отбасындағы бала тәрбиесімен өрілмеуші ме еді? Отбасы қалай десек те тәрбиенің негізі қалыптасатын ордалы мекен, киелі орын. Қазақ баласын – ұл немесе қыз деп бөлмеген. Бірақ, дәл өрілген мақал-мәтелдерімен, тағылымы мол аңыз әңгімелерімен ұл балаға бөлек, қыз балаға бөлек тәрбие бере білген дана халық.
Ал, бүгінде осы бір ұлы қасиеттерден арамыз алшақтап бара жатқандай күй кешіп жүрміз.Кейде той мәдениеті туралы сөз қозғап, оның әбден жаттанды,жұртты ығыр қылған жағын айта қалсақ «Қазақ шаршаса тойдан шаршасын, Тәңірім халқымды осындай той-думаннан айырмасын» деп тереңіне мән бермей, көңіл көтеретін тұстарын алдыға шығара саламыз.
Әңгіме «осы бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па?» деген сауалға келіп тірелетін көп жағдай туралы болып отыр. Иә, «біздің бабаларымыз бір заманда атақты байға ас беріліп, 620 жылы, 200 қой жұмсаған екен» деген деректі білеміз. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілген деген сөз де рас. ХІХ ғасырда Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға кеткен қаржымен пара-пар түскендей екен. Қазір де аста-төк дүниені шашып жатқандар аз емес.
Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді. Мұны да ойлап қою керек шығар, –деді халық қалаулысы Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Бүгінде жастар саясатына айрықша көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Мемлекеттік саясаттың негізі де осы бағытқа ауқымды бағытталған. Десе де жастардың күнделікті смартфонға үңілуі, теледидарға телміруі кең етек алып барады. Тіпті бүгінгі жас тәлім-тірбиені ғаламтордан алып жатқаны да рас. Форумда сөз алған келесі спикер еңбек ардагері, қазыналы қария Әбілқасым Ергебеков осы мәселе төңірегінде тереңнен ой қозғады.
–Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды деп білемін.
Кәрілік адамды қартайтпайды. Адамды қол қусырып отырған қартайтады. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік –зая кетеді. Бала тәрбиесінде ұсақ дүние болмайды. Балаға ұл, қыз демей өздеріне өздері қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған. Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар жұмыс бар. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген ақылды, зерек жастардың таудай талабы қуантады.
Десе де бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл жастар арасында өз өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң соны оқисың» дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ма? Расын айту керек бүгінгі қоғамда кейбір ата аналарға да тәлім керек. Осы мәселеге уақыт оздырмай әсер етуіміз қажет деп ойлаймын, –деді қария.
Дедек Төлен