«Мырзахметовтің жобасы» Жамбылда жүзеге аса бастады  

«Қарапайым заттар экономикасын» қарышты дамытуға қатысты жамбылдық жоба Үкімет үйінен қолдау тапқаннан кейін, өңірде алғашқы аяқ алысын бастады. Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданында болып, пилоттық округ ретінде таңдалынып алынған ауылдың барысын бағамдаса, бүгін Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келді. 

 

     Аймақ басшысы алдымен тұрғындардың тұрмысын арттырудың пилоттық жобасына енген аудандағы Ақтөбе ауылдық округіне ат басын бұрып, тұрғындармен тілдесті.
Кездесу барысында ауылдықтардың аталған жоба аясында атқарар жұмыстары, жоспарлы-шаралары тыңдалды. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы жобаның Үкіметтен қолдау тапқаны, ендігі кезекте оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын жасаудың сәті туып отырғанын жеткізді.
Бұған дейін сан рет сараланып, есеп-қисабы жүргізілген жобаны әзірлеу барысында облыстағы барлық ауданның әрбір елді мекені назарға алынып, экономикалық-әлеуметтік төлқұжаты жасалған болатын. Оған аймақ басшысының өзі тікелей басшылық етті.
Аталған төлқұжатқа сәйкес Ақтөбе ауылдық округінде 494 аула бары анықталған. Округтің орталығы – Бәйтерек ауылы. Бұдан бөлек Күркүресу станциясы, Жаңаталап, Ақтоған елдімекендері де осы әкімшілікке қарайды. Ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарындағы барлық жер көлемі 78,0 гектарға тең. Бұл жерлерді ұтымды ұқсатып, қомақты табыс көзіне айналдыру – қолға алынған ауқымды жобаның бес бағытының біріншісіне белгіленген.
Кездесу барысында тұрғындар аймақ басшысының бастамасымен қолға алынғалы жатқан жобаның бастауы – пилоттық кезеңіне енгендеріне ризашылықтарын білдірді. Ақтөбеліктердің дені 2,5 пайызбен әрі тиімді шарттармен берілетін несиеге қол жеткізуге асық. Олардың бірқатары осынау қолдау арқылы үй іргесіндегі жерінің игілігін көру жолында тер төгуге дайын болса, енді бірі мал шаруашылығы арқылы тұрмыс шырайын арттырмақ ниетте. Бұған дейін де шаруасын шалқытып келгендер өрісін одан да кеңге салуды көздейді. Десек те тұрғындар арасында жобаның мән-мақсатын жете түсінбей, іске асыру тетіктеріне қатысты сауалдарын жолдады. Оған аймақ басшысы нақты жауаптар беріп, бұл бастаманың басты мақсаты түгел тұрғынды қамту екенін айрықша атап өтті.

Дедек Төлен