Қазақстанда 100 автогаз құю станциясы салынады

 

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Түркістан, Шымкент және Тараз өңірлерінің әкімдігі, шағын, орта және ірі бизнес субъектілерімен жиын өткізді.

Кездесулердің барысында сервис нысандарын дамыту, оларды Ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкестендіру, жол бойындағы кешендерге жер бөлу, қажетті коммуникацияларды өткізу және «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп жол бойында газ құю бекеттерін салу мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы жол бойында қызмет көрсететін 158 нысанының тек 32%, ал Жамбыл облысы бойынша 61 нысанның 41 % Ұлттық стандарттарға сәйкес. Жоспар бойынша ҚР-ның газ тартылған өңірлерінде 100 (жүз) автогаз толтыру компрессорлық станциясының құрылысы көзделген. Оның жанында кемпинг, қонақ үй, сауда орындарын, техникалық қызмет көрсету стансасын, автокөліктерді жуу орындарын, заманауи дәретханаларды, жеңіл және жүк автокөліктеріне арналған тұрақтарды орнатады. Сонымен қатар, дизельді отынды газға ауыстыру арқылы көлік шығындары азайып, экологиялық таза метан есебінен атмосфераға тигізетін зиянның көрсеткіші төмендейді.

Жиынның нәтижесі бойынша, өңір басшылығына жол бойындағы сервистердің қазіргі жағдайын жақсарту, ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру тапсырылды.

Еске салсақ, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ-ы Қазақстан Республикасында табиғи газды мотор отыны ретінде пайдаланудың өндіру-өткізу инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша меморандумға қол қойған болатын.

Меморандумның мәні – тараптар бірлескен жобалардың, оның ішінде халықаралық «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолының қазақстандық учаскесінде және республикалық маңыздағы автожолдарда көлікке газ құю бекеттері бар жол бойындағы сервистердің құрылысын жүзеге асыру туралы серіктестік.