Жамбылдық жобаны жұртшылық қызу қолдауда Облыс әкімі А.Мырзахметов таластық тұрғындармен жүздесуде
Жамбыл жерінде «Қарапайым заттар экономикасын» қарышты дамытуға бағытталған қанат қақты жоба жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Үкіметтен қолдау тауып, сан мәрте сүзгіден өтіп, таразыға таразыланған жобаны қара халыққа жіті түсіндіру, әрі таңдап алынған пилоттық округтердің барын бағамдау бойынша апта басынан облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарға жұмыс сапарымен шыққан болатын. Күні кеше аймақ басшысы Жамбыл мен Жуалы аудандардың әлеуетін зерделесе, енді бүгін Талас ауданына табан тіреді.
Аталған ауданда Үшарал ауылдық округі пилоттық елді мекен ретінде жобаға таңдалынып алынып отыр. Бұл ауылдық окруте тұрғындардың тұрмыс табысын арттыру негізінде жоспарланған жұмыстарды жүргізу бүгінде басталып кеткен. Ондағы үш елді мекенде барлығы 326 жеке қосалқы шаруашылық бар десек, 183 аулаға су тартылған, ал қалған 143 аула судың жоқтығынан үй іргесіндегі жерлерін ұтымды ұқсата алмай отыр. Десе де, қияр, қызанақ, картоп, қауын, қарбыз егіп шаш етектен табыс табуға талпынып отырған 261 аула бірінші бағыт бойынша өтінім беруде. Бұл туралы Талас ауданындағы аталған ауыл тұрғындарымен жүздескен облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жан-жақты баян етілді.
Жобаға қатысатын бұл аулалардағы жерлерді игеруге қажетті жалпы қаражат 13 691 963 теңгені құрайды. Оның ішінен өнімділікті арттыруға тікелей әсер ететін тұқымға, тыңайтқышқа және пестицидке қаржы қарастырылмақ.
Жобаға қатысуға ниет танытып отырған 261 ауланың 218-і округ орталығы – Үшаралда, 22-сі Арал, 21-і Қайыр елді мекендерінде орналасқан.
Екінші бағыт – мал шаруашылығын шалқытуға да ынта білдіріп отырғандар аз емес. Олардың дені қорадағы мал басын артырғысы келетіндер десек, төрт түлік арқылы тұрмысын түзеуге кіріскендер де жоқ емес екен.
Асқар Исабекұлы игі жобамен округтегі барлық ауланы қамтуға әрекет ету керектігін ескертіп, басқа бағыттардың да өзектілігін тілге тиек етті.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бірқатар қожалықтарды аралап, шаруалардың ұсыныс-тілектерін тыңдайды деп күтілуде. Сондай-ақ қалың бұқарамен берік байланыс орнату бағытында да бірқатар кездесулер өтпек.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Асқар Исабекұлы алдағы уақытта қалған жеті аудандағы пилоттық округтердің де барысын бағамдап, жұртшылықпен жүздеседі деп жоспарланып отыр.
Дедек Төлен